Коронавирус инфекциясының таралуының алдын алуға өңіріміздегі тігін цехтары қол ұшын бермек. Сәбилерге және мектеп оқушыларына арналған киім тігетін фабрика негізгі тапсырыстарын қоя тұрып, маска тапшылығын жою мақсатында іске кірісті. Бұл күндері екі ауысымда қызмет етіп жатқан кәсіпорын соңғы екі-үш күннің ішінде бір мыңнан астам бетперде тігіп үлгерген.
Бүгінде аталмыш кәсіпорында қызмет ететін 20 тігіншінің жұмысы қауырт. Олар сапасы жоғары, бірнеше рет пайдалануға жарамды бетперделерді барлық медициналық талаптарға сәйкес дайындауда. Фабрика басшысы Әлия Бәшееваның айтуынша, бұл бұйымды тігуге тек жоғары сапалы маталар қолданылуда. “Біз мектеп оқушыларына арналған киімдерді тек экологиялық таза және 100 пайыз мақталы матадан тігеміз. Осындай материалдардан жасалған бетперденің де вирустан қорғау мүмкіндігі жоғарырақ болатыны белгілі. Сондықтан біз қорымызда қалған бар материалды түгелдей медициналық бетперде тігуге жұмсап жатырмыз. Қала ұжымдарымен келісімге тұрып, тек осы бағыттағы істі жүзеге асырудамыз”, – дейді Әлия Шериазданқызы.
Бүгінгі күнге дейін дайын болған тауардың бір бөлігі облыс орталығындағы “Аққайың” дәріханасына жөнелтілген. Медициналық ұйымдардан түскен сұранысқа орай фабрика алдағы күндері қосымша бір мың бетперде тікпекші. Сонымен қатар “СевКазЭнергосбыт”, “Солтүстік Қазақстан электр тарату компаниясы”, “Реамол СК” және “Эталон Авто” сынды ірі кәсіпорындардан тапсырыс түскен. Фабрика қызметкерлері екі ауысымда жұмыс істегенімен, тапсырыстарды уақтылы орындауда жұмыс қолының аздығы сезілуде. Сол себепті кәсіпорын еріктілердің көмегіне жүгінген. Арнайы тігіншілік даярлықты қажет етпейтін қызметтерді атқару үшін ұжым басшылығы цехқа қосымша жұмысшыларды алып, тапсырыстарды тез және сапалы орындауға ден қойған. “Тігіншілеріміз жеткілікті. Алайда, бетперделерді дайындау кезінде көп уақытты қажет ететін кішігірім жұмыстар көп. Соларды атқаратын адамдар қажет. Осы мәселені шешу мақсатында бір ұйыммен шарт жасасудамыз”, – дейді кәсіпкер.
Гүлбике КУБЕНОВА,
“Soltústik Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.