«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БИЛІКТЕ ДЕ БЕЛСЕНДІ

Биыл қыстың қаһары ерте қайтып, наурыздың басында жердің тоңы жіби бастағанымен әлі де ызғар бар. Бозарып атқан таңмен таласа оянған әріптестерім жұмысқа асыға жетіп, сағат тілі тоғызға ауғанда орындарына жайғасты. Біздің ұжымның дені – қыз-келіншектер. Суық жел қаққан жүздеріне қан жүгіріп, аздап күлімсірегенде жұмыс кабинеті өзгеше шырайға енді. Әрқайсысы бір-бір шаңырақтың ұйытқысы мен ырысы. Нәзік жандардың сыртынан аз-кем бақылап отырсаң, еңбекқорлығына, жауапкершілігіне, тиянақтылығына таңданасың.

Біздің облыстағы мемлекеттік қызметшілер арасында әйел­дердің үлесі 63,6 пайызды құрай­ды. Яғни, 4315 адамның 2746-сы – нәзік жандар. Солардың бірі– Гүл­нәр Сәрсембаева. Гүлнәр Дүй­сенқызы еңбек жолын Шағалалы кеңшарының №2 бөлімшесінің жұмысшысы болып бастаған. Мем­лекеттік қызметте еңбек ет­кен қырық жылдың ішінде адам­гершілігімен, адал еңбегімен ұжым­ның құрметіне бөленген жанның өңірдің дамуына қосқан үлесі зор. Білікті маманның со­ңынан ерген әріптестеріне ай­тары да, үйретері де мол.
– Әйелсіз отбасының, қала бер­ді мемлекеттің келешегін елес­тету мүмкін емес. Қазақтың дәс­түрлі тіршілігінде түз – ердікі, үй – әйелдікі емес пе?! Үйде жылылық болса ғана түзде тыныштық ор­найтыны баршамызға белгілі. Өмірге әйел болып келгеннен ке­йін отбасын құрып, аяулы ана атану міндет. Дәл қазір мен өзімді бақытты әйелмін деп айта ала­мын. Өйткені адал жар, аяулы ана, қадірлі ене атанып отырмын. Ұл өсіріп, келін түсіріп, өмірдің ағы­мынан қалыспай келе жатырмын, – деген Гүлнәр Сәрсембаева соңынан ерген ізбасарларына көп үміт артады.
Өткен жылдың соңында “Пре­зи­денттік кадр резервіне” сайдың тасындай 300 жас маман іріктеліп алынғаны белгілі. Бес кезеңнен тұратын сынақтан өтіп, жасақ­тал­ған үздік жастардың отыз бесі бұ­рымдылар екенін айта кеткен жөн. Елімізде мемлекеттік қыз­метте басқарушы лауазымдарда 9,5 мыңнан астам әйел қызмет етеді. Бұл басшылардың жалпы санының 40 пайызын құрайды. Атап айтар болсақ, министрлер­дің, өңір әкімдерінің, орталық мем­лекеттік органдардың, комитет төрағаларының, қала және аудан әкімдерінің орынбасарлары мен департаменттердің директор­ла­ры, орталық мемлекеттік орган­дар­дың аумақтық бөлімшелері­нің, облыстық басқармалардың басшылары болып қызмет атқа­рып жүрген нәзік жандардың ең­бегі өлшеусіз.
Әйел мен ер-азамат – отбасы­ның ғана емес, қоғамның да қос қанаты. Нәзік жандар ер-азаматпен қатар биліктің биік бұтақтарына өрмелеп, өмірдің әр саласында белсенділік танытып, жұмыстың ауыртпалығына мойы­май, түрлі қызметтер атқаруда. Осындайда, көркемсөздің зергері Ғабит Мүсіреповтің “Сая­сат пердесін жамылғанымен сая­сатқа сия бермейтін жайларды түсінуге әйел сөздері зерек келеді” деген астарлы сөздері еске түседі.

Қайрат САДЫҚОВ,
Мемлекеттік қызмет
істері агенттігі облыстық департаментінің
баспасөз хатшысы. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp