«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БИЛЕТСІЗ ЖОЛАУШЫ

Елдегі төтенше жағдайға және коронавирустың таралу қаупіне қарамастан, жолсеріктер пойызға билетсіз жолаушыларды алу арқылы пайда табудан тиылар емес. Бұл жайында “Qyzyljar – adaldyq alańy” жобалық кеңсесінің онлайн режімде өткізген баспасөз мәслихатында айтылды.

“Құпия сатып алушылар” “Qyzyljar – adaldyq alańy” жоба­лық тобымен бірлесіп, Петропавл вокзалында жолсерікке қолма-қол ақы төлеп, билетсіз Алматы мен Көкшетауға жетуге келісті.
– “Құпия сатып алушының” №706 пойыз вагондарының жол­се­ріктерімен әңгімесі барысында Көкшетауға дейін 5000 теңгеге, ал Алматыға дейін 15000 теңгеге билетсіз жету мүмкіндігі бар екен­дігі белгілі болды, – деді жобалық кеңсенің жетекшісі Амангелді Сатанов.
Осылайша, “құ­пия сатып алушы” ешбір құжат­сыз және билетсіз №706 “Тальго” жүрдек пойызымен Алматыға дейін жететін бол­ды. 20000 теңге сұ­раған жолсерік өзінің сыбайла­сы­мен ақылдаса келе 15000 теңгеге келісті.
Мұнымен қоса белсенділер Қызылорда бағытына бет алған №076 пойызының қызметкерле­рі­мен де еш қиындықсыз 10000 тең­геге келісе алды. Мұнда ал­дыңғы жайттарға қарағанда жол­серік жеке куәліктің суретін сұ­рады, тек содан кейін ғана жолаушыны өзі­мен алуға ниет танытқан.
Қоғам белсенділері қазақстан­дық темір жол компаниялары мен Петропавл вокзалының жұмы­сы­на мониторинг жүргізу бары­сын­да делдалдарды кездес­тірмеді.
Көліктік бақылау инспекциясы бөлімінің басшысы Манарбек Ибраевтың айтуынша, темір жол вокзалында тексерістер тұрақты жүргізіледі екен. Үстіміздегі жыл­дың басынан бері “Адал жол” жобасын іске асыру аясын­да 17 пойыз тексеріліп, билетсіз 15 жолаушы анықталды. Жолау­шылар мен жол жүгін тасымалдау ережесін бұзу бойынша 11 әкім­шілік хаттама толтырылып, 84832 теңге көлемінде айыппұл салыныпты.
Сондай-ақ, билетсіз жолаушы тасымалы үшін әкімшілік жауап­кер­шілікке тек жолсерік тарты­ла­ды екен. Ал заңсыз отырған жо­лау­шыны билет сатып алу үшін келесі станцияда түсіреді.

Жан АЙТМАҒАНБЕТОВ,
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің баспасөз хатшысы.

Сурет https://4news.kz/ сайтынан алынды. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp