
Облыс әкімі Ерік Сұлтанов өңіріміздегі екінші деңгейлі банк филиалдарының өкілдерімен кеңес өткізді. Оған мемлекеттік мекемелердің жетекшілері, облыстық Кәсіпкерлер палатасы мен “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры” акционерлік қоғамының өңірлік филиалдарының өкілдері қатысты.
– Қаржы-несие жүйесі және инвестициялық қолдау кәсіпкерліктің тиімді дамуы үшін аса маңызды. Кездесудің мақсаты біздің өңірде бизнестің қолайлы дамуының көзін табу болып табылады, – деді Ерік Хамзаұлы.
Күн тәртібі бойынша кәсіпкерлікті дамыту және облысымыздағы қаржы секторының даму жайы қаралды. Облысымыздағы кәсіпкерліктің дамуы жайында облыстық Кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Алмас Хасенов баяндады. Оның айтуынша, облысымызда 19 банк болса, оның 15-і бизнес субъектілерімен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Қазіргі таңда олар іске қосылған кәсіпкерлікті қолдау бағдарламаларына белсене қатысып келеді. 2013 жылы “Бизнестің Жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша “Банк Центр Кредит” акционерлік қоғамы 14 несие берген. Бұл банк өткен жылы ең көп несие берген банктердің көшбасында тұр.
Өңірімізде 4 жылдан бері қызмет етіп келе жатқан “Сбербанк России” акционерлік қоғамы 10 несие бөлсе, 9 несие берген банктер қатарында “Қазақстан халық банкі” акционерлік қоғамы бар. Үстіміздегі жылы бұл бағдарламаға 14 банк қатысып отыр. Қазіргі таңда банктерде 17 жоба талқылану үстінде. Биылғы жылы “Банк Центр Кредит” акционерлік қоғамы алғашқы несиесін “Газетный двор” жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне берді.
Кездесу барысында кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың ауылды жерлерде табысты дамуына банктердің құрылымдық бөлімшелерінің болуы тікелей әсер ететіндігін айтқан басқарма басшысы қазіргі таңда облысымыздағы банктердің ішінде “Қазақстан халық банкінің” ғана барлық аудандарда құрылымдық бөлімшелері бар екендігіне тоқталды. Несие рәсімдеу барысында қиындықтарға тап болатын да елді мекендердегі кәсіпкерлер. Облыс орталығынан шалғай орналасқандықтан, олардың берілген кепілдерінің құнын банктер төмендетеді немесе мүлдем қабылдамайтын көрінеді. Кеңес барысында облыс орталығындағы кейбір банктердің кеңселері орналасқан ғимараттардың қасбеті мен кірме жолдарын абаттандыру қажет екендігі де айтылды.
Жиын соңында облыс әкімі екінші деңгейлі банк филиалдарының өкілдеріне кәсіпкерлер ұсынған бизнес-жобаларды жедел қарап, талқылауды қамтамасыз етуді және мемлекеттік бағдарламаларға қатысу барысында клиенттерге бизнесті дамыту әлеуетін белсенді түсіндіру қажеттігін атап көрсетті.
Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.