«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БИІККЕ ҰМТЫЛЫС

Президентіміз еліміздегі бейбітшілік пен тұрақтылықты басты ұстаным ретінде анықтай отырып, тәуелсіз мемлекетіміздің дамуының басым бағыттарын айқындап берді. 100 нақты қадам – елімізді одан әрі көркейтіп, биік шыңдарға шығаратын баспалдақ іспеттес. Жаңа бағдарлама ішінде әртүрлі сала қамтылғаны менің көңіліме қуаныш ұялатты.

Бүгінгі таңда медицинаның қарқынды қадаммен алға басып, мүмкіндігінше заманауи құрылғылармен қамтамасыз етіліп отырғаны қуанарлық жай. «100 қадам» Ұлттық жоспарында Елбасы медицина саласына да тоқталып, мамандарға нақты міндеттер жүктеді. Оның ішінде кадрларды әзірлеу, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, сапаны және қолжетімділікті бақылау жайында айтылған. Бұл олардың жұмыстарына жаңа серпін берері сөзсіз. Сонымен қатар, аталмыш бағдарламада әлеуметтік көмек тек оған шынымен зәру азаматтарға ғана берілетін болады деп көрсетілген. Бұл да – дұрыс шешім. Білім жүйсінде де біраз оң өзгерістер болатыны белгілі. Мәселен, жоғары сыныптар мен жоғары оқу орындарында ағылшын тілінде оқытуға кезең-кезеңмен көшу мәселесі қозғалып отыр. Бұл жердегі мақсат – даярланатын кадрлардың бәсекелестік қабілетін арттыру. Жастарымыз одан сайын білім қоржындарын толықтыра түссе, оған неге қуанбасқа?!

Мен – көпбалалы анамын. Бүгінде олар ержетіп, үйлі-баранды болды. Ұрпағымыз жалғасып, немере, жиен қызығына бөленіп отырған бақытты жандардың бірімін. Ана ретінде мен өз балаларымның болашағына көп үміт артамын. Олардың туған елінде, жерінде өсіп, өркендеп, қанат жайып жүргендерінің өзі мен үшін бір мерей. Қазір мемлекетіміз еңбек етемін, оқимын деген адамның барлық жағдайын жасап отыр. «100 қадам» Ұлттық жоспары соның бірден-бір дәлелі. Алдағы уақытта жұмылып жұмыс істесек, алға қойған межеге қол жеткізіп, дамыған 30 елдің қатарына қосыламыз. Біз зейнеткер болсақ та, қоғамдық жұмыстардан тыс қалғымыз келмейді. Өйткені, бәріміздің мақсатымыз бір. Ол – Қазақстанды дамыту. Осы жағынан алғанда балаларымызды адал еңбек етіп, өздеріне жүктелген жұмысқа жинақылықпен қарауға тәрбиелейміз.

Клара ҚОҢҚАШЕВА,

көпбалалы ана.

Петропавл қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp