Ғабит Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында “Ұлтаралық келісім мен конфессияаралық ынтымақтастық – ел тәуелсіздігінің жемісі” атты “дөңгелек үстел” өтті. “Жастар орталығы бастамалары” коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен өткен аталмыш шараға облыстық дін істері жөніндегі басқарманың мамандары, орталық мешіттің наиб имамдары, кітапхана қызметкерлері және жергілікті студенттер қатысты.
Жиын барысында сөз алған “Конфессияаралық қатынастарды дамыту және сараптама” коммуналдық мемлекеттік мекемесінің бөлім басшысы Сергей Могунов этносаралық ынтымақтастықтың маңызына тоқталып, оның еліміздің, өңіріміздің гүлденуіне тигізген оң әсерлері жөнінде баяндады. Қалалық “Нұр” мешітінің наиб имамы Зиятбек Ахметұлы облыс тұрғындарының дінге деген оң көзқарастарын, өңірімізде өмір сүріп жатқан түрлі этностардың бір-бірінің салт-дәстүрлеріне деген сый-құрметтерін тарқатып айтып берді. Ол байтақ Қазақстанды мекендеген ислам және өзге дінді ұстаушылардың бәрі ел тыныштығы мен тәуелсіздігіне қызмет етуі керектігін жеткізді. Ал М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті “Тарих, құқық және экономика” факультетінің студенті Римма Солдатенко этномәдени бірлестіктердің басын біріктірген Қазақстан халқы Ассамблеясының, оның облыстық құрылымының қоғамдағы рөлімен, еңселі егемендік үшін атқарып жатқан жүмыстарымен таныстырды.
“Дөңгелек үстел” отырысы барысында жастардың ой-пікірлері тыңдалып, олардың сұрақтарына жауаптар берілді.
Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.