Облыс әкімі Құмар Ақсақалов Петропавлдағы бірқатар құрылыс нысандарын аралап, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты.
Өңір басшысы ең алдымен “Жас өркен” шағынауданында салынып жатқан 900 орындық мектепке барды. Құрылысы 2017 жылдың желтоқсанында басталған білім ошағын жұртшылық асыға күтуде.
Бүгіндері үшқабатты ғимаратта ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Барлық сыныптар қажетті жиһаздармен қамтылған. Парталар мен орындықтарды жергілікті “Леонтьев” ЖШС-і дайындаған. Ал бір аптадан кейін Ресейден электронды тақталар мен ноутбуктер жеткізіледі. Қазіргі уақытта асхана мен спорт залдағы жұмыстар жалғастырылуда. Нысан биылғы жылдың ақпан айында пайдалануға берілмек.
Құмар Ақсақалов бас мердігер “Севимсталькон” ЖШС-нің басшысы Султанбек Газдиевке құрылысты сапалы жүргізуді міндеттеді.
– Соңғы жылдары облыста үш ауысымдық мектептердің санын қысқарту бойынша кешенді жұмыстар жүргізілуде. Былтыр “Береке” шағынауданында 600 орындық мектеп пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін Уәлиханов көшесінің бойында – 900, Бескөл ауылында 300 орындық білім ошағын ашуды жоспарлап отырмыз. Тайынша қаласында 600 орындық және Вишневка ауылында 120 орындық білім беру ғимараттарын салу жоспарлануда, – деді Құмар Іргебайұлы.
Бұдан кейін өңір басшысы Жамбыл көшесінің бойында тұрғызылып жатқан 93 пәтерлік тоғызқабатты тұрғын үйдің құрылысымен танысты. Баспананы Хайдар Атажанов басқаратын “Стройкомпания” ЖШС-і жүргізуде. Мұндағы атқарылып жатқан жұмыстар да көңілден шығады. Құрылысқа 70 адам жұмылдырылса, олардың басым бөлігі – тас қалаушылар. Қазір нысанда негізінен ішкі жұмыстар жүргізілуде. Баспананың бірінші қабатында мектепке дейінгі шағын орталық және емхана болады.
Құрылыс саласында өзіндік қолтаңбасы бар серіктестік басшысының айтуынша, “7-20-25” бағдарламасы аясында салынған үйдегі пәтерлердің бір шаршы метрінің бағасы 190 мың теңгеден басталады. “Қазіргі уақытта пәтерлер сатылуда. Бүгінге дейін бағдарлама аясында 57 солтүстікқазақстандық құжаттарын банктерге тапсырып үлгерді”, – дейді Хайдар Атажанов.
Құмар Ақсақалов ат басын бұрған келесі нысан – “Радуга” ЖШС-нің жеке индустриялық аймағында бой көтеріп жатқан көтерме-бөлу орталығы. Құрылыс жұмыстарына 1,2 млрд. теңге жұмсалған орталық 6 мың шаршы метр аумақта орналасқан. Онда бір уақытта 2,1 мың тонна өнімді сақтауға болады. Нысан наурыз айында пайдалануға беріліп, 50 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Серіктестіктің бас директоры Дмитрий Шарапаевтың айтуынша, орталық тауарларды қабылдап, буып-түюмен, пакеттеумен, таңбалаумен және таратумен айналысатын болады. Сондай-ақ, бұл жерде кедендік рәсімдер де жүргізілмек. Аталмыш нысанның ашылуы өңірдің транзиттік-логистикалық мүмкіндіктерін кеңейтіп, делдалдар мен алыпсатарлардың жолына тосқауыл қоймақ.
Бұдан кейін өңір басшысы “ПЗТМ” АҚ-ы аумағында жұмысын бастағалы отырған “Солтүстік фанера комбинаты” ЖШС-нің цехына ат басын бұрды. Жиырма жылдай бос тұрған бұрынғы құбыр зауытының ғимаратында шетелдік технология бойынша ламинатталған фанера шығарылатын болады. Жобаның жалпы құны – 1,7 млрд. теңге.
“Реформ Строй” ЖШС-нің бас инженері Айвас Батировтың айтуына қарағанда, қазіргі уақытта нысанда жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Цехқа Түркия мен Еуропа елдерінен сатып алынған заманауи құрал-жабдықтар орнатылады. Жоба толық жүзеге асырылған жағдайда 150 тұрғын жұмыспен қамтылатын болады. Еліміздегі теңдесі жоқ кәсіпорын жыл соңына дейін пайдалануға берілмек.
Петропавл темір жол вокзалының 1950 жылы пайдалануға берілген ғимаратында жаңғырту жұмыстарының екінші кезеңі жүргізілуде. Күрделі жөндеу жұмыстарының бірінші кезеңінде вокзал ғимаратының сырты мен шатыры жаңартылды. Ендігі кезекте вокзалдың орталық бөлігі, инженерлік желілер мен сыртқы электрмен қамту жүйесі жөнделуде. Жоба бойынша ғимаратқа екі эскалатор, жүк және жолаушылар тасымалдайтын үлкен лифт орнату, жолаушыларға арналған екі күту залын жабдықтау қарастырылған. Жаңғырту жұмыстарын толық аяқтау желтоқсан айына жоспарланған.
Қанат АТАМАНОВ,
“Soltústik Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Виталий ВЛАСЕНКО.