Елімізде атқарылып жатқан ауқымды реформалық өзгерістер мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдардың тығыз ынтымақтастықта жұмыс жүргізуін, азаматтық қоғам институттарын ортақ мақсат жолында біріктіру талабын қойып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында Ұлттық құрылтай қоғамдық диалогтың біртұтас институционалдық моделін қалыптастыруға тиістігін айтқан болатын.

Билік пен халықтың арасындағы дәнекерге айналатын болады. Қазіргі Қоғамдық кеңестердің бәрін өз айналасына топтастырады. Осылайша сан түрлі қоғамдық пікір иелерін түгел қамтитын өкілді құрылым қалыптасады. Ұлттық құрылтай мүшелері маңызды мәселелерді талқылау үшін тұрақты түрде бас қосып отырады», – дей келе Президент Ұлытауда, Ордабасы мен Күлтөбеде өткен басқосулардың бастауы болған дала демократиясының дәстүрін жаңғырту міндетін қойды. Бүгінде қоғамдық ұйымдардың қызметі елімізді орнықты және жан-жақты дамытудың маңызды факторына айналып отырған кезеңде бұл бағытта да маңызды әлеуметтік мәселелерді жүйелі түрде көтеріп, шешуге белсене атсалысады деген үміттеміз. Президент 2022 жылы ұлтымызды ұйыстырған Ұлытау төрінде өткен Ұлттық құрылтайдың тұңғыш отырысында сөйлеген сөзінде кеңестердің құрамы мен жұмыс жоспары түбегейлі жаңарғанын, төл тарихымызда ұлт тағдырын шешкен, елге, жерге қатысты маңызды мәселелер талқыланған жиынның қоғамдық мән-маңызы өлшеусіз екенін айрықша атап өтті. Кең ауқымды басқосу Жаңа Қазақстанды құру жолындағы бірлік пен жасампаз қадамдардың символына айналып, тың идеялар мен парасатты ұсыныстардың кең қанат жаюына мүлтіксіз қызмет етіп келеді. Алғашқы құрылтайда жалпыұлттық бірлікті нығайту, реформалардың мән- маңызын халыққа түсіндіру, жаңа технологиялар арқылы ауқымды реформаларға қатыстыру мәселелеріне назар аударылып, шын мәніндегі жалпыұлттық жиын ретінде қалыптасты. Жаңа Қазақстанды әркім әрқалай түсінгенімен, түпкі мақсаты құндылықтарды жаңартуға, қоғамдағы қарым-қатынас мәдениетін өзгертуге, жалпыұлттық бірегейлігімізды нығайтуға бағытталған. Қасым-Жомарт Кемелұлының сөзімен айтатын болсақ, елдің тарихи жадын жаңғырту үшін үйлесімді саясаттың болуы ауадай қажет. Осы орайда, ел дамуының жаңа басымдықтарының белгіленіп, Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгерістердің енгізілгені өте құптарлық. Республика күні ұлттық мереке мәртебесін алып, басты мейрам ретінде атап өтіліп келеді.
Құрылтай жұмысы науқандық шаралармен шектеліп қалады деген түсініктегі адамдар қатты қателеседі. Жыл сайын тұрақты түрде өткізіліп келе жатқаны – сөзіміздің дәлелі. Күн тәртібіне ұсынылған мәселелердің кеңінен талқылануы, салмақты ұсыныстардың айтылуы шешім қабылдау үдерісіне қатысу мүмкіндігін кеңейтіп, барынша ашық, әділ әрі бәсекеге лайық болды. Түпкі мақсатымызға жету жолында саяси-экономикалық реформалардың жеткіліксіздігі білініп, әр азаматтың сана-сезімін, дүниетанымы мен өмірлік ұстанымын өзгерту қуатты ел болудың басты алғы шарты ретінде негізделді. Мемлекет басшысы өміршең, келешегі зор идеологиялар мемлекет пен қоғамның ортақ ізденісінің арқасында ғана пайда болатынын, сондықтан дәстүрлі құндылықтарымызды қазіргі мәдени үрдістермен үйлестіру қажеттігін алға тарта отырып, Тәуелсіз Қазақстанның рухы азат, көзі ашық, көкірегі ояу ұрпағын тәрбиелеуге, аға буын өкілдерін еңбекқорлық, іскерлік сияқты қасиеттер арқылы үлгі көрсетуге шақырды. Бөле-жара айтатын бір мәселе, отаншылдық, адамгершілік, білімпаздық, нағыз маман болу, үнемшілдік, еңбекқорлық, ел мен жерге жанашырлық сияқты асыл қасиеттер бәрінен биік қойылып, осының бәрі «Адал азамат» деген бір ауыз сөзге сыйғызылды. Мемлекеттік нышандарды жетілдіру, ұлтымыздың тарихи сана- сезімін жаңғырту, мәдени құндылықтарды жан-жақты дәріптеу, ақпарат саясатының тиімділігін арттыру, мемлекеттік саясатта талдау, сараптама жасау қызметін сапалы жүргізу алдағы жұмыстардың басым бағыты ретінде белгіленді. Оның ішінде мемлекетіміздің ең басты байлығы – өскелең ұрпақ тәрбиесіне қатысты нақты тапсырмалар берілді. Соның негізінде еңбек сабағы қайтарылды. Десек те, алаңдаушылық тудыратын жайттар жоқ емес. Қоғамды ішінен бүлдіретін жағымсыз дүниелер көбейіп барады. Оған тоқтау салмаса, жастарымыздың бөтен идеология жетегінде кетіп қалуы қазір- ақ. Оның нақты мысалдарына нашақорлық, вейп және түрлі электронды темекілерді мысалға келтіруге болады. Бұл орайда, құқықтық сауаттылықты арттыру өте маңызды. Заң мен тәртіп үстемдік құрған мемлекеттің іргесі берік келеді.
