Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті “Adal business” диалог алаңын өткізіп, кәсіпкерлерге көрсетілетін мемлекеттік қызметтер жайлы әңгіме өрбітті. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Дәурен Жандарбек, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің басшысы Ернар Баянғазин, өңірлік кәсіпкерлер палатасының, мемлекеттік органдардың өкілдері, жергілікті кәсіпкерлер мен инвесторлар қатысты.
Дәурен Жандарбек жиналғандарды инвесторларға қолайлы жағдай жасау бағытындағы шаралармен таныстырып өтті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Үкімет жанынан инвесторларды қолдау бойынша институттар құрылды. Олар инвесторларға қолға алған жобаларын жүзеге асыруға, виза рәсімдеу, қонақүй, көлік мәселелерін ұйымдастыруға көмектеседі. Өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен осы мәселе бойынша әр жарты жыл сайын инвесторлар кеңесінің отырысы өткізіліп тұрады, – деген Дәурен Жандарбекұлы инвесторларды тарту бағытында атқарылған жұмыстардың нәтижелі екенін айтты. Өткен жартыжылдықтың қорытындысы бойынша сырттан инвестиция тарту көрсеткіштері өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,5 есе өскенін байқауға болады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаменті басшысының орынбасары Нұрлан Жахин шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін қорғау мақсатында өңірімізде атқарылған жұмыстар жайлы баяндады. Өткен жылы 300-ден астам кәсіпкердің құқығы қорғалған. Бұл 2017 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда үш есе көп.
– Облыстағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет биылғы жартыжылдықта кәсіпкерлікке заңсыз араласуға қатысты алты фактіні анықтады. Сонымен қатар 26 кәсіпкерлік субъектісінің құқығы қылмыстық іс ашу арқылы қалпына келтірілді. Тағы үш қылмыстық іс сотқа жіберілсе, екеуі өндірісте, бір іс бойынша соттың үкімі шықты. Облыстық әкімдіктің “Соколовское орман шаруашылығы” мемлекеттік мекемесінің директоры 6,7 млн. теңге айыппұл төлеуге міндеттелді. Ол белгіленген жер телімдеріндегі ағаштарды шабуға рұқсат беру үшін жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің бірінен 396 000 теңге пара алған, – деді Нұрлан Серікұлы.
Былтыр агенттік Сыртқы істер министрлігімен бірлесіп, инвесторларға қолайлы жағдай жасау және кәсіпкерлердің сыбайлас жемқорлық шығындарын азайту мақсатында “Protecting business and investments” жобасын қолға алған. Жобаның бас кеңсесі Нұр-Сұлтан қаласында орналасып, барлық өңірлерде фронт-кеңселер ашылды. Жоба жұмысының аясында облыста жергілікті және шетелдік инвесторлармен 137,9 млрд. теңгенің келісімі жасалды. Олардың қатарында “Радуга”, “Bio-Operations”, “Тайынша-Май”, “Казмел” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері бар. Енді олар фронт-кеңсеге кез келген мәселе бойынша жүгіне алады. Жоба жүзеге асырыла бастағаннан бері өңір кәсіпкерлерінен 51 өтініш түсті. Мәселен, шетелдік жұмысшыларға виза беру мәселесін қозғаған “BioOperations” ЖШС-нің өтініші шешімін тапты.
Осыдан кейін сөз алған облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Дархан Қалиев “Жол картасы” бағдарламасы аясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен бірлесіп атқарған жұмыстары жайлы айтып, жергілікті кәсіпкерлерді толғандырып отырған мәселелерге тоқталды.
Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,
“Soltústik Qazaqstan”.