«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БИЛЕТТЕР ҚАЙТАРЫЛУДА

Ел ішінде жарияланған төтенше жағдайға байланысты бүгіндері Қарағанды-Омбы, Қазан-Алматы және Қазан-Ташкент бағыттары бойынша пойыз қатынасы уақытша тоқтатылды. Сондай-ақ, Ресейдің Петухово мен Есілкөл стансасы бағытындағы электр пойыздары да жүруін қойды.

Алыс жолға шығуға пойыз бен ұшақ билеттерін ертерек алып қойған азаматтар енді билеттерін жаппай қайтаруда. Петропавл темір жол вокзалының басшысы Елена Брильдің айтуынша, күні бұрын сатып алынған билеттерді кассаларға кері қайтару мүмкіндігі қарастырылған.
– Компания Қазақстаннан тыс ресімделген билеттер бойынша жол жүру құнын толық көлемде қайтару туралы шешім қабылдады. Бағыттардың қысқаруына байланысты біздің кассаларға жоғары жүктеме түсуде. Әр жолаушының көңілін қалдырмауға тырысудамыз. Кассаларда қолма-қол қаржы тапшылығы бар. Соған байланысты, сәл күте тұруға келісімін берген азаматтарға қаражатты сәл кешіктіріп беруге мәжбүрміз. Жүруі мүлдем тоқтатылған бағыттар бойынша билет алған жолаушыларға ақшаны толық көлемде өтеп жатырмыз. Тұрғындарды сабыр сақтауға шақырамын, – дейді Елена Бриль.
Бүгінге дейін жолдан қалып, билетін тапсырған жолаушыларға 4,5 млн. теңге қайтарылыпты. Дегенмен, бүгінде билетті кассаға қайтарушылардың саны 6 есеге артқан. Қазір жолаушылардан жақын күндерге сатылған билеттер қабылдануда. Коронавирусқа қарамастан, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларына автобустар мен пойыздар қалыпты кестемен қатынай бермек. Ал республика аумағынан шығуға әзірше тыйым салынып отыр.

Сурет https://www.zakon.kz/ сайтынан алынды.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp