«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БЕТПЕРДЕ ТІГУГЕ КІРІСТІ

Коронавирус инфекциясының таралуының алдын алуға өңіріміздегі тігін цехтары қол ұшын бермек. Сәбилерге және мектеп оқушыларына арналған киім тігетін фабрика негізгі тапсырыстарын қоя тұрып, маска тапшылығын жою мақсатында іске кірісті. Бұл күндері екі ауысымда қызмет етіп жатқан кәсіпорын соңғы екі-үш күннің ішінде бір мыңнан астам бетперде тігіп үлгерген.

Бүгінде аталмыш кәсіпорын­да қызмет ететін 20 тігіншінің жұ­мысы қауырт. Олар сапасы жо­ғары, бірнеше рет пайдалануға жарамды бетперделерді барлық медициналық талаптарға сәйкес дайындауда. Фабрика басшысы Әлия Бәшееваның айтуынша, бұл бұйымды тігуге тек жоғары сапалы маталар қолданылуда. “Біз мектеп оқушыларына арнал­ған киімдерді тек экологиялық таза және 100 пайыз мақталы ма­тадан тігеміз. Осындай мате­риал­дардан жасалған бетпер­де­нің де вирустан қорғау мүмкіндігі жоғарырақ болатыны белгілі. Сондықтан біз қорымызда қалған бар материалды түгелдей меди­циналық бетперде тігуге жұмсап жатырмыз. Қала ұжымдарымен келісімге тұрып, тек осы бағыт­тағы істі жүзеге асырудамыз”, – дейді Әлия Шериазданқызы.
Бүгінгі күнге дейін дайын бол­ған тауардың бір бөлігі облыс ор­та­лығындағы “Аққайың” дәріха­на­сына жөнелтілген. Медицина­лық ұйымдардан түскен сұра­ныс­қа орай фабрика алдағы күн­дері қосымша бір мың бетперде тікпекші. Сонымен қатар “Сев­КазЭнергосбыт”, “Солтүстік Қа­зақ­стан электр тарату компаниясы”, “Реамол СК” және “Эталон Авто” сынды ірі кә­сіпорындардан тапсырыс түскен. Фабрика қызметкерлері екі ауы­сым­да жұмыс істегенімен, тапсы­рыстарды уақтылы орындауда жұмыс қолының аздығы сезілу­де. Сол себепті кәсіпорын ерік­тілердің көмегіне жүгінген. Ар­найы тігіншілік даярлықты қажет етпейтін қызметтерді атқару үшін ұжым басшылығы цехқа қосым­ша жұмысшыларды алып, тапсы­рыстарды тез және сапалы орын­дауға ден қойған. “Тігін­шілеріміз жеткілікті. Алайда, бетперделерді дайындау кезінде көп уақытты қажет ететін кішігірім жұмыстар көп. Соларды атқара­тын адамдар қажет. Осы мәселе­ні шешу мақсатында бір ұйым­мен шарт жасасудамыз”, – дейді кәсіпкер.

Гүлбике КУБЕНОВА,
“Soltústik Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp