«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БОЙЛАРЫНА СЕНІМ ҰЯЛАТАЙЫҚ

Мектеп түлектерін Ұлттық бірыңғай тестілеуге даярлау кезінде кездесетін қиындықтарға психологиялық тұрғыдан төтеп бере білуге үйрету маңызды. Оларға осы кезеңде түсінушілікпен қарап, алдағы кедергілерді шешуге, күн тәртібін құруға, материалды есте сақтап, қайта жаңғыртуға үйретіп, өз қабілеттерін тиімді қолдануға бағыт беру қажет.

Мектеп түлектерін ҰБТ-ға даярлау барысында қорқыныш пен іштей қиналыс сезімдерінен құтылу үшін түрлі жаттықтырулардың маңызы зор. Мен оқушыларыма бойға сенімділік ұялату және күйзеліске ұшырамау үшін өз-өздерін бағалай білу маңызды екенін түсіндіремін. Ол үшін “ҰБТ-ға сеніммен қараймын”, “Сенімділік күш береді” тақырыптарында тренинг сабақтар өткіземін. Одан басқа тестілеулер, сауалнамалар, пікірталастар, ойлау қабілетіне арналған жаттығулар, ата-аналарға ақыл-кеңес, әуен терапиясы сияқты әдістемелерді қолданамын.

Мәселен, оқушыларға “Күйзелісті қалай жеңуге болады?” жаттығуы өте жақсы әсер етеді. Бірінші кезеңде ҰБТ-ға дайындық кезіндегі қиыншылықтарды, жағымсыз жағдайларды шарға айтып, оны үлкен қылып үрлетемін де, жарғызамын. Ал екінші кезеңде шарды жағымды ойлармен толтыртамын. Сосын оны құлақтарына жақындатып ақырын желін шығартамын. Жаттығу соңында балалар алған әсерлерімен, ойларымен бөліседі. Оқушылар осы жаттығудан кейін: “Кез келген қиындықты, жағымсыз жағдайларды достарыңмен, ұстаздарыңмен, ата-анаңмен бөлісу керек. Ішке жинай берсең, арты жақсылыққа апармайды”, – деген ортақ тұжырымға келді.

Әуен терапиясын қолдану да өте пайдалы. Ол оқушыларды күйзеліске қарсы тұра білуге жігерлендіреді, жандарын тыныштандырады, көңіл-күйлерін көтереді. Сонымен қатар, “Суретті аяқта және жалғастыр”, “Емтихан уақытында өзіңді қалай ұстау керек?”, “Кім жылдам?”, “Сілкіп таста”, “Түйсігіңді тексер”, “ҰБТ-ның жағымды және жағымсыз жақтарын бейнеле” сияқты жаттығулардың да маңызы зор.

Осы әдістер арқылы ҰБТ-ға дайындық кезінде оқушылардың мінез-құлқын реттеп, өзін-өзі бақылау дағдысын қалыптастыруға болады. Көздеген мақсаттарға жету үшін олармен психологиялық жұмыстарды жүйелі жүргізген жөн. Ол оқушылардың бойына сенім ұялатуға, қиналған шақта дұрыс шешім қабылдай білуге