Өңірде екінші жыл қатарынан тұқым шаруашылығын дамытуға арналған «ТҰҚЫМ-2026. ҚЫЗЫЛЖАР» ауыл шаруашылығы көрме-конференциясы өтті. Іс-шараға 9 мемлекеттен 40-тан астам компания қатысты.
Олар көрмеде өсімдік шаруашылығының озық жетістіктері мен өнертабыстарын көрсетіп, жергілікті шаруалармен пікір алмасты. Ал ғылыми қауымдастық өкілдері жоғары табыс әкелетін дақылдардың өңірге бейімделген сұрыптары мен оларды өсіру технологияларын таныстырды.
– Бұл конференцияның өңірде өтуі – біз үшін мәртебе. Іс-шараға Германия, Ресей, Қытай, Франция және Австрия елдерінің компаниялары қатысуда. Ауыл шаруашылығы – облыс экономикасының маңызды саласы. Азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып, ауылдарды дамытып, бәсекеге қабілетті кәсіпорындар құру үшін мемлекет агроөнеркәсіптік кешенді қолдауды жалғастырып келеді, – деді облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.
Жиынға қатысқан 300-ге жуық агроқұрылым өкілдері шаруалардың шығынын азайтып, табысын арттыру, шаруашылықты тиімді ұйымдастырып, жаңашылдықтарды енгізу бойынша сарапшылар мен жетекші компания мамандарының кеңестерін тыңдады. Ғалымдар өңірге қолайлы әлеуеті жоғары сұрыптар, майлы дақылдарды өсіру, тұқымның шығымдылығын арттырып, аурулардан қорғау жайын сөз етті. Бизнес өкілдері мен ауыл шаруашылығы технологияларын жеткізушілер аз шығынмен мол табысқа жету, жиналған өнімді тиімді кептіру технологиясы, мал азығын дайындау, цифрлық технологияларды пайдалану жайлы баяндады. Конференция барысында жергілікті серіктестіктер мен ғылыми қауымдастық арасында меморандумдарға қол қойылды.
Бүгінде өңірде тұқым шығаратын 43 шаруашылық бар. Алқаптардағы тұқымның 95 мың тоннасы осындай агроқұрылымдарға тиесілі. Облыстағы тәжірибелік станса зерттеушілері жыл сайын дақылдардың түрлі сұрыптарын сынақтан өткізіп, Қызылжар табиғатына қолайлысын анықтайды. Былтыр облыста 12 мың тонна элиталық тұқым өндірілген.
– Өңір шаруаларының жүгері дақылына назар аударғаны дұрыс. Бұрын сәтсіз тәжірибелер болуы мүмкін. Бірақ бүгінгідей жағдайда бұл табысты сала бола алады. Өсімдік шаруашылығын дамыту үшін кешенді жұмыс керек. Тек мол өнім жинап қою аз. Ол өнімге сұраныс болуы қажет. Жиналған дақылды терең өңдеу жолдарын қарастыру керек. Соған сай технология мен жолға қойылған жүйе болса ғана шаруалар табысқа жетеді, – дейді Қазақстан астық одағының төрағасы Нұрлан Оспанов.
Сарапшылардың сөзінше, бүгінде шаруалар мол өнім алу технологиясын меңгерген. Алайда нарықтағы баға төмен. Елдегі астық өндірісі артқанмен, сұраныс бұрынғы деңгейде қалып отыр. Соның салдарынан бидай профициті туындап, баға түскен. Мемлекеттік қолдаудың арқасында үшінші сыныпты бидай бағасы тоннасына 95 мың теңгеге дейін түскен. Сондықтан шаруалар не шығынды азайтудың жолдарын меңгеруі керек, не алқаптарды әртараптандырып, табысы жоғары дақылдар үлесін арттырғаны жөн. Сонда ғана агробизнес өз өнімін өткізу үшін мемлекеттік көмекке байланбай, пайданы арттыра алады.
Диас АЯҒАН,
«Soltüstık Qazaqstan».
Суреттерді түсірген
Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.