«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БИІК МҰРАТТАР БАСТАУЫ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: “Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму” атты Жолдауы Бес институттық реформа идеясын шығармашылықпен дамытудың, “100 нақты қадам” Ұлт жос­парында көр­сетілген міндеттерді шешудің тетігі болып табылады. Еліміздің дамуы үшін маңызды құжатты заңнамалық қамтамасыз ету бойынша 80-нен астам заң қабылданып, 2016 жылдың 1 қаңтарынан іске қосылды. Соның аясында білім беру жүйесіне де бірқатар өзгешеліктер енгізілді. Олар: орта, арнаулы және инклюзивтік білім беруге, педагог мәртебесін арттыруға, тағы басқа да бірқатар мәселелерге қатысты өзгерістер. Аталмыш шаралар еліміздің білім жүйесін жетілдіруге мол мүмкіндіктер береді.

Қазақстанның әлемнің алдыңғы қатарлы 30 мемлекетінің қатарына қосылып қуатты ел атануына, ең алдымен, эко­номикалық өсім қажет. Осы ретте еліміздің әр саласында жүргізіліп жатқан реформалар экономиканың, қоғам мен мемлекеттің тұрақтылығын қамтамасыз етеді. ХХІ ғасырда қоғамның барлық салаларын үздіксіз жаңғырту дамудың басты факторына айналып отыр. Соның ішінде білім беру саласын реформалау адам әлеуетінің сапасын арттыруға бағытталған. Қазақстан Республикасының “Білім туралы” Заңында білім беру жүйесінің басты міндеті – ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтарға, ғылым мен тәжірибе жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға және оны кәсіби шыңдауға бағытталғандығы атап көрсетілген. Оның аясында білім алуға қажетті жағдайлар жасау, оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу, тағы басқалары көзделген.

Ел дамуының басым бағыттарының бірі ретінде педагогтердің алдында зияткерлік ұлт қалыптастыру міндеті тұр. Зияткерлік ұлт білім мен тәрбие арқылы қалыптасады. Осыған орай Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша еліміздің әр өңіріндегі Назарбаев Зияткерлік мектептерінің тәжірибесін басқа да мектептерге тарату қолға алынған. Бүгінде Назарбаев Зияткерлік мектептері Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясымен бірлесіп, халықаралық тәжірибелердің негізінде және жүргізілген эксперименттердің оң нәтижелерін ескере отырып, жалпыға міндетті бастауыш білім беру стандартын әзірледі.

Үстіміздегі оқу жылының басынан елімізде мемлекеттік жалпыға міндетті бастауыш білім беру стандарты бойынша апробациядан өтіп жатқан 30 мектептің қатарында біздің облыстың (Петропавл қаласындағы №16 орталау және Мағжан Жұмабаев ауданындағы Сарытомар орта мектептері) екі білім мекемесі де бар. Алдағы оқу жылында 1-сыныпқа келетін бүлдіршіндердің барлығы жаңа мазмұндағы оқыту бағдарламасы бойынша жұмыс істейтін болады. Сөйтіп, 2020 жылға дейін Ұлт жоспарының 76-қадамында көзделген 12 жылдық білім беруді кезең-кезеңмен енгізу жүзеге асырылады.

Қазіргі заманда жай ғана жаппай сауаттылық жеткіліксіз. Біздің түлектеріміз ең озық технологиямен және заманауи өндірістерде жұмыс істеу машығын меңгеруге дайын болулары тиіс. Осызаманғы қазақстандықтар үшін үш тілді білу – әркімнің дербес табыстылығының кепілі. Сондықтан үш тілде оқыту “Балабақша-мектеп-колледж-жоғары оқу орны” жүйесі бойынша деңгейлеп жүзеге асырылуда. Орыс тілінде оқытатын мектептердің 1-11-сыныптарында қазақ тілін үйретудің деңгейлік оқулықтары мен оқыту-әдістемелік кешендері Айыртау ауданындағы Имантау және Петропавл қаласындағы №26 орта мектептерінде апробациядан өтуде.

Ұлт жоспарының 79-қадамында білім беру жүйесінде – жоғары сыныптар мен жоғары оқу орындарында ағылшын тілінде оқытуға кезең-кезеңмен көшу көзделген. Оның басты мақсаты – даярланатын кадрлардың бәсекелестік қабілетін арттыру және білім беру секторының экспорттық әлеуетін көтеру. Бұл ретте облыстық дарынды балаларға мамандандырылған білім ордаларының (қазақ-түрік мектеп-лицей-интернаты, Әбу Досмұхамбетов атындағы мектеп-гимназияда және ЛОРД лицейінде) жоғары сыныптарында жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер ағылшын тілінде оқытылатынын айта кеткен жөн. Демек, аталмыш білім ошақтарында бәсекеге қабілетті, үлкен өмірге именбей қадам жасап, еліміздің дамуына өз үлестерін қосатын ұрпақ тәрбиеленуде деп айтуға толық негіз бар. Аталмыш мектептердің тәжірибесі өңіріміздің өзге де білім мекемелеріне біртіндеп таратылатын болады.

Кәсіптік-техникалық білім беру, еліміздің инвестициялық тартымдылығының факторы ретінде адами капиталды дамыту мәселелері бүгінде өзекті әрі басым бағыттар болып табылады. Ұлт жоспарының 77-қадамында: “Экономиканың алты негізгі саласы үшін он алдыңғы қатарлы колледж бен он жоғары оқу орнында білікті кадрларды даярлау, кейіннен бұл тәжірибені еліміздің басқа оқу орындарына тарату” мәселесінің қарастырылуы осының айғағы. Мемлекет басшысы жастарды білімді, еңбекқор, бастамашыл, белсенді болуға қазірден бастап дағдылануға шақырып, ғылым мен инновацияның күні туған заманда техникалық мамандықтарды меңгергендердің озатынын алға тартты.

Облысымыз бойынша өткен жылы мектеп түлектерінің 41 пайызы кәсіптік-техникалық білім беру мекемелеріне түсті. Өңірлік кәсіпкерлер палатасының ұсынысын ескере отырып, туризм, сатушы, кондитер, бухгалтер сияқты жаңа мамандықтарға мемлекеттік тапсырыс берілді. 2016 жылы еңбек нарығының сұранысын қанағаттандыру мақсатында мектепке дейінгі білім беру, дәнекерлеуші, электрмен жабдықтау мамандықтары бойынша қабылданатындардың санын арттыруды көздеп отырмыз.

Бүгінгі күні облыста 4093 білікті маман даярланды, соның жартысына жуығы мемлекеттік тапсырыс бойынша оқыды. Оның 3062-сі жұмыспен қамтылған. Жұмыспен қамту көрсеткіші Жамбыл, Уәлиханов аудандарында жақсы жолға қойылған. Үстіміздегі жылы еңбек нарығына 3850 түлек қосылады. Олардың арасында: 115 адам дәнекерлеуші, 262 құрылысшы, 32 токарь, 56 техник-механик, 470 тракторшы-машинист, 24 мал дәрігері, 50 агроном, тағы басқа да мамандар бар.

“Кәсіптік-техникалық білім беруді жаңғырту” жобасы аясында Петропавл құрылыс-экономикалық колледжі 41 миллион теңгенің грантын ұтып алды. Ол қаражат колледждің материалдық-техникалық базасын нығайтуға, оқытушылардың шетелдерде біліктілік курстарынан өтулеріне, модульдік бағдарламалар жасауға жұмсалды. Колледж негізінде “Құрылыс саласына кадрлар даярлауға арналған ресурстық орталық” құрылымдық бөлімшесі құрылды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Қазақстан жолы – 2050” Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты” атты Жолдауында: “Кәсіби-техникалық және жоғары білім беру ең бірінші кезекте ұлттық экономиканың мамандарға деген қазіргі және келешектегі сұранысын барынша өтеуге бағдар ұстауы керек. Көп жағынан бұл халықты еңбекпен қамту мәселесін шешіп береді”, – деген болатын. Осыған орай елімізде қолға алынған “Дуалдық білім беру жүйе­сінің жол картасы” бойынша біздің облыстың 12 колледжінде 2328 студент білім алуда. Аталмыш жүйе үстіміздегі жылы Айыртау ауданының Саумалкөл, Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Рузаев ауылдарындағы және Тимирязев ауданындағы агротехникалық колледждерде енгізілмек.

Сол сияқты, дуалдық білім беру жүйесі аясында “СевКазЭнерго” АҚ Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжі негізінде электрмен жабдықтау мамандығын меңгеріп жүргендерге арналған оқу полигонын ашты. Бұл колледж студенттерінің теориялық тұрғыда алған білімдерін тәжірибемен ұштастыра отырып, өмірде қолдануға үйренулеріне мүмкіндік береді.

Есіл ауданындағы Жәлел Қизатов атындағы ауыл шаруашылығы колледжінде 30 ірі қараға арналған оқу фермасы салынды. Арнайы пәндер бойынша үш кабинет жабдықталып, ет және ет өнімдерін өндіру мамандығы ашылды. Колледжде өңдеуші салалар үшін даярлау, қайта даярлау және біліктілікті арттыру жұмыстары қолға алынбақ. Бүгінде қысқамерзімді курстардан өтуге сұраныс артып отыр. Өткен жылы қайта даярлық курсынан 457 адам өтсе, биыл 800 адамды қамту көзделуде.

“Мәңгілік ел жастары – индустрияға!” жобасы аясында өткен жылы 249 студент өңіріміздің бес колледжінде 9 мамандық бойынша білім алса, олардың қатары биыл оңтүстіктен келген 185 студентпен толықты.

2017 жылы қолданысқа енетін “Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім” бағдарламасы жастардың өмірде қажетті мамандықтарды меңгеріп, еңбек дағдыларын алуына жағдай жасайды.

Тәуелсіз Қазақстанның әлемдік өркениетке жетудегі бірден-бір дара жолы – білім жүйесі. Бәсекеге қабілеттілік бірінші кезекте білімділік деңгейімен айқындалады. Биік мұраттар бастауы болған Жолдаудың бүгінгі міндет­терін жүзеге асыру арқылы біз мемлекеттігіміздің тұғырын мызғымастай нығайтып, Қазақстанның дамуы­на өз үлесімізді қосатын боламыз.

Шолпан КАРИНОВА,

облыстық білім басқармасының

басшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp