Нұржан Серікболдың есімі қызылжарлықтарға жақсы таныс деп айта алмаймыз. Еркін күрестен жауырыны жер иіскемеген бойжеткенге соңғы жылдары боз кілемге шығу қол жетпес арманға айналды.
Оқырмандарға түсінікті болуы үшін алдымен мақала кейіпкерін таныстырып өтейік. Ол – М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің студенті. 1999 жылы Моңғолия астанасы – Улан-Батор қаласында көпбалалы отбасында дүниеге келген. Әкесі Серікбол Аханбайдың өзі спортқа жақын болып өскендіктен, ұл-қыздарының спортшы болғанын қалаған екен. Анасы Лазихан Түселбай да қызының саламатты өмір салтын ұстанғанына қолдау білдірген. Сөйтіп, бірінші сыныптан бастап жеңіл атлетикамен, ал кейін баскетболмен айналысады. Дарынды қыз баскетболдан жасөспірімдер лигасында қатарынан бес жыл сәтті өнер көрсетеді. Тіпті, командасы АҚШ-та өтетін халықаралық сайыстардың жолдамасына қол жеткізген екен.
Түрлі бәсекелерде 16 жастағы спортшының ептілігін байқаған жергілікті жаттықтырушылар оған еркін күреспен айналысуға кеңес береді. Әрине, бір спорт түрінен екіншісіне ауысу кімге де болсын оңай соқпасы анық. Бұған дейін жеткен жетістіктерің желге ұшқанмен бірдей. Десе де, отбасымен ақылдасқан Нұржан еркін күрес үйірмесіне жазылуға бел буады. Және бұл шешіміне өкінген емес. Алғашқы бапкері Даваацэрэн Мөнхбаярдың жетекшілігімен күрестің қыр-сырын меңгере бастайды. Кешегі баскетболшы қыз енді бар уақытын боз кілемде өткізеді. Залда төккен маңдай тер өз нәтижесін бермей қоймайды. Сөйтіп, облыс деңгейінде ұйымдастырылған сайыстарда үздіктер қатарынан көріне бастайды. Атап айтар болсақ, 2015 жылы Ресейде Наталья Воробьева атындағы халықаралық жарыста 70 килограмм салмақ дәрежесінде белдесіп, топ жарады. Сол жылы Моңғолияда жасөспірімдер арасында өткен ел біріншілігінде сәтті өнер көрсетіп, чемпион атанады. Кейін “А” дәрежелі Азия ойындарының жолдамасына қол жеткізеді. Сөйтіп, спорт шебері нормативін орындап, абыройы аспандайды.
Міне, осылайша жаттығу залынан спорттың биік белестеріне көтерілген Нұржан 2017 жылы тарихи Отаны – Қазақстанға жоғары білім алу үшін арнайы келеді. Қажетті құжаттарды жинап, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің ел азаматтары болып табылмайтын, ұлты қазақ жастар үшін бөлінген квотасы бойынша білім беру гранты иегерлерінің тізіміне енеді. Бүгіндері М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің үшінші курс студенті ретінде дене шынықтыру және спорт мұғалімі мамандығын меңгеруде.
– Менің мақсатым – Қазақстан азаматтығын алып, тарихи Отанымның атынан сайыстарға қатысу. Моңғолиядан тек оқу мақсатымен келген мен үшін азаматтық алу қиынға соғуда. Екі ел арасында жүріп-тұру, жол шығыны да бірқатар кедергі туғызуда. Қазіргі уақытта өз еркіммен жаттығып жүрмін, – дейді Нұржан Серікбол.
Біздің өңірде еркін күреспен айналысатын қыздар көп деп айта алмаймыз. Ел құрамасына алынып, халықаралық сайыстарда ел намысын қорғап жүрген бұрымдылар саусақпен санарлықтай. Яғни, еліміздің азаматтығын алып, жарыстарда Қазақстанның намысын қорғауға ниет білдіріп отырған бойжеткенге қолдау көрсету керек сияқты.
Бұл сөзімізді еркін күрестен аға жаттықтырушы Сағындық Бейсенбаев та құптады. Жаттықтырушының айтуынша, бүгінгі таңда Моңғолия елінің бұрымдылары еркін күрестен Азия құрлығының үздік бестігіне кіреді.
– Мен Нұржанды жақсы танимын. Ол бос уақытында жаттығуларды қалдырмауға тырысып жүреді. Икемі бар, еңбекқор қыз екені бірден көрінді. Нұржанның Қазақстанның атынан сайыстарға қатысамын деген ниетіне ризамын. Бүгінгі таңда жергілікті футбол мен хоккей клубтары спортшылары арасында еліміздің азаматтығын алғандар аз емес. Оларға құжаттарын рәсімдеу бойынша көмек көрсетіледі. Бұл тұрғыда өзіміздің қандасымызға жағдай жасап, құжаттарын түгендеуге қолдау білдіру қажет деп ойлаймын, – дейді Сағындық Бейсенбаев.
Қазіргі уақытта біздің өңірде 70 килограмм салмақта белдесетін қыздар аз. 57, 59 және 62 килограмм салмақта ғана ел біріншілігінің жүлдегерлері бар.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми сайтындағы ақпаратқа сәйкес біздің елімізде оралман мәртебесін алғандардың Қазақстан Республикасының азаматтығын жеңілдетілген тәртіппен алуға құқығы бар. Қалған шетелдіктер елімізде кемінде бес жыл тұруы қажет. Яғни, оралман мәртебесі жоқ, білім алу мақсатымен ғана шекара асқан Нұржан Серікбол әлі кем дегенде екі жылдай боз кілемге шыға алмайды.
Қанат АТАМАНОВ,
“Soltústik Qazaqstan”.