17 тамыздан бастап бизнес өкілдері локдауннан шыға бастады. Осыған байланысты жұмысын бастауға рұқсат берілген бизнес нысандары www.іnfoкazakhstan.kz сайтында санитарлық нормалармен танысып, міндетті тіркеуден өтулері қажет.
Еліміздің бас санитар дәрігерінің қаулысына сәйкес шағын және орта кәсіпкерлік өкілдерінің жұмысын қайта бастау тәртібі белгіленген болатын. Ендігі кезекте іскер азаматтар www.іnfoлazakhstan.kz сайты арқылы санитарлық нормаларға сәйкестік актісін алуы қажет. Бұл құжат кейін қағазға шығарылып, нысанның кіреберісіне немесе бірден көзге түсетін басқа жерге ілінуі керек. Бұл міндетті шартты орындамай жұмысын жүргізген бизнес субъектілері әкімшілік жауапкершілікке тартылып, қомақты айыппұл төлейтін болады.
Облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Арман Оразғұловтың айтуынша, “Атамекен” ұлттық кәсіпкерлер палатасы іске қосқан платформа арқылы жергілікті кәсіпкерлерден өтініштер көптеп түсуде. Бүгінге дейін сайтта Қызылжар өңірінен 4929 мың кәсіпкерлік нысан тіркелсе, оның 3541-і жұмысын бастауға рұқсат алды.
– Бұл платформа іскер азаматтарды түрлі кабинеттерді аралап, құжат жинаудан босатады. Сайтқа кірген кезде кәсіпорын атауы және бизнес сәйкестендіру нөмірі (“БСН”) сияқты деректердің бір бөлігі автоматты түрде жүктеледі. Қалған формаларды толтыру небары 10-15 минут уақыт алады. Бүгінгі күнге дейін платформаның көмегіне жүгінген солтүстікқазақстандық кәсіпкерлердің үш мыңнан астамы жұмысын жүргізуге рұқсат алды. Қалғандары мониторингтік топтың тексерісінен өтулері қажет, – дейді Арман Сарыбайұлы.
Мониторингтік топтар кәсіпкерлік қызметтің бес түрін тексеріп барып қана жұмыстарын жандандыруға рұқсат береді. Әзірге 946 кәсіпкерлік нысан санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің тексерісінен өткеннен кейін ғана жұмысын бастамақ. Олардың қатарында сауда үйлері, базарлар, балалардың сауықтыру лагерьлері, боулинг және бильярд залдары бар. Нысандар ашылмас бұрын олардың дайындығы тексеріліп, анықталған кемшіліктерді түзету талап етіледі. Кәсіпкерлер өз ғимараттарында кварцтау шараларын жүргізуі керек. Осыған орай аталмыш құрылғыны сатумен айналысатын кәсіпкерлердің тізімі жасалып, бизнес өкілдеріне таратылған. Бұдан бөлек, антисептиктердің, тұрмыстық химияның қоры және медициналық маскалар мен қолғаптар сияқты жеке қорғаныш құралдары болуы қажет. Әлеуметтік арақашықтық сақталуы тиіс.
Сағынгүл ІРГЕБАЕВА,
облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы.