Елімізде тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап, азаматтық қоғамның негізі саналатын үкіметтік емес ұйымдардың қалыптасуына және дамуына саяси, құқықтық және әлеуметтік қолдау көрсетіліп келеді. Себебі, азаматтық қоғамды дамыту – демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет құрудың маңызды шарты. Бүгінде елімізде үкіметтік емес ұйымдарды нығайту жүйелі сипатқа ие болды деп нық сеніммен айта аламыз.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев “Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі” Жолдауында: “Билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату арқылы ғана қазіргі геосаяси ахуалға бейімделген үйлесімді мемлекет қалыптастыруға болады. Сондықтан азаматтық қоғамға қолдау көрсетіп, оның әлеуетін нығайта түсу керек. Сондай-ақ, аса маңызды жалпы мемлекеттік міндеттерді шешу үшін талқылау жұмыстарына азаматтық қоғамның мүмкіндіктерін кеңінен қолдану қажет” деп атап өтті.
“Қазақстан азаматтық альянсы” заңды тұлғалар бірлестігінің міндеті – үкіметтік емес секторды дамытуға жәрдемдесу, қоғамдық бастаманы іске асыру үшін қолайлы құқықтық, экономикалық және әлеуметтік жағдайларды қамтамасыз ету, қоғам, бизнес құрылымдары, халықаралық ұйымдар және билік органдары арасындағы өзара тиімді әріптестікті дамыту, еліміздегі қоғамдық кеңестердің қызметін қолдау, Қазақстандағы демократиялық үдерістерді тұрақты дамыту және ілгерілету үшін мүшелер мен серіктестердің күш-жігерін біріктіру. Бүгінгі таңда қоғамдық бірлестіктің өңіріміздегі филиалының құрамында 26 үкіметтік емес ұйым бар. Олар белсенді жұмыс істеуде. Ал жалпы өңіріміз бойынша 400-ге жуық үкіметтік емес ұйым болса, өкінішке қарай, солардың төрттен бірі ғана белсенді. Осы орайда облыстағы барлық үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын үйлестіру мақсатында ресурстық орталық құру жобасын қолға алдық. Бүгінде қоғамдық бірлестіктердің санын, олардың белсенділігін, қандай жобаларға қатысып жатқанын білу мақсатында үкіметтік емес ұйымдардың дерекқорына талдау жасап, үкіметтік емес ұйымдарға мемлекеттік тапсырыстарға құжатты қалай және қашан тапсыру тәртібін түсіндіреміз. Оларға қалай және қандай бағытта жұмыс істеу керектігін үйретіп, белсенділіктерін арттырамыз.
Ауқымды жобаны жүзеге асыру барысында медиацияны дамытуға қатысты кешенді шаралар да ұйымдастырылды. Медиация институты – азаматтық қоғамның қалыптасуының, дамуының белгісі. “Медиация туралы” заң қабылдау азаматтарға мәселені шешу жолын таңдау еркіндігін, адам құқықтарын қорғаудың жаңа мүмкіндігін қолдану, азаматтық қатынастың заманауи формасын қалыптастыру, мәселелерді конструктивті диалог арқылы шешу сияқты зайырлы қоғамға тән мүмкіндіктер берді. Бүгінде медиация дауды шешудің заманауи тәсілі ретінде оң нәтижесін көрсетіп келеді. Себебі, мәселені сотқа жеткізбей шешу – адам құндылықтары мен көзқарасы жаңа деңгейге көтерілгенінің айқын көрінісі. Елімізде медиаторлардың көмегі әлеуметтік салаларда, әсіресе, отбасы, еңбек қатынастары мәселелерінде кеңінен қолданылады. Сонымен қатар несие сияқты коммерциялық проблемалар да медиаторлардың көмегімен шешіліп жатыр. Қоғамда медиация дамып жатқанымен, онымен тек кәсіби медиаторлар ғана шұғылданып жүр. Ал аудандарды аралаған кезде қарапайым халықтың бұл мүмкіндік жайлы естімегенін білдік. Осы орайда жуырда өткізген семинарға кәсіби емес медиаторларды шақырып, оқыттық. Осындай белсенділік азаматтық қоғамды қалыптастыруға серпін береді.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында “Азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” тұжырымдамасын іске асыру – бәрімізге ортақ міндет” деген болатын. Қазір біз қоғамдық кеңес қызметін жаңғырту жобасын жүзеге асырудамыз.
Бүгінгі таңда қоғам өзінің өтініш-тілегін билікке қалай жеткізеді? Қоғамдық қабылдауларға барады не болмаса арыз-шағымын қағазға жазып, әкімдіктерде орнатылған жәшіктерге тастайды. 2016 жылдан бері жұмыс істеп жатқан қоғамдық кеңестер билікке халықтың мұң-мұқтажын жеткізу міндетін өз мойнына алды. Бүгінгі таңда елімізде 200-ден астам қоғамдық кеңес жұмыс істеп тұр. Біз жоба аясында осы қоғамдық кеңестердің жұмысына мониторинг жүргізіп, аудандарда кеңестер өткізіп, оның қызметін жетілдіруде қандай түйткілді мәселелер бар екенін анықтадық. Қазіргі таңда қоғамдық кеңестердің жұмысына байланысты ұлттық баяндама әзірленуде. Ауқымды өзгерістер болады деп күтілуде. Себебі, жергілікті жерлерден көптеген ұсыныстар жіберілді. Соның бірі – облыстық және аудандық қоғамдық кеңестердің арасында байланыстың болмауы. Тұрғындар мен билік арасындағы байланысты нығайту мақсатында қоғамдық кеңестердің сайтын іске қостық. Осы сайттың арқасында түрлі деңгейдегі қоғамдық кеңестердің арасында байланыс орнайды деген сенімдеміз. Сайтта заңнамалар, мемлекеттік бағдарламалар, үкіметтік емес ұйымдардың қызметтері, қоғамдық кеңестердің құрамы, қоғамдық бақылау және сұрақ-жауап айдары да енгізілуде. Бұл да халықты толғандырған мәселелерді билікке жеткізудің тиімді тәсілі болмақ.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: “Белсенді азаматтық қоғам құру үшін үкіметтік емес ұйымдардың беделін арттыру қажет деп санаймын. Сондықтан жақын арада Азаматтық қоғамды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасын әзірлеп, қабылдауымыз керек” деген тапсырма берді. Елімізде азаматтық қоғамның қалыптасуы қоғам өмірін демократияландыру мен құқықтық мемлекет құрудың алғышарты екенін ескерсек, оны мемлекеттік саясат деңгейіне көтеретін уақыт келді. Яғни, азаматтық қоғамды қалыптастыру мен оның институттарын шынайы дамыту мемлекеттік саясаттың бір бұтағына айналуы тиіс. Бір жылдары мемлекеттік биліктің кейбір қызметтерін үкіметтік ұйымдарға беру мәселесі көтерілген болатын. Бүгінгі таңда бұл ұсыныс жан-жақты талқылануда. Осыдан-ақ, үкіметтік емес ұйымға зор көңіл бөлініп отырғаны аңғарылады. Еліміздегі барлық жұмысты мемлекеттік органдардың атқара алмасы белгілі. Мемлекеттің саясатын халыққа түсіндіріп, билік пен қоғамның ортасын байланыстырып тұрған үкіметтік емес ұйымдар қазір белсенді болуға міндетті. Себебі, қоғамдағы қордаланған мәселелерді жоғары жаққа жеткізуде жалқы адамнан гөрі үкіметтік ұйымның жұмысы өнімді болмақ. Қоғамды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасының әзірленуі бұл салаға тың серпін береді деген ойдамын. Бұл құжатты жыл соңына дейін әзірлеу жоспарланған. Тұжырымдама азаматтық қоғамды қолдау және нығайту, өзекті әлеуметтік міндеттерді шешу, көппартиялылықты дамыту, саяси бәсекелестікті және елдегі пікір алуандығын алға жылжыту шараларын көздейді.
Азаматтық қоғам – адамзат дамуының нәтижесі, өркениет өнімі. Азаматтық қоғам бір мезетте өздігінен қалыптасатын қоғам емес. Елімізде соңғы жылдарда қоғам мен үкімет деңгейінде азаматтық қоғам институттарын құру мәселесіне байланысты көптеген іс-шаралар өткізілді. Азаматтық қоғам қалыптастыру қазіргі кезде Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформалардың негізгі мақсаты болып табылады.
Сәуле СҮЛЕЙМЕНОВА, “Азаматтық альянс” қауымдастығы облыстық филиалының төрайымы.