Білім басқармасы мен Білім саласындағы әдістемелік жұмыс және ақпараттық технологиялар орталығының ұйымдастыруымен республикалық “Үздік педагог – 2014” байқауының облыстық кезеңі өтті. Оған аудандық және қалалық кезеңдерде жеңімпаз атанған 15 ұстаз қатысты.
Арасында тарих, қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілі мен әдебиеті, биология, химия пәндерінің және бастауыш сыныптардың мұғалімдері бар. Сайыскерлер қазақ және орыс тілдерінде оқытатын топтарға бөлініп, үш кезеңде бақтарын сынады. “Үміткерлер өздерінің мамандығы туралы эссе жазу, жинақтаған портфолиосын пайдалана отырып, педагогикалық әдістемелерімен, жаңашылдықтарымен, дидактикалық материалдарымен, жеткен жетістіктерімен таныстыру және бөтен аудиторияда сабақ беру сындарынан өтті. Мұғалімдердің әрқайсысының портфолио қорғауы түрлі шығармашылық жолмен ұсынылды. Біреуі өлеңмен қорғаса, екіншісі слайд дайындаған, тағы бірі шағын бейнетүсірілім көрсетті”, – дейді Білім саласындағы әдістемелік жұмыс және ақпараттық технологиялар орталығының әдіскері Нүрикамал Жұмабаева.
Биылғы жылғы конкурс ережесіне басқа сыныптарда сабақ беру кезеңі алғаш рет енгізілген. Ұстаздарға да ең қиыны осы болған сыңайлы. Бөгде аудиторияда білім деңгейлері түгіл, есімдерін де білмейтін балаларға өз пәндері бойынша сабақ беру кезінде ұстаздардың жаңаша сабақ беру әдіс-тәсілі, таныс емес оқушыларды еліктіре білу шеберлігі, теориялық тұрғыдан өз мамандығын жетік игеруі сияқты қырлары сыналды. Байқауда әр ұстаздың берген сабақтары бір-біріне ұқсамайтындығымен ерекшеленді.
Уәлиханов ауданындағы Бидайық орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Әйгерім Кайданова – “Жоғары сапалы білім бергені үшін”, Петропавл қаласындағы әл-Фараби мектеп-лицейі директорының ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары, тарих пәнінің мұғалімі Сәуле Әбілқасова – “Кәсіби біліктілігі үшін”, №3 Тайынша орта мектебінің химия-биология пәндерінің мұғалімі Зәуреш Такишева – “Педагогикалық шеберлігі”, Мағжан Жұмабаев ауданындағы Успенка орта мектебінің химия-биология пәнінің мұғалімі Татьяна Трехова “Ұстаз мамандығына адалдығы үшін” аталымдары бойынша марапатталды. Бірқатар қатысушыларға сертификаттар табысталды.
Қазылар алқасының шешімімен Қызылжар ауданындағы Вагулино орта мектебінің орыс тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Гүлмира Сатанова 3-ші, Шал ақын ауданындағы Сергеевка қаласындағы Есім Шайкин атындағы орта мектептің химия-биология пәндерінің мұғалімі Алексей Кособоков 2-ші орынды иеленді. Ал “Үздік педагог – 2014” атағын Петропавл қаласындағы классикалық гимназияның бастауыш сынып мұғалімі Гүлзира Уәлиева жеңіп алды.
“Мен бұл жеңісімді өзімнің 16 жылдық ұстаздық еңбек жолымдағы ең шоқтығы биік жетістігім деп білемін. Өзімнің педагогикалық шеберлігімді бағалағандарыңызға алғыс білдіре отырып, республикалық кезеңде де үміттеріңізді ақтауға тырысамын”, – деді жеңімпаз.
Ол енді “Үздік педагог – 2014” байқауының республикалық кезеңінде облыс намысын қорғайтын болады.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.