Қазақ – салт-дәстүрге, ырым мен тыйымға бай халық. Соның бірі – беташар. Ғасырлар бойы қалыптасып, бала келіннің дана келінге айналуына үлкен септігі тиетін беташардың ғибраты мол, тәрбиесі ұшан-теңіз. Өткен жылы өнегелі салтымыз ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұрасының тізіміне енді. Алайда уақыт алға жылжыған сайын халқымыздың ертеден келе жатқан бұл дәстүрінің мазмұн-мағынасы бұрмаланып, жасалу әдебі көмескіленіп бара жатыр ма деген ойға қалып жүрміз.
Тарихқа көз жүгіртсек, ертеде беташар рәсімі той басталмай тұрып жасалған. Бұл туралы жазушы Мұхтар Әуезов «Қазақ халқының эпосы мен фольклоры» еңбегінде айтқан.
Дәстүр бойынша жаңа түскен келінді беташар жоралғысы жасалмастан бұрын әулеттің қыз-келіншектерінен басқа ешкім көрмеуі тиіс. Келін түсіруші үйдің иелері беташарды жас келінге жаңа ортасын, жұбайының ағайын-туысын таныстыру мақсатында жасайды. Қазаққа тән бұл дәстүрдің «тазарту» деген мағынасы да бар. Бұл жөнінде филология ғылымдарының кандидаты, доцент Самал Дәрібайұлының «Беташар және отбасылық ғұрыптардағы параллельдер» деп аталатын мақаласында былай деп жазылған: «Келін түсіруші жақ беташар жасау арқылы жас келінге келген ортасын таныстыра отырып, онымен бірге көзге көрінбес зұлым күш иелерінің ілесіп келмеуін де мақсат етеді. Келіннің қадамының құтты не құтсыз болуы оның түскен шаңыраққа тез сіңісіп кетуіне әсер етеді. «Келіннің аяғынан, қойшының таяғынан» деген мақалдың осындай жағдайларға байланысты айтылғаны хақ».
Этнограф Сейіт Кенжеахметұлының «Жеті қазына» кітабына үңілсек, онда Беташарға мынадай анықтама беріліпті: «Жаңа түскен келінді беташар дәстүрі жасалмай ешкім көре алмайды. Оны көру үшін әдейі беташар жасалады. Оған тойға жиналған туыс-туғандар тегіс қатысады. «Беташар» жыры айтыла отырып, келінге оның атасы, енесі, басқа туыстары таныстырылып, келін оларға сәлем салады».
Жасыратыны жоқ, қазіргі беташар рәсімі ұлттық салтымызды қорлауға, сайқымазақтыққа, «Беташар» жырын айтушының барынша молырақ көрімдік қарпып қалуына тырысқан көргенсіздігіне ұласып бара жатқан секілді. Келіннің бетін ашып жүрген кейбір асабалар кейде ерсі қылықтарға да бой алдырып жатады. Әсіресе тойға келген жандардан қайта-қайта ақша сұрау, қалтасындағы бар тиынын қағып алу сәнге айналғандай. «Беташар» жырын айтып тұрып, өзінің руын мақтап: «Қане, осы рудың қазақтары болса, қол көтеріңіздер!» деп буынсыз жерге пышақ ұратын асабалар көбейді. Олардың «Менің айтқан сөздеріме қол соқсаңыздар алақандарыңызға гүл шығады, шапалақ ұрмасаңыздар жүн шығады» деп өрілетін мағынасыз әзілін естігенде келген қонақ кірерге тесік таппай қалатыны жалған емес.
Жасы үлкен апа-ағаларымыздың өзі келіннің бетін ашарда орын алатын кейбір ерсі қылықтар үшін балаларының алдында ұялатындарын жасырмайды.
– Беташар келінге өсиет ретінде айтылуы керек. Келіннің бетін ашу – бұл қайыршылықпен айналысу емес. Беташар кезінде «Әкел, әкел, шығар, тағы да шығар» деп тойға келген халықты қинап, қалтасына ақша салып кеткенін қалап тұратын сұраншақ асабалар көбейіп кеткені қынжылтады. Тойға келген қаншама аға-апаларымыздың қоймай ақша сұрағанда қиналып, ұялып қалған кездерін көріп жүрміз. Бұлай сұрай беру – үлкен мәдениетсіздіктің көрінісі. Одан бөлек, беташарды фонограммамен, қазіргі заманауи музыкалық аспаптармен де өткізетіндер бар. Негізі келіннің бетін қазақтың қара домбырасымен, жанды дауыста ашқан дұрыс, – дейді зейнеткер Үміткүл Аяпова.
Біз пікірлескен аға буын өкілдері беташар басталмас бұрын ортаға табақ қою дәстүрі бертін пайда болғанын алға тартты. Жоғарыда пікірлерін мысал еткен ғалымдардың кітаптарында да «ортаға табақ қойылып, оған ақша салынады», деп жазылмапты. Ендеше бұл қайдан шыққан әдет? Өкінішке қарай, алдыңғы толқын өкілдерінің көбі бұл сұраққа мардымды жауап бере алмады. Қазіргі беташардың сәні мен мәні осы табаққа барып тіреліп тұрғандай. Тіпті ақша салатын сәт таяғанда, Абай атамыз айтқандай, «Өзінде бармен көзге ұрып» көрініп қалғысы келетіндердің қатары көбеюде. “Мен табаққа осынша ақша салдым” деп мақтанатындарды әр беташарда кездестіреміз ғой.
Біздің өңірімізде беташар салты көп жағдайда мейрамханада үйлену тойы басталарда жасалып жүр. Келінді бір апта, тіпті бірнеше ай бұрын түсірсе де, беташарды үлкен тойда қыздың туыстарының алдында жасау дәстүрге айналған. Жазушы Мұхтар Әуезов жоғарыда аты аталған еңбегінде: «Қазақ қоғамында беташар рәсімі тек күндіз өткен», – дейді. Бұл салттың жасалу уақытының өңірде бұрмаланып бара жатқанын осыдан-ақ аңғаруға болады.
– Мен келін болып түскенде, көрші- қолаң, жақын туыстар жиналғанша шымылдықтың ішіне отырғызып қойды. Беташар басталарда жігіт жақтан өнегелі екі абысын келіп, екі жағымнан қолтықтап ортаға шығарды. Термеші жігіт болашақ ата-енемді, күйеуімнің жақын туыстарын, түскен ортаны, әулетті таныстырды. Жалпы беташардың көздеген негізгі мағынасы да осы деп білемін. Бетін ашпай тұрып келінді «қызғыштай қору» маңызды. Ал беташар 1 ай өткен соң жасалса, үй иелері келінді ай бойы шымылдықтың ішінде ұстап отыра алмайтыны анық қой, бұл уақытта келімді- кетімді кісілер келінді көріп үлгереді, – дейді Шымкент қаласына келін болып түсіп, бүгінде Қызылжарда тұрып жатқан Ләззат Халджанова.
Біздің өңірде екі жастың үйлену тойын келін түскеннен кейін бірнеше ай өткен соң жасау дәстүрге айналған. Содан да болса керек беташар той басталардың алдында өткізіледі. Бұған ешкімнің дауы бола қоймас. Бізді келіннің беті ашылмай тұрып, күйеуінің туыстарына ақ жаулықсыз көрінуі алаңдатады. Ұлт жанашырларының да айтатын уәжі осы.
Келіннің бетін ашуға әбден машықтанған дәстүрлі әнші Біржан Есжан да беташардың жаңа түскен келінге арналып айтылатын өсиет екенін жоққа шығармайды. Оның айтуынша, беташар – қазақтың өлең сөзімен айтылатын эстетикалық, этикалық мағынасы бар дәстүр.
– Мен әдетте беташар жырын: «Бетіңді келін ашқаным, жаңа жұртқа қосқаным» деп бастаймын. Содан кейін жаңа түскен келінге өлеңмен жақтасып, ишарат, әдепті сақтай отырып сәлемін салдырамыз. Ертеде беташарды домбырамен ән айтатын ақындар, жыршылар ашқан. Ал қазір домбыра шерте білгеннің бәрі беташар өткізетін болып кетті. Өкініштісі сол қазіргі қоғамымызда беташарға немқұрайлы қарайтындар көп. Келін түсірген күні беташар той жасап, екі жастың үйлену тойында да сән үшін тағы да шағын беташар жасайтындар бар. Бұл қате, – дейді ол.
Соңғы кездері үйлену тойында бұрын тұрмыста болған келіншектің бетін ашып, сынның астына қалып жатқандар да аз емес. Мұны құптайтындар да, керісінше, беташардың қадірін кетіру деп бағалайтындар да бар.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Soltüstık Qazaqstan».
ТҮЙІН:
Қалай десек те беташар – қазақтың ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан өнегелі салты. Жас келіннің жарқын жүзіне тұтқан шымылдықтың ұшын ұстаған әрбір жастың немесе абысындардың ақ тілеуі, бетін ырымдап қария анаға аштыруы, қолтықтаған абысындар жолының жалғастығы – бәрі-бәрі елдің өсіп-өнуі мен өркен жаюына жасалған жақсы амалдар. Төркінінен жат жұртқа ұзап, ондағы жаңа отаудың түтінін түтетіп, саналы ұрпақ өрбіту ниетіндегі қадам алдында орындалатын теңдессіз салт-дәстүріміз келесі буынға шашауы шықпай жетсе екен.