Петропавл қаласындағы Спорт сарайында қазақ күресінен ел біріншілігі басталды. Дүбірлі бәсекеде еліміздің барлық облыстарынан, Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан жиналған 300-ден астам балуанның арасынан шын мықтылар анықталмақ.
Жарыстың ашылу салтанатында облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров спортшыларға сәттілік тілеп, бұл салада атқарылып жатқан игі істерге тоқталды.
– Мемлекет басшысы үстіміздегі жылғы Жолдауында елімізде кем дегенде 100 спорт кешені салынуы қажеттігін атап айтқан болатын. Бұл жұмыс біздің облысымызда да сәтті жүзеге асырылуда. Өңірімізде бұқаралық спортты дамыту мақсатында көптеген шаралар ұйымдастырылып, жаңа нысандар бой көтеруде. Облыс орталығында қазақ күресінен “Қызылжар арландары” спорт клубы құрылды, теннис орталығы пайдалануға берілді. Жуырда Булаево қаласында батыр Баян атындағы спорт кешені ашылды, – деді Айдарбек Сейпілұлы.
Қазақ күресі федерациясының бас хатшысы Бақдәулет Сәбитов облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаровқа, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Руслан Есеналинге қазақ күресі федерациясының президенті, “Қазақстан барысы” турнирінің ұйымдастырушысы Арман Шораевтың Алғыс хатын табыстады. Ал қазақ күресінен облыстың тұңғыш спорт шебері, Петропавл қаласының құрметті азаматы Бауыржан Құлжанов ұлттық спортты дамытуға қосқан үлесі үшін федерацияның төсбелгісімен марапатталды.
Біріншіліктің екінші күнінің қорытындысы бойынша 90 килограмм салмақта шымкенттік балуан Әділжан Ыстыбаев жеңімпаз атанса, Жамбыл облысының өкілі Аян Рысбай екінші орынға табан тіреді. Ал жерлесіміз Алтынбек Аусағитов пен шығысқазақстандық Әсет Ахметжан үшінші орынды өзара бөлісті.
100 килограмм салмақ дәрежесінде белдескен балуандардың арасында Қызылорда облысының өкілі Нұрым Сәлімгереев топ жарды. Қызылордалық Мақсат Исағабылов екінші орынға ие болса, қызылжарлық Мұхит Тұрсынов пен шығысқазақстандық Дәулет Мақабаев үздік үштікті түйіндеді. Абсолютті салмақта Алматы қаласының өкілі Руслан Әбдіразақов үздік атанды. Астаналық Айбат Сейтен екінші болса, жерлесіміз Рустем Жұмаев пен ақтөбелік Нұрсұлтан Иманғазин үшінші болды.
Сайыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлері ел құрамасына қабылданып, 2019 жылы өтетін әлем чемпионатында және “Еуразия барысы” турнирінде бақтарын сынайтын болады.
Қанат АТАМАНОВ, “Soltústіk Qazaqstan”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.