Солтүстік Қазақстан облысындағы «ViZaVi Company» ЖШС 80 түрлі кондитерлік өнім шығарады. Кәсіпорын мемлекеттік бағдарламалардың тұрақты қатысушысы. Былтыр «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында автокөлік сатып алып, дистрибуцияны жолға қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
20 шаршы метр бөлмеде кәсібін ашқан Ляйля Сайдашева 16 жылдың ішінде бастаған ісін 160 қызметкері бар үлкен кәсіпорынға айналдыра білді. 1200 шаршы метр аумақты алып жатқан цехтарда қазір 80 түрлі өнім шығарылады. Шикізаттың 80 %-ы – отандық өнім.
«2004 жылы жеке кәсіпкер ретінде өз ісімді ашып, печенье, түрлі пирогтар пісіріп сата бастадым. Өнім құрамының табиғи компоненттерден тұруын және сапасын басты назарға алдым. 5 жылдан кейін ЖШС болып қайта құрылдық. 2013 жылы «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасына қатысып, кәсіпорынға қымбат қондырғылар алдық. Айналымдағы қаражатты көбейттік», – дейді Ляйля Сайдашева.
Қазір ЖШС еліміздің 9 қаласына өз өнімін сатады. Ресейдің нарығына шыққан. Оның бәліштері мен печеньелерін Түмен, Екатеринбург, Омбы, Қорған, Уфа, Новосібір сияқты бірнеше қаласынан дүкен сөрелерінен көруге болады.
«2020 жылы «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында дистрибуция құрып, сауданы дамыту мақсатында автокөлік сатып алдық. Бұл былтырғы індет кезінде бізге үлкен сеп болды. Өйткені өнімге сұраныс кеміп, жаңа нарық іздеу қажет болды. Қазір Нұр-Сұлтан, Павлодар қалаларында құрылымдық бөлімшелеріміз жұмыс істейді. Алматы мен Өскеменде дистрибуция дамып келеді», – дейді кәсіпкер.
СҚО-да «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасына кәсіпкерлер тарапынан сұраныс үлкен. Биыл шағын және орта бизнес өкілдерінің 170 жобасы қаржылай қолдауға ие болды. Несиенің жалпы сомасы – 4 млрд 394 млн теңгеден асады.
https://www.inform.kz/