«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БИІКТЕН КӨРІНЕТІН БОЛАМЫЗ

Бүгінгі таңда қазақстандық білім беру жүйесі жаңа заман талабына сай жаңаруда. Білім берудің деңгейі мен сапасы жақсарып, оның тиімділігі оқыту мазмұнына сәйкес өлшемдермен бағалануда. Жаңашылдыққа толы, тез өзгермелі өмір жағдайында педагогикалық парадигма білімді де білікті, тың серпіліске, өзгеруге дайын және жаңа талаптар биігінен көріне алатын шығармашыл да кәсіби шебер мұғалімдерді қажет етіп, оларға жаңа талаптар қойып отыр. Сондықтан оқушылардың мектепте де, өмірде де табысты болуы мұғалімнің кәсіби шеберлігі мен адами құндылықтарына, құзыреттілігіне байланысты.

Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернаты ұжымының алдына қойған мақсаты – өз біліміне сенімді, бәсекеге қабілетті, ерік-жігері мол, жаңашылдыққа бейім, өздігінен шешім қабылдай алатын дарынды жеке тұлға қалыптастыру. Осы талап үдерісін бүгінгі мектеп пен білім саласындағы жаңалықты тез қабылдап, жылдам өзгерте алған мұғалімдер қауымы қанағаттандырып отыр. Оған Қазақстан Республикасының педагог қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға арналған үш айлық курс бағдарламалары, мектеп мұғалімдерінің кәсіби қоғамдастық аясында белсенді жұмыс істеуге бейімделе алуы оң ықпалын тигізуде. Гимназияда еңбек етіп жүрген 53 педагогтің 21-і – үш айлық деңгейлік курстан өткендер. Ұстаздардың 33-і – жоғары, 13-і – бірінші санаттылар.  

Мектептің оқу-материалдық базасы молайтылған: 29 оқу кабинеті, заманауи физика, биология, химия кабинеттері, 17 интерактивті тақта, 3 мультимедиалық-компьютерлік кабинет, Қ.Оразов атындағы ғылыми-практикалық орталық, облыстық қазақ тілі мен әдебиеті зертханасы, 15 мыңға жуық қоры бар кітапхана, мұражай, лагеріміз бар. Жаз бойы оқушыларымыз бейіндік салалар бойынша лагерьде демалып, олимпиадалар мен түрлі жарыстарға дайындалды. Материалдық-техникалық жағынан жан-жақты қамтылған мектепте жүргізілетін жұмыстарға да жоғары талап қойылады. Нәтижесінде мектеп оқушылары республикалық, халықаралық деңгейлердегі әртүрлі байқаулар мен сайыстарға белсене қатысып, үлкен табыстарға қол жеткізуде. Оған мектебіміздің М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетімен, Алматыдағы “Бөбек” ұлттық ғылыми-практикалық, білім беру және сауықтыру орталығының обсерваториясымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуі оң нәтижесін беруде.

Оқушыларымыз 2014-2015 оқу жылындағы Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысы бойынша жақсы көрсеткіштерге жетті. Түлектеріміз Дариға Мақашева (114 балл) мен Камила Шәкірова (109 балл) – “Алтын белгі”, Әнел Рахимова “Үздік аттестат” иегерлері атанды. 2014-2015 оқу жылында мектепті 49 түлек аяқтады. Оның 25-і Ұлттық бірыңғай тест тапсырса, қалғандары халықаралық және республикалық байқауларға қатысып, жүлделі орындар алып, сертификаттарға ие болды. Бүгінгі таңда мектеп түлектері өздерінің армандарына қол жеткізіп, 35 түлек Алматы, Қарағанды, Павлодар, Астана, Қостанай, Петропавл қалаларындағы жоғары оқу орындарының грантына ие болды. 10 түлегіміз Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне әртүрлі мамандық салалары бойынша түссе, 5 оқушы Қарағанды медицина институтына, біреуі Назарбаев Университетіне, тағы басқа да жоғары оқу орындарына түсті.

Ұстаздардың табанды еңбегі мен оқушыларымыздың ғылымға, білімге, зерттеу жұмыстарына деген қызығушылықтарының арқасында осындай табыстарға қол жеткізіп отырмыз. Болашақта алдымызға одан да зор міндеттер қойып, сол биіктен көрінетін боламыз.

Күлжан ТӨКЕНОВА,

Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық

дарынды балаларға мамандандырылған

гимназия-интернатының директоры.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp