«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БЖЗҚ ТУРАЛЫ БЕС САУАЛ

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (“БЖЗҚ”) АҚ өзінің “БЖЗҚ туралы 5 сауал” атты тұрақты айдарын жүргізуде, онда сіздер өздеріңізді қызықтыратын сұрақтардың жауабын таба аласыздар.

1. Өткен жылғы БЖЗҚ қызметінің нәтижесі қандай?

– 2014 жылдың наурыз айында жинақтаушы зейнетақы қорларының (ЖЗҚ) зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарттар бойынша зейнетақы активтері мен міндеттемелерін БЖЗҚ-ға қабылдау-өткізу рәсімі аяқталды, ол ҚР Ұлттық банкі бекіткен кестеге сәйкес 2013 жылдың қазан айында басталған болатын.

2015 жылғы 1 қаңтарда БЖЗҚ салымшыларының (алушыларының) жеке зейнетақы шоттарының (ЖЗШ) саны барлық шарт түрі бойынша 9 959 267 болды. Зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы 4,5 трлн. теңгеден асып түсті. 2014 жылдың 12 айында БЖЗҚ жасаған зейнетақы төлемдерінің көлемі – 93,04 млрд. теңге, оның ішінде сақтандыру ұйымдарына аударылғаны – 13,6 млрд. теңге.

2014 жылы БЖЗҚ қол жеткізген және салымшылардың (алушылардың) ЖЗШ-ына бөлінген инвестициялық табыс – 183,96 млрд. теңгеге жетті.

2014 жылғы БЖЗҚ зейнетақы активтерінің табыстылығы 6,31%-ды құрады, бұл 2013 жылы 2,2% болған ЖЗШ бойынша табыстылықтан елеулі түрде жоғары.

2. Салымшылар (алушылар) зейнетақы жинақтарының жағдайы туралы ақпаратты бұрынғыдай пошта арқылы ала ала ма?

– “Қазақстан Республикасындағы зейнетақымен қамсыздандыру туралы” Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес БЖЗҚ салымшыға (алушыға) зейнетақы жинақтарының жағдайы туралы ақпаратты кемінде жылына бір рет беруге міндетті. Жеке зейнетақы шотының (ЖЗШ) жағдайы туралы жылсайынғы ақпаратты алу тәсілін салымшы (алушы) өз бетінше анықтап, (ЖЗШ ашу туралы өтініште), зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартта немесе хабарлау тәсілін өзгерту (анықтау) туралы келісімде көрсетеді.

Зейнетақы шотының жағдайы туралы ақпаратты пошта арқылы хабарлаудың осы тәсілін бұрын таңдаған салымшылар (алушылар) ғана ала алады. Сондықтан салымшылар (алушылар) зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартта (ЖЗШ ашу туралы өтініште) хабарлау тәсілін өзгерту (анықтау) туралы келісімде қандай хабарлау тәсілі таңдалғанын қарауы керек. Пошта арқылы үзінді көшірме алып жүрген салымшының (алушының) мекен-жайы өзгеріп, бұл туралы БЖЗҚ-ға хабарламаған жағдай да кездеседі. Мұндайда оған жіберілген үзінді көшірме қорға қайтып келеді, ал БЖЗҚ зейнетақы заңнамасына сәйкес келесі жылы үзінді көшірмені жібермеуге құқылы. Пошталық мекен-жайының өзгергені туралы салымшы (алушы) БЖЗҚ кеңсесіне өзі немесе пошта байланысы не электронды пошта арқылы хабарлай алады. Тегін, атын, әкесінің атын, туған күнін, жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) көрсетіп, міндетті түрде жеке басын куәландыратын құжат көшірмесін тіркейді.

Одан әрі қарай салымшы (алушы) хабар алу тәсілін өзгерткісі келсе, оған “БЖЗҚ” АҚ-мен хабарлау тәсілін өзгерту (анықтау) туралы келісім жасау керек.

Салымшы (алушы) зейнетақы жинақтары туралы хабарлаудың төмендегі тәсілдерінің бірін таңдай алады:

1) электрондық – салымшының (алушының) электрондық мекен-жайына (e-mail) хабарлама жіберу;

2) салымшының (алушының) өзінің “БЖЗҚ” АҚ-ға келуі;

3) салымшының (алушының) берілген логин мен парольді пайдаланып, интернет қызметі (www.enpf.kz) арқылы алуы;

4) халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы алу.

3. Зейнетақы жинақтарын жылжымайтын мүлік сатып алуға, шетелде емделу, немерелердің оқу ақысын төлеуге пайдалануға бола ма?

– БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін зейнет жасына толған кезде не заңда көзделген басқа жағдайларда ғана алуға болады.

БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинақтарының есебінен несиені өтеу, жылжымайтын мүлік сатып алу, емделу ақысын төлеу және т.б. қолданыстағы заңнамада көзделмеген.

4. Мен басқа елге тұрақты тұруға кеттім. Зейнетақы жинақтарымды қалай ала аламын?

– БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдеріне құқық Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерге тұрақты тұруға кететін немесе кеткен шетелдіктерге және азаматтығы жоқ тұлғаларға беріледі, олар кету ниетін немесе дерегін растайтын Қазақстан Республикасының заңнамасында анықталған (Заңның 31-33-баптары) құжаттарды беруі тиіс.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 02.10.2013 ж. №1042 қаулысымен бекітілген бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен құралған зейнетақы жинақтарынан зейнетақы төлемдерін жасау қағидасының 8-тармағында Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерге тұрақты тұруға кететін шетелдіктер және азаматтығы жоқ тұлғалар БЖЗҚ-ға өзі келіп, төмендегі құжаттарды береді деп белгіленген:

1) белгіленген нысандағы зейнетақы төлемдерін тағайындау туралы өтініш;

2) Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерге тұрақты тұруға кетуге рұқсаты бар азаматтығы жоқ тұлға куәлігінің не шетелдік төлқұжатының көшірмесі және салыстыру үшін түпнұсқасы.

Қағиданың 9-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерге тұрақты тұруға кеткен зейнетақы жинақтарын алушылар болып табылатын шетелдіктер және азаматтығы жоқ тұлғалар БЖЗҚ-ға өзі келіп, төмендегі құжаттарды береді:

1) өтініш;

2) Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерге тұрақты тұруға кетуге рұқсат туралы белгісімен азаматтығы жоқ тұлға куәлігінің не шетелдік төлқұжатының көшірмесі және қарап шығу үшін түпнұсқасы;

3) көші-қон карточкасының көшірмесі және бар болса, қарап шығу үшін түпнұсқасы.

Зейнетақы төлемдерін БЖЗҚ деректемелері өтініште көрсетілген алушының банктік шотына Қазақстан Республикасындағы екінші деңгейдегі банктерге де, шетелдік банктерге де аударады. Алушының шоты БЖЗҚ-мен тиісті шарттар жасаған екінші деңгейдегі қазақстандық банктердің бірінде ашылған болса, зейнетақы жинақтарын аударуға және төлеуге байланысты банктік қызмет ақысы БЖЗҚ меншікті қаражаты есебінен төленеді, бұған оларды айырбастау сомасы қосылмайды.

Зейнетақы жинақтарын төлеуге құжаттарды БЖЗҚ-ға төменде көрсетілген тәсілдердің бірімен беруге болады:

– алушының БЖЗҚ бөлімшесіне өзінің келуі;

– пошта байланысы арқылы беру;

– сенім жүктелген тұлға арқылы беру.

БЖЗҚ-ға берілетін құжаттар топтамасы оларды беру тәсіліне байланысты болады.

БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдері мемлекеттік бюджетке аударылуы тиіс 10 пайыз мөлшерлеме бойынша жеке табыс салығын төлеу көзіне салық салынатын табысқа жатады “Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы” (Қазақстан Республикасының Кодексінің ережелеріне сәйкес).

5. Адам қайтыс болған жағдайда оның шотындағы ақша қайда жіберіледі?

– Алушы, сондай-ақ, “БЖЗҚ” АҚ-да зейнетақы жинақтары бар және заңның 11-бабының 1-3-тармақтарына сәйкес зейнет жасына жетпеген тұлғалар қайтыс болған жағдайда оның отбасына не оны жерлеген тұлғаға “БЖЗҚ” АҚ республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 52,4 еселік көлемінің шегінде, бірақ ЖЗШ-дағы қаражаттан артық емес бірреттік жерлеуге төлем жасайды.

Жерлеуге бірреттік төлем жасалған соң ЖЗШ-дағы зейнетақы жинақтарының қалдығы республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі зейнетақы көлемінен аспайтын соманы құраса, бұл қалдық жерлеуге бірреттік төлем сомасына қосылады.

Заңның 31-33-баптарына сәйкес БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары бар тұлға қайтыс болған жағдайда олар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мұраға қалады.

Анықтамалық ақпаратты 8 800 080 11 77 нөмірі арқылы қордың байланыс орталығынан немесе 1414 телефоны арқылы ортақ байланыс орталығынан алуға болады. Қазақстан аумағында қоңырау шалу тегін.

Дайындаған

Тоқтар ЗІКІРИН,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp