
Қызылжар ауданының орталығындағы “Ахмутдинов” ЖК-нің ағаш қалдықтарынан отындық түйіршіктер шығаратын зауытының толық қуатында жұмыс істеуге көшуіне арналған салтанатты шара өтті. Оған Қызылжар ауданының әкімі Болат Жұмабеков, республикалық орман пайдаланушылар қауымдастығының төрағасы Думан Қыдырбаев, “ALB Group” ЖШҚ-ның бас директоры Максим Андреев, табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қабиден Сәдуақасов, облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Марат Ысқақов қатысып, Қазақстандағы осындай тұңғыш өндіріс орнына сәттілік тіледі.
Бұл – Қызылжар ауданында жыл басынан бері жүзеге асып отырған 3-ші индустриялық-инновациялық жоба. “Ахмутдинов” жеке кәсіпкерлігінің басшысы Сермұхамбет Оралұлының айтуына қарағанда, орман пайдаланушы ретінде ағаш қалдықтарынан (жоңқадан, үгіндіден, бұтақтардан, ағаш түбірлерінен) биоотын шығару арқылы шикізатты толығымен қалдықсыз ұқсатуға қол жеткізілді. Ол үшін Ресей Федерациясының Нижний Новгород қаласындағы “ALB Group” компаниясынан отындық түйіршік өндіретін құрал-жабдықтар сатып алынған. 105 млн. теңгенің жобасын жүзеге асыруға аталмыш жауапкершілігі шектеулі қоғамның білікті мамандары көмек көрсеткен. Кәсіпорынның тәуліктік қуаттылығы – 7 тонна. Бүгінгі күні 30, 50 килограмдық отындық түйіршіктер картон және полиэтилен қаптармен шығарылуда. Алдағы уақытта тұтынушылардың сұранымына орай 500 және 1000 килограмдық орамада өндіру қолға алынбақ.
– Орман пайдаланушы Сермұхамбет Оралұлы ағаш өндірісімен 15 жылдан бері айналысып келеді. Қырықтан астам ағаш өнімдерін шығарады. Жеке кәсіпкердің шикізатты қалдықсыз өндірудің соңғы сатысына арналған осынау инновациялық жобасы биыл Астана күні қарсаңында сынақтан өткен болатын. Енді бүгін кәсіпорын толық қуатында жұмыс істеуге көшіп отыр. Бұл өндіріс орны 12 жаңа жұмыс орнын ашқандығымен және қалдықсыз өнім өндіретіндігімен тиімді болмақ. Оның үстіне елімізде отындық түйіршік шығаратын алғашқы зауыт болғандығымен де ерекшеленеді. Алдағы уақытта ауданымызда Индустрияландыру картасы бойынша жүзеге асқан биоотынды пайдаланатын жеке секторлар мен өндіріс орындарына арналған бу қазандықтары өндірісін қолға алсақ па деген ойымыз бар, – деді Болат Жұмабеков.
Облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қабиден Сәдуақасов:
– Облыс бойынша жыл сайын орман маңында үйінді болып қалатын 40 мың текше метрден астам ағаш қалдықтарын іске ұқсата алмағандықтан, өртеп жіберуге мәжбүр болып жүрміз. Оның да пайдаға асатындығын орман пайдаланушы Сермұхамбет Оралұлы іс жүзінде дәлелдеп отыр. Отындық түйіршіктердің қызуы тас көмір мен газға пара-пар екендігі ғылыми тұрғыда дәлелденген. Ағаш қалдығы мен ағаш үгіндісінен жасалған брикеттердің күлі мен түтіні аз болады. Таза биоотын. Елбасымыз “жасыл экономикаға” көшу міндетін қойып отырған кезде біз осындай инновациялық жобаларға басымдық беруге тиіспіз, – деді.
Республикалық орман пайдаланушылар қауымдастығының төрағасы Думан Қыдырбаев аталмыш жобаның әзірше елімізде теңдесі жоқ екендігін айта келіп, бұл бастаманы басқа өңірлерге үлгі ретінде тарататындықтарын және мемлекеттік қолдау тетіктерін қарастыруға күш салатындықтарын жеткізді.
– Бұл – біздің компанияның қазақстандықтармен бірлесе атқарып отырған алғашқы жобасы. Сондықтан оның жүзеге асуына, онда еңбек ететіндерді үйретуге күш салдық. Алдағы уақытта серіктестігіміздің өнімін іске асырушылар географиясын кеңейте түсетін боламыз. Екінші өндіріс орнын да осы өңірде ашуды жоспарлап отырмыз, – деді салтанатты шараға Ресей Федерациясының Нижний Новгород қаласынан арнайы келген “ALB Group” ЖШҚ-ның бас директоры Максим Андреев.
Зауыттың өніміне қазірдің өзінде қызығушылық танытып отырғандар аз емес екен. Сермұхамбет Оралұлының айтуынша, Қызылжар өңірінен басқа, Алматы облысынан 60 тонна отындық түйіршікке тапсырыс түсіпті.
Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суреттерді түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.