
Қолынан іс келген адам алдына қойған мақсатына жетіп, биік белестерді бағындырады. Осындай жігерлі жандардың бірі – Петропавл қаласының тұрғыны Сара Мұхамбетова. Ол бүгінде өз кәсібін дөңгелетіп, 17 адамды жұмыспен қамтып отыр.
Қазақтың қарапайым мінезімен ерекшелене білген Сара Мұхамбетова – өмірдің біраз қиындығын бастан өткерген адам. Ол небәрі жеті жаста болғанда анасы дүние салған. Жарты жолда жалғыз қалған әкесі Ысқақ Мұхамбетұлы – үш баласын тұмсықтыға шоқыттырмай, қанаттыға қақтырмай өсіріп, ел қатарына қосқан азамат. Ерте есейген Сара мектепті тамамдаған соң жоғары оқу орнына түсіп, технолог мамандығы бойынша диплом алған. Жұмыс істеуге тиянақты, жауапты болуға бала кезінен үйренген ол еңбекке етене араласып кетеді. Бастапқы кезде облыс орталығында орналасқан бүгінгі “Алтын адал” базарында дүкенші болып істейді. Азын-аулақ түскен қаражатымен бауырларына көмектесіп, үй ішіне қолғабыс беруге дағдыланады. Осылайша арада біраз уақыт өтіп, азын-аулақ ақша жиналған кезде: “Біреуге жұмыс істегенше, өз ісімді бастасам болмай ма?” – деген оймен кәсіпкерлік әлеміне алғашқы қадамын басады. Сөйтіп, 1990 жылы “Мұхамбетова” деген атаумен өзінің жеке кәсібін ашады.
– 90-шы жылдары елде қиын кезең болды ғой. Көптеген нәзік жандар бала-шаға, қазан-ошақ демей, ала сөмке арқалап кетті. Мұның барлығы – күнкөрістің қамы. Мен де осындай кезде қол қусырып отырғым келмеді. Сөйтіп, толықтау келген қыз-келіншектердің сырт киімдерін сататын дүкенді жұмысқа қостым. Ондай дүкендер облыс орталығында сол кезде бірен-саран ғана болғандықтан, ісімнің оңға басарын іштей сездім. Және сол үшін аянбай еңбек еттім, – дейді кәсіпкер.
Жарғақ құлағы жастыққа тимей еңбектене білген кәсіпкердің жұлдызы оңынан туып, арада біраз жыл өткенде көшедегі сататын орнын жауып, дүкен ашады. Бұл Сараның көпжылғы еңбегінің жемісі еді. Қазір оның екі дүкені бар. “Сеул”, “Дарквин” деген атаулармен көпшілікке таныс болған сауда орындары қаламыздың қақ ортасынан орын тепкен. Іші кең, таза, заман талабына сай жабдықталған дүкендерде білікті мамандар қызмет етеді. Осындай сатушылардың бірі – Наташа Скорнякова кәсіпкердің қарамағында 10 жылдан бері жұмыс істеп келеді.
– Жұмыс орнымыз өте жайлы, ұжымда барлығымыз бір отбасының баласындай бірлесе еңбек етеміз. Сара Ысқаққызы – өте қарапайым, кішіпейіл және әділ адам. Қалай жұмыс істесек, солай еңбегімізді де бағалайды, – дейді дүкен сатушысы.
Өзіне де, өзгеге де талап қоя білетін кәсіпкер өз жұмысымен қатар қайырымдылық шараларына да белсене қатысады.
– Мен ананың аялы алақанына жылына алмай, еркелетіп айтқан “Айналайын” сөзін сағынып өскен балалардың бірімін. Әрине, қасымызда әрдайым әкеміз болды, бірақ бұл өмірде ананың орнын ешкім баса алмайды. Сол балалық кезден жүрекке ұялаған сағыныш сезімі әлі күнге анам есіме түскенде көзіме ащы жас болып үйіріледі. Қамқорлықпен айналысып, ата-анасы жоқ балаларға қолдан келгенше көмектесемін. Және ол жайында көпшілікке айтқанды ұната қоймаймын. Адамның күні адаммен болған соң ондай игі шараны көмек көрсету дегеннен гөрі азаматтық парыз деген дұрыстау сияқты, – дейді ағынан жарылған кәсіпкер.
“Жетім көрсең, жебей жүр” деген сөзді арқау еткен Сара Ысқаққызы бір қарағанда қатал адам сияқты болып көрінеді. Ал әңгімеге тартып, ішкі жан дүниесіне үңілсең, оның мейірімді, инабатты, ақылы мен әдемілігі келіскен аяулы жан екеніне көзің жетеді.
Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.