«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БИІККЕ ҰМТЫЛҒАН

Петропавл қаласындағы М.Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледжде арнайы пәндерден сабақ беретін ұстаз Әлия Мұхамадиева бар-жоғы үш жылдың ішінде өзінің мақсаткерлігінің, білімқұмарлығының, табандылығының арқасында еліміздің педагогтері арасында өткен республикалық “Дарынды балаға – талантты ұстаз” атты олимпиадада бірінші орынға ие болды.

“Мен ұстаздықты бала күнімнен бастадым. Қуыршақтарым, қонжықтарым, басқа да ойыншықтарым оқушыларым болатын. Кейін олардың орнын інім, оның достары мен менің құрбыларым басты. “Оқушыларымды” оқуға, жазуға үйретіп, жауаптарына баға қоятынмын”, – деп ұлы мамандыққа қалай келгенін езуіне күлкі үйіре есіне алған Әлия Мұхамадиева өзіне білім әлемінің кілтін ұстатып, болашақ өмірінің негізін қалаған мектептегі ұстаздары болғанын жеткізді. Ал оны тәрбиелеп, тұлға болып қалыптасуына, жақсы мен жаманды, ақ пен қараны ажыратуға үйреткен өмірдегі ұстазы болған адам – әжесі. “Ол бауырым екеуміздің әрқайсымызбен мектеп табалдырығын аттап, оны бізбен бірге бітіретін. Бала күнімде интернет деген болған жоқ. “Кітап пен ғылым – тілсіз мұғалім”– демекші, қызыға оқыған әр шығармамнан рухани азық алатынмын. Оқыған кітаптарым болашағыма жол нұсқап, білім әлеміне қанат қақтырды”, – дейді Әлия Даниярқызы.

Мағжан Жұмабаев ауданындағы Совет ауылында жұмысшы отбасында туып-өскен Әлия Даниярқызы білім алған алтын ұя мектебінде ерекше есте қалатын сәттерін өткізеді. Мектеп табалдырығын тұңғыш аттаған тұлым-шағы желбіреген топ-томпақ қыз он бір жылдың қас қағым сәттей болып қалай өткенін байқамайды. Бала күнгі ұстаздарына еліктеп, “мұғалім мен оқушы” рөлін сомдаған кішкентай қыз жоғары оқу орнына түсуге грант ұтып алып, алғашқы жеңістің тәтті дәмін сезінеді. М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін “Педагогика және психология” мамандығы бойынша үздік тамамдайды да, магистратураға түседі.

Қазіргі қатаң бәсекелестік кезеңінде біреудің әлеуетін жүзеге асыруға шын ниетімен көмектесетін адамдарды кездестіру қиын. Алайда, Әлия Мұхамадиеваның бұл жағынан жолы болған. “Арманымның орындалуына жол көрсетіп, жастықпен ойланбай істейтін қадамдардан сақтандыратын тәлімгерлерімнің бар екендігін мақтанышпен айта аламын. Солардың ішінде ғылыми жетекшім болған Алма Мырзалинованы ерекше айтқым келеді. Ол менің өмірімнің жолсерігі іспетті. Тәлімгерлерімнің үлгісімен және кеңесімен мен де бүгінде өзімнің мүмкіншіліктерімді білім саласында байқап жүрмін”, – дейді ұстаз.

Табысты болу үшін әр адам тұлға ретіндегі өзінің бағасының, білімі мен білігінің қандай деңгейде екендігін білуі керек. Әркім өз бойындағы білімі мен қоршаған ортадан жинаған тәжірибесін, дара қасиеттерін дамытады, жаңа сапалық деңгейге көтеріледі және ол міндетті түрде адам өмірінде көрініс табады. Осы жағдайды назарға ала отырып, Әлия Даниярқызы да өмірінің ойдағыдай болуына баса мән береді. “Адам алдына мақсат қойып, соған жету үшін бар күшін салса, алынбайтын қамал жоқ. Тек өз мүмкіншілігімізге шек қоймай, атқарған ісіміздің жеңіс әкелетініне сену керек”, – дейді ол.

Бүгінгі күні мұғалім алдында бәсекеге қабілетті, шұғыл әрекет ететін, айналасындағылармен тіл табыса алатын, сындарлы, ашық, ақыл-ойы толысқан, білім кеңістігіндегі өзгерістерге дайын шәкірт тәрбиелеу міндеті тұр. Сондықтан әр сабағына өте мұқият дайындалатын ұстаз алдындағы оқушының жеке ерекшеліктерін ескеріп, оларды еліктіріп, пәнге қызығушылықтарын оятатын, белсенді де шығармашылықпен жұмыс істеуге жетелейтін әдіс-тәсілдерді іздестіреді. Әсіресе, студенттердің кәсіби сөздік қорларының мол болуына, оқыған мәтіннің мәніне терең үңіліп, ұсынылған материалға талдау жасауға, логикалық ойлау қабілеттерін дамытуға бағытталған жұмыстарды жиі ұйымдастырады. Студенттердің танымдық әрекеттерін дамыту мақсатында жекеше, топпен, жұптап, ұжымдық жұмыс жүргізіп, алған білім сапасын тестілеу, перфокарталар, сынақтар, өзіндік және бақылау жұмыстары арқылы тексеріп отырады. “Тапсырмалар мен материалдарды дайындаған кезде студенттерді қызықтыратын, жарыстыратын элементтерді, оқу бағдарламасынан тыс фактілер мен мәліметтерді енгізіп, қолданылатын тірек-сызбалардың, кестелердің, үлестірмелі карточкалардың талғаммен безендірілуі де маңызды”, – деген ұстаз дәріс, семинар, саяхат, тәжірибе және іскерлік ойын сияқты дәстүрлі емес сабақтар оқушылардың ынтасын арттыратынын айтады. Бұл әдіс студенттерді өз беттерімен ізденуге, жеңіске ұмтылуға жетелеп, жедел, жинақы, епті, тапқыр болып, тапсырманы нақты әрі сапалы орындауға, ережелерді сақтауға, барлығының өз зияткерлік қабілеттерін жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Әркім өзі шығар тауының биік болғанын қалайтыны табиғи құбылыс. Әлия Мұхамадиева да кәсіби әрекетінде үнемі биіктен көріну үшін өзін-өзі жетілдіріп, шығармашылық ізденуді, үздіксіз оқуды мақсат етеді.

 

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp