
“Блок” ЖШС-і бизнесті осыдан 25 жыл бұрын бетон блок шығарудан бастапты. Араға жылдар салып, өндірістің бағыты электр оқшаулағыш материалдар шығаруға ауыстырылса, бүгінде кәсіпорынның басты артықшылығы “Ризолин” аталатын тауар түрін өндіру болып табылады.
Осыдан сегіз жыл бұрын серіктестіктің білікті технологтары мен инженерлері жаңа инновациялық өнімнің құрамын ойлап тапқан. Қазақстанда дәл осы технологиямен өнім шығаратын кәсіпорын жоқ. Сондықтан серіктестіктің тауар сатылымының географиялық ауқымы кең. Ресей нарығын жаулап алудың тиімді жолын тапқан компания осыдан екі жыл бұрын Омбы қаласында шағын зауыт ашып, жұмысын жандандыра түскен. Сондай-ақ, бүгінде олар Түркия, Моңғолия, Біріккен Араб Әмірлігі, Чехия, Ресей, Беларусь, Украина сияқты елдермен сауда-саттық келісімін қалыптастырған. Ал осы тауарды өндіретін станоктарды кәсіпорынның жаңалық тапқыштары ұсынған кескіндеме бойынша Петропавл ауыр машина жасау зауыты жасап беріпті. Сондықтан бұл толығымен солтүстікқазақстандық өнертапқыштардың тың идеясы деуімізге толық негіз бар.
Сонымен “Ризолин” дегеніміз не? Жабысқыш құрылыс материалы су өткізбейтіндігімен, созылғыштығымен, төзімділігімен ерекшеленеді. Негізі шыны матадан тұратын материалға битум және индустриялық май сіңірілген. Бұл оның төзімділігі мен пайдалану мерзімін ұзарта түседі. Кәсіпорын аталмыш өнімнің үш түрін шығарады. Ризолиннің қарапайым түрінде екі жағынан да жабысқыш болса, қалған екеуінің бір беті алюминиймен немесе мыспен қапталады. Ризолинмен құрылыс немесе жөндеу жұмыстары кезінде кез келген нысанның қандай да болсын ой-қыры, доғал пішіндері оңай қапталады. Онымен қаптау немесе төсеу жеңіл, бұйым экологияны ластамайды, рулонмен оралған материалды тасымалдау еш ауыртпалық тудырмайды. Бүгінде өңіріміздің агроөнеркәсіп кешендері бұл құрылыс материалының тиімділігін ұғып, қойма мен қорақопсыларының шатырларын жабуға, қаптауға оны кеңінен пайдалана бастаған. Тұрғын үй, зауыт, элеватор, үлкен ғимараттардың барлығы нысан төбесін жабуға осы ризолинді пайдалануға көшкен.
Аталмыш кәсіпорын қыс айларында электр оқшаулағыш материалдарын шығарумен шектеледі, ал ризолин өндірісі үш-төрт айға тоқтатылады. Өйткені, жұмсақ шатыр төсеу жұмыстары қыста тиімсіз, жабысқақ материалға күннің жылуы керек. Ал тапсырыс болса өндірісті іске қосып, тұтынушының талабын орындау қиынға соқпайды. Өйткені, кәсіпорын тәулігіне 6 мың текше метр өнім шығаруға қауқарлы.
– Оған теңдес келетін материал жоқ. Бұл – біздің патенттелген өніміміз. Сұраныс жылдан-жылға өскен сайын материалдың құндылығы жоғарылап келеді, бағасы да қолжетімді. Ұжымда білікті мамандар еңбек ететіндіктен, басқа да инновациялық ізденістер бар. Келер жылдың көктемінде өндіріске тағы бір жаңалық енгізуге әрекеттеніп жатырмыз. Әзірге ол не екені құпия. Биыл Омбыдағы зауыттың өнімділігін қосқанда кәсіпорын 455 миллион теңгеге ризолин сатты, – дейді серіктестік директорының орынбасары Анатолий Сысоев.
“Блок” ЖШС биылғы “Қазақстанның үздік тауары” облыстық байқауында осы өнім түрімен екінші орынды иеленіп, одан арғы республикалық кезеңде де жеңістің биік тұғырынан көрініп, 2-ші дәрежелі дипломант атанды. Жалпы әкімшілік өз өнімдерін “ЭКСПО – 2017” көрмесіне дайындап жатыр. Тауарлары әлемдік стандарт өлшемдеріне сай келетінін, жаңа өнімдер тұтынушылардың көңілінен шығып жатқанын ескерсек, бұл кәсіпорын қандай қадам жасаса да, ұпайы түгел болатыны байқалады.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.