Атыраудағы үшінші құрылтай «Адал адам – адал еңбек – адал табыс» деген тақырыппен өтіп, ұлттың жаңа келбетін айқындайтын ұстанымдарға баса назар аударылды. Маңызды идеологиялық тұжырымдар мен негізгі бағыттар тарқатыла айтылып, құзырлы мемлекеттік органдардан өз жұмысын қайта қарап, тұғырнамаға үйлестіру талап етілді. Жасампаз халық болуға әлеуетіміз толық жетеді. Озық ойлы ұлт қана болашағына сенеді, тек алға ұмтылады. Қазақстан сондай мемлекеттердің қатарында.
Абылай ханның ақ туы тігілген Көкше жері мәдени-рухани, әлеуметтік- экономикалық жағынан Қызылжар өңірімен тығыз байланысып жатқандықтан, солтүстікқазақстандықтар Бурабай баурайында өткен Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысын жіті қадағалағаны анық. Мұнда да елдің болашағын айқындайтын стратегиялық институттың бірі ретінде берік қалыптасқан жиында ең өзекті мәселелер талқыға салынып, нақты ұсыныстар айтылды. Соның сүбелісіне қоғамда кереғар пікірлер тудырған салық реформасын жатқызар едім. Алқалы басқосуда салық жүйесіне қатысты ұсынылған жаңа тәсілдер, негізгі экономикалық және әлеуметтік факторлар атап көрсетілді. Менің көңіліміне қатты ұялаған бір жайт, өңірлерді дамыту тұжырымдамасының әзірленуі. Олай дейтінім, еліміздегі өңірлердің үштен екісі – дотациялы. Оның өзінде инфрақұрылым, әлеуметтік қамсыздандыру, экологиялық көрсеткіштер жағынан айырмашылықтар аз емес. Құжатта аймақтар арасындағы теңсіздікті жоюға және мекемелер бойынша өзара іс-қимылды жақсартуға бағытталған тың тәсілдер қарастырылған. Экономиканың барлық саласына цифрлық технологияларды енгізу еліміздің бәсекеге қабілетін арттыратын ең басты фактор болары даусыз. Бұл орайда, цифрлық активтер индустриясы мен блок-чейн технологиясы маңызды рөл атқарады. Президент көзбояушылық пен көпірме сөздің сұрауы қатты болатынын, жоспардың бәрі шынайы есеп-қисапқа және табанды жұмысқа негізделуі тиістілігін ескертті. Біздің бастама көтеріп, кейіннен оны ұмытып кететінімізді сынға алды.
Құрылтайда халықаралық аренада зор құрметке лайық еліміздің «орта державаға» айналғанына лайықты баға берілді, ұлтымызды идеологиялық және мәдени тұрғыдан күшейту дамуға жол ашатын негізгі факторлар болмақ. Сыр бойында өтетін бесінші құрылтайда да әлеуметтік және мәдени-гуманитарлық мәселелер бойынша маңызды шешімдер қабылданып қана қоймай, ел өркендеуінің басқа басым бағыттары айқындаларына сенімдіміз.
Сергей ХУДЯКОВ,
Ұлттық құрылтай мүшесі, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту институтының директоры.