
Ұзақ уақыт тоқтап тұрған “Bio Operations” зауытында биоэтанол цехы іске қосылды. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов Тайынша ауданына сапары барысында кәсіпорында болып, нысанның жұмысымен танысты.
Жаңғырту жүргізіліп, екінші тынысы ашылған зауытта 450 адам жұмыс істейді. Елімізде баламасы жоқ кәсіпорын былтыр диірмен кешенін іске қосып, крахмал мен балуыз өндіретін цехты қайта қалпына келтірген болатын. Содан бері 8,5 млрд. теңгенің 68,2 мың тонна крахмалы, 17,2 мың тонна глютен өндірілді. Тартылған инвестиция көлемі 12 млрд. теңгені құрады. Бүгінгі күнге дейін компания жергілікті бюджетке 500 млн. теңгеден астам салық төлеген.
Енді, міне, қайта жаңғыртудың үшінші кезеңінде астықты тереңдете өңдейтін биоэтанол өндірісі іске қосылып отыр. Франциядан әкелінген заманауи қондырғылар орнатылды. Облыс әкімінің Тайыншаға сапары және цехтың мүмкіндіктері туралы толығырақ газетіміздің келесі санынан оқи аласыздар.
Қанат АТАМАНОВ,
“Solústik Qazaqstan”.