«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БИЗНЕСКЕ СЕРВИСТІК ҚОЛДАУ КӨРСЕТУ кәсіпкерлік тынысын кеңейтеді

Бүгінде “Атамекен” Ұлттық кәсіпкерлер палатасы “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасының төртінші бағытында белгіленген кәсіпкерлікті сервистік қолдау қызметін жүзеге асырушы оператор болып табылады. Бизнесті сервистік қолдау департаментінің директоры Асқар Әубәкіровтің Қызылжар өңіріне іссапары аталмыш мекеменің жоспарлы шараларының бірі болды. Облысымыздың екі ауданында болып, олардағы жұмыстардың қалай жүргізіліп жатқанын қадағалап қайтқан басшы Петропавл қаласына келіп, жергілікті БАҚ өкілдерімен брифинг өткізді.

– Бұл орталықтың жұмысын, бір сөзбен айтар болсақ, оны бүгінде елімізде кеңінен танымал болған Халыққа қызмет көрсету орталықтары сияқты дер едім. Тек оның ұстанған бағыты – бизнесті қолдау. Біздің мақсатымыз – кәсіпкерлерге “бір терезе” қағидаты бойынша қызмет көрсету, – деді астаналық қонақ.

Кәсіпкерлер палатасы облыстық филиалының директоры Тұрар Ысқақовтың айтуынша, жыл басынан бері еліміздің облыс орталықтары мен ірі қалаларында және 188 ауданында палатаның кәсіпкерлікті қолдау орталықтары ашылған. Биылғы жылдың 20 маусымынан бастап оларда кәсіпкерлікті қолға алған адамдарға сервистік қызмет көрсету жұмыстары жүргізілуде. Қазірдің өзінде біздің өңірдің жиырма шақты кәсіпкері аталмыш орталықтың түрлі қызметін пайдаланған.

Бұл орталықтан бизнеске жаңа қадам басқандар да, кәсіппен ертеден айналысып жүргендер де толыққанды ақпарат ала алады. Кәсіпкерлер бухгалтерлік есеп жүргізу мен салық төлемі, кедендік шаралар, менеджмент жүйесі және оның қалыптасуы, заңгерлік, бизнестегі маркетинг және менеджмент, мемлекеттік сатып алу мәселелерінің қыр-сырын біліп, қажет болса сондағы мамандарға керекті құжаттарын дайындатып алады.

Жиын соңында журналистер кәсіпкерлердің мүддесі мен құқығын қолдап та, қорғап та жүрген мамандарға өздерін толғандыратын мәселелер бойынша сауалдар қойып, тиісті жауаптарды естіді.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp