«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БИЫЛ ҮШ ЕМХАНА ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛМЕК

Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған “Саламатты Қазақстан” мемлекеттік бағдарламасы облысымызда қалай іске асуда? Әлеуметтік маңызы бар онкологиялық және жүрек-қан тамырлары сырқатынан болған өлім-жітім бойынша біздің өңір республикада неге көш бастап келеді? Бастапқы санитарлық-медициналық көмек түрлері көрсетілетін емханаларда болатын ұзынсонар кезектен арылу үшін не қажет? Облыстағы денсаулық сақтау саласына қатысты осы сынды өзге де өзекті мәселелер “Қазақстан-Петропавл” телеарнасында облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қабдырахман Сақтағанов өткізген баспасөз конференциясында айтылды.

Бүгінгі таңда Республикалық агенттіктің үстіміздегі жылдың ақпан айына берген мәліметі бойынша облыс тұрғындарының саны 575412 адамды құрайды. Оның ішіндегі 60 жастан асқан ересектердің үлес салмағы 14 пайызды құрап отыр. Ал 2013 жылға келтірілген мәлімет бойынша облыстағы орташа өмір сүру ұзақтығы 68 жасқа жеткен. Республика бойынша бұл көрсеткіш 70 жасты құрайтындығын айтқан басқарма басшысы өңірдегі денсаулық сақтау саласының негізгі көрсеткіштеріне тоқталып өтті.

– Өткен жылы өңірімізде бала туу көрсеткіші мың адамға шаққанда 14 пайызды құрап, 2012 жылдың көрсеткішімен теңдесті. Үстіміздегі жылдың екі айында дүниеге 1332 нәресте келіп, бала туу көрсеткіші 1,9 пайызға төмендегенімен, жалпы өлім-жітім көрсеткіші 6 пайызға төмендеген. Десе де, өткен жылы бала туу мен өлім-жітім көрсеткіштерінің тұрақтылығы байқалады. Нәтижесінде халық санының өсуі 2013 жылы 1,7 пайызға ұлғайған, – деді Қабдырахман Еркінұлы.  

Денсаулық сақтау саласының дамуына бөлінетін қаражат та жыл сайын ұлғайтылып келеді. 2013 жылы 19 668 миллион теңге бөлінсе, өткен жылы бұл мақсатқа бөлінген қаражат 20 000 миллион теңгені құрайды. Облыс тұрғындарына 1485 дәрігер және 5224 медбике медициналық қызмет түрлерін көрсетіп келеді. Бірақ өңірімізде 233 дәрігер жетіспейді. Оның ішінде ауылға – 87 дәрігер, облыс орталығының медициналық мекемелеріне 146 маман қажет. Күрмеуі қиын мәселені шешу мақсатында қазіргі таңда облыстағы медициналық ұйымдардың бюджеттен тыс қаражатына 24 студент білім алуда. Оқулары аяқталған соң олар өңірімізге келіп қызмет етпек.

Өңірге жас мамандарды тарту мақсатында жергілікті бюджеттен әлеуметтік көмек ретінде жас мамандарға 200 мың теңге бөлінсе, баспана алу үшін 630 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде жеңілдетілген несие беріліп келеді. Баспанасы жоқ жас мамандар үшін ведомстволық үй мен жалдамалы пәтердің ақшасын бөліп төлеу қарастырылған. Соның нәтижесінде 2013 жылы жоғары оқу орнында мемлекеттік грант бойынша білім алған солтүстікқазақстандық жас мамандардың 104-і өңірімізге келіп, қызметке орналасты. Оның ішіндегі 46 дәрігер ауылды жерлерде жұмыс істеуге ниет білдірген.

“Саламатты Қазақстан” мемлекеттік бағдарламасының басым бағыттарының бірі ана мен бала денсаулығын қорғау болып табылады. 2013 жылы 1 ана өлімі тіркелген. Осы жылдың көрсеткіші бойынша бала өлімі тірі туған мың нәрестеге шаққанда 10,8 пайызды құраса, үстіміздегі жылдың үш айында бұл көрсеткіш 18,8 пайызға төмендеген. Дәрігерлер сәбилердің шетінеуін туабітті ауытқулар мен перинаталдық себептермен түсіндіреді.

Облысымызда әлеуметтік маңызы бар аурулардың ішінде өткен жылы өлім-жітім бойынша жүрек-қан тамырлары аурулары көш бастап тұр. Қабдырахман Сақтағанов оның бірнеше себептерін атап өтті.

– 100 мың адамға шаққанда жүрек-қан тамырлары ауруларынан болған өлім-жітім көрсеткіші 358,7-ден 372,12 оқиғаға дейін өскен. Жүргізілген ретроспективті зерттеудің нәтижесіне сүйенер болсақ, дерттің салдарынан жер жастанғандардың 64 пайызы 61 жастан асқан адамдарды құрап отыр. Науқастардың бұл тобының дертіне жас ұлғаюына және өзге де жанама сырқаттардың болуы себебінен ем қонбаған. Ал жүректің ишемиялық ауруы мен мидың қан тамырларының зақымдануынан көз жұмғандар диспансерлік есепте тұрған науқастар болып келеді. Олар дәрігерлік нұсқауды сақтамай, өз денсаулықтарына селқостық танытқандардың қатарынан болып шықты, – деген облыстың бас дәрігері өткен жылы облыстық Кардиологиялық орталықта мыңға жуық ота жасалғандығын да тілге тиек етті.

Баспасөз конференциясы барысында емханалардағы ұбақ-шұбақ кезек мәселесі мен облыс бойынша салынып жатқан емдеу мекемелерінің жағдайы да қозғалды. Емханалардағы кезектілікті болдырмау науқастардың өздеріне тікелей байланысты, деген Қабдырахман Сақтағанов дәрігерлердің қабылдауына талонда белгіленген уақыт бойынша келсе, онда кезек күту мүлдем болмайтындығына сенім білдірді. Ал Шал ақын, Аққайың және Есіл аудандарында салынып жатқан емханалар пайдалануға осы жылы берілмек.

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp