Мұнай бағасы – ең бір болжауы қиын факторлардың бірі. Ешбір сарапшы ұзақ мерзім тұрмақ, тіпті алдағы үш айда бағаның не болатынын айтып бере алмайды. Дегенмен, барреліне 80 доллар деңгейі қазан айында еңсерілетін шығар, бұл кейбір ресейлік сараптамалық құрылымдардың теңгенің кезекті құнсыздануы туралы жорамал жасауына түрткі болады. Шын мәнісінде, мұнай бағасының құлдырауы ауқымында құнсыздану туралы шешім басқаша қабылданады. Біріншіден, барреліне 80 доллар – теңгенің құнсыздануы емес, бюджеттің пессимистік варианты іске қосылатын алғашқы сыни деңгей. Бұл деңгей есептелген, яғни ол дүрлігусіз, қалыпты қабылданады. Оған қоса, бұл белгілі-бір нақты мерзімдік емес, жылдық орташа баға екенін түсіну керек, яғни алдыңғы айларда жинақталған артық мөлшер келесі айлардағы жетіспеушіліктің орнын толтырады, осы арқылы пессимистік сценарийдің іске қосылуы шегеріле түседі.
Келесі сыни деңгей – барреліне 60 доллар. Мұндай деңгейде ішкі жалпы өнім, яғни экономика нөлдік өсім көрсетпек, төлемдік баланс ақсай бастайды.
Тіпті мұнай бағасы барреліне 60 доллардан төмен түскен күннің өзінде теңге құнсыздануы келесі жылға қалдырылады.
Мұнай бағасы бір ай бойы 60 доллар болып, содан қайта өсе бастаса, бұл құнсыздануды мүлдем жасамаудың шынайы мүмкіндігі ретінде талданады. Осылардың бәрін ескере отырып, биылғы жылдың соңына дейін теңгенің құнсыздануы болмайды, ал келесі тоқсанға (жартыжылдыққа) болжамды желтоқсан айында жасауға болады.
Олжас ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ,
Қазақстанның экономистер қауымдастығының атқарушы директоры.
(«Айқын» газетіне берген сұхбатынан, 2014 жылғы 18 қазан).