Сәбиіне «әлемнің жарығын сыйлайтын» ана мен оны аман-есен босандырып алған адам ғана толғақтың машақатын, ұрпақ сүюдің махаббатын сезінеді. Мыңдаған ананың алғысын арқалаған кәсіби маманның бірі – акушер Диана Тілегенова облыстық перинаталдық орталықта 22 жылдан бері табан аудармай еңбек етіп келеді. Осы уақыт аралығында ол 5 мыңға жуық ананы аман-есен босандырып, сонша шақалақтың кіндігін кескен.
Петропавл қаласындағы жоғары медициналық колледжді фельдшер-акушер мамандығы бойынша бітірген кейіпкеріміз еңбек жолын Қызылжар ауданындағы фельдшерлік пункте бастаған, 2 жыл өткен соң перинаталдық орталыққа акушер болып ауысады.
Ел арасында кіндік шешені өздері қалап алатындар көп. Алайда нағыз кіндік шешенің міндетін дәрігер-акушердің атқаратынына көпшілік мән бермейді. Өйткені өмірге келген сәбидің кіндігін кесетін – осы акушерлер.
– Дүниеге сәбидің келуі – өмірдегі ең керемет сәттердің бірі. Жүкті келіншекті алғаш рет босандырған кезде қуаныштан жылап жібергенім бар. Содан бері медицинаны, соның ішінде акушер мамандығын таңдағаныма ешқашан өкінген емеспін, – дейді ол.
Шыбын жаны шүберекке түйіліп, толғағы қысқан әйел мен сәбидің жанын сақтап қалудың қиындығы айтпаса да түсінікті. Ал ұзақ жылдар сәби сүюді армандап жүрген ерлі-зайыптының ата-ана атанғанын көру үлкен бақыт екенін осы көрініске куә болған акушер ғана сезінеді.
– Жылдар бойы нәрестелі бола алмай жүрген отбасылардың кішкентайлы болған кездегі қуанышына куә болу – ерекше сезім. Әсіресе, жаңа туған перзенттің кіндігін кесу кезіндегі сезімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Әр ауысымнан шыққан сайын «дүниеге ұлым мен қызым келді» деп қуанамын, – дейді маман.
Бірақ босандыру залындағы ахуалдың барлығы бірдей керемет бола бермейтіні анық. Босанар алдында жүкті әйелдің кенеттен қан қысымының көтерілуі, денсаулығының аяқасты нашарлауы іштегі баланың да өміріне қауіп төндіреді.
– Шақалақ шетінеп кетсе, бұл жағдайды анасына жеткізу – акушер үшін қиынның қиыны. Мұндай жағдайда әйелмен психологтар күні-түні жұмыс істейді, – дейді акушер.
Соңғы кездері босандыру орындарына қатысты «партнер» деген ұғым белең алды. Диананың сөзінше, жүкті әйелдерге көп жағдайда туған аналары серіктес болады. Серіктеске жүкті әйелдің босану кезіндегі іс-әрекеті алдын ала үйретіледі. Әйел аман-есен босанғаннан кейін мамандар шыр етіп жарық дүниеге келген шақалақты 2 сағатқа дейін анасының кеудесіне салады. Мұны перзентхана тілімен «жылу тізбегі» деп атайды. Аты айтып тұрғандай ана мен бала бір-бірінің жылуын, махаббатын сезінуі тиіс. Өкінішке қарай, кей кездері шақалақ күніне жетпей, денсаулығындағы қандай да бір кінәратпен дүниеге келіп жатады. Мұндай сәтте ақхалаттылар жаңа туған нәрестені бірден оттегімен жабдықталған кювез құрылғысымен балалар реанимациясына немесе балалар палатасына жеткізіп, шұғыл ем-дом жасайды.
Акушерлер бір емес, екі адамның өміріне жауапты екендерін жақсы біледі. Жарық дүние есігін ашуға асыққан сәбилер сағатқа қарамайтындықтан, әр минут санаулы. Орталықта бір уақытта егіздердің дүниеге келуі өте жиі орын алады екен.
Тәжірибелі маман қазіргі уақытта перинаталды орталықтағы босанғаннан кейінгі бөлімнің аға акушері болып жұмыс істейді.
«Перзентханада еңбек ететін акушер- гинекологтың жұмысы қателікті кешірмейді. Бұл жерде еңбек еткісі келетін дәрігердің бойында білім, біліктілік, мейірім, еңбек, адалдық секілді қасиеттер болуы тиіс. Соның ішінде ең негізгі қасиет – шыдамдылық. Әр жұмыс мұқияттылықпен, жауапкершілікпен атқарылуы керек», – дейді кейіпкеріміз.
Нәрестенің кіндігі кесілген сәтте жаңа өмірдің түндігі түріледі. Ал сол кіндікті кесіп, түндікті түріп жүрген Диана Тілегенова сынды ісіне адал, антына берік мамандар – қандай құрметке болсын лайық.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Soltüstık Qazaqstan».