“Даму” қорының облыстық филиалы мен облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы айына бір рет “Кәсіпкерлер күнін” өткізеді. Банк өкілдері мен кәсіпкерлерді бетпе-бет кездестіру үшін ұйымдастырылған шараға бұл жолы 70 кәсіпкер мен екінші деңгейдегі 13 банк филиалының қызметкерлері қатысты.
Кездесуді ашқан облыс әкімінің орынбасары Мұхтар Манкеев өңір кәсіпкерлерінің былтырғы даму көрсеткіштері мен биылғы міндеттері туралы ақпаратты жария етті.
Бүгінде жалпы өңірлік өнімдегі орта және шағын бизнестің үлесі 25,2 пайызды құрайды.
Осы көрсеткішпен республика облыстары арасында 5-ші орынға шықтық. 2015 жылдың 9 айында солтүстікқазақстандық кәсіпкерлік субъектілер 224 миллиард теңгенің өнімін өндіріп, 2014 жылғы көлемді 7,1 пайызға арттырды. Сала 110 мың адамды, яғни өңірдің белсенді тұрғындарының 32 пайызын жұмыспен қамтып отыр.
“Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасы іскер жандар үшін мемлекеттің қаржылай қолдауының тиімді тетігіне айналуда. Әсіресе, ауылдық жерлерде үлкен әлеует бары байқалады. Аталмыш бағдарлама бойынша былтыр ауыл тұрғындарының 115 жобасы қолдау тауып, қатысушылар саны 53 пайызға дейін артты. 2014 жылы бұл көрсеткіш 32,8 пайызбен немесе 64 жобамен шектелген болатын.
Жиында қылмыстық-атқару жүйесі департаменті сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру тобының бас маманы, әділет майоры Қанат Сүлейменов сөз алып, сотталғандардың еңбегін ұйымдастыруға оңтайлы жағдай жасалып отырғандығын тілге тиек етті. Бүгінде облыстағы 4 түзету мекемесіндегі 400 жазасын өтеуші жұмыспен қамтылған, оның 380-і – білікті мамандар.
Одан әрі кәсіпкерлер қаржы және басқа да мәселелер бойынша банкирлермен және мамандармен егжей-тегжейлі әңгімелесті.
Ерлан АКЛАСОВ,
кәсіпкерлік және туризм басқармасы
басшысының орынбасары.