«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БИЫЛ 608 ПӘТЕР ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛЕДІ

Облыс әкімі Ерік Сұлтанов “Береке” шағынауданында мемлекеттік бағдарламалар бойынша салынып жатқан тұрғын үйлер құрылысында болып, мердігерлерге нысандарды мерзімінен кешіктірмей тапсыру және жұмысты сапалы жүргізу міндетін қойды.

Аталмыш нысандардың бір бөлігі “Қолжетімді тұрғын үй – 2020” бағдарламасы бойынша тұрғызылуда. Мердігер болып табылатын “Стройкомпания”, “Петростройлюкс” және “Лира” ЖШС-лері 90, 55 және 75 пәтерлік бесқабатты үш үйдің құрылысын өткен жылдың күзінен бері жүргізуде. Жұмыстың үштен бірі атқарылған, яғни ғимараттардың үшінші қабаттары қаланып, бірден пластикалық терезелер орнатылуда.  

Жеке бір аула болып салынып жатқан нысандар жайлы өңір басшысына облыстық құрылыс басқармасының басшысы Ратмир Ахметов баяндады.

Ерік Хамзаұлы мердігер ұйымдарға нысандарды мерзімінде тапсыру, әсіресе, құрылыстың сапасына баса назар аудару міндетін қойды.

– Ширақ қимылдаңыздар. Сапа жағын естен шығармаңыздар. Жазда барлық жұмыс аяқталуға тиіс, – деді облыс әкімі.

Шағынауданда “Жас отбасы” бағдарламасы бойынша екі және үшқабатты екі үйдің құрылысы өткен жылдан бері жүргізілу үстінде. Өңір басшысы барлық құжаттарды келісіп шешуді және нысандарды биыл пайдалануға беруді тиісті ведомстволарға тапсырды.

– Созбалаққа салудың қажеті жоқ. Тез арада төбелерін жауып, ішкі әрлеу жұмыстарына кірісу қажет. Жұмыс маусым айында аяқталатын болсын, – деді ол.

Ю.Гагарин және У. Громова көшелеріндегі екі жатақхананы да биыл тапсыру жоспарланып отыр. Олар “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша салынуда. Екі нысанда 42 шаршы метрлік 200 пәтер болады. Пәтерлер жергілікті атқарушы органдардағы кезек бойынша бөлінеді.

– Қазір құрылыс маусымы. Оны тиімді пайдалану қажет. Әрбір күн қымбат. Жалгерлік үй кезекті едәуір жылжытуға мүмкіндік береді,– дей келіп, Ерік Хамзаұлы “Основание” және “Альфа-Север” ЖШС-леріне құрылысты қарқынды жүргізуді тапсырды.

Шағынауданды аралап шыққаннан кейін өңір басшысы мердігерлердің назарын аумақты абаттандыру мәселесіне аударды.

– Биыл барлық нысандарды іске қосамыз. Әсіресе, аумақтарды абаттандыруға баса назар аударыңыздар, ол сапалы болуға тиіс. Осыдан үш жыл бұрын пайдалануға берілген үйлердің маңындағы су тізеден келеді. Ондайға жол беруге болмайды, – деп атап көрсетті Ерік Хамзаұлы.

Облыс әкімінің айтуына қарағанда, биыл 608 петропавлдық пәтер кілттеріне ие болады.

 Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp