Нұрсұлтан Назарбаевтың институционалдық реформаларын іске асыруда бизнеске үлкен рөл беріледі. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Қазақстанның Кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов мәлімдеді.
Ел Президенті институционалдық реформаларды іске асырудың 100 нақты қадамын айқындағаны белгілі. Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссия жұмысының негізгі бағыттарының бірі бизнесті мемлекеттік құрылысқа тарту болып табылады. ҰКП басшысы кәсіпкерлік қоғамдастық реформаларды ерекше құлшыныспен қабылдайтындығын атап өтті. “Бұл нақты қадамдар үлкен сенімділік ұялатады, кейбір бағыттарда еліміздің қарқынды алға қарай ілгерілеуіне септігін тигізеді. Сондықтан алдымызда үлкен сенім және осы шешімдерді нақты заң жобаларына келтіру үшін қомақты жұмыс күтіп тұр”, – деп атап өтті ол. Институционалдық реформаны іске асыру жөніндегі әрбір жұмыс тобында ҰКП өкілдері бар. Ел Президенті ЖІӨ құрылымындағы шағын және орта бизнестің үлесін 50%-ға дейін ұлғайту туралы нақты міндет қойды. Біз сол бағытта жұмыс істеп жатырмыз”, – деп хабарлады Абылай Мырзахметов. Сонымен қатар, ол Президент реформаларын іске асыру Қазақстандағы жеке кәсіпкерлікті дамыту үшін маңызды екендігін айтты. “Кәсіпқойлық, шағын мемлекеттік аппараттың қалыптасуы бизнес дамуының іргетасы болып табылады. Мемлекет кәсіпкерлерді қолдау бағдарламаларын қабылдап жатыр, тосқауылдарсыз және артық қағаздарсыз сапалы мемлекеттік қызметті көрсетіп жатыр – осының бәрі бизнестің өмір сүруін жеңілдетеді. Заңның үстемдігі де маңызды, себебі, жағымды бизнес-ахуал елде заңдардың сақталуын қамтамасыз етудің арқасында құрылады. “Болашағы бір ұлтты” қалыптастыру – қоғамдағы тұрақтылықтың негізі. Ол инвестицияларды тарту үшін қажет. Және есеп беретін мемлекетті құру – реформалар жолындағы соңғы қадам. Осының арқасында бизнестің қоғам мен мемлекеттің өміріне тікелей қатысуына жағдай жасалатын болады”, – деді ҰКП басшысы.
Осылайша, 5 институционалдық реформаны іске асыру жеке кәсіпкерлікті дамытудың маңызды факторына айналуда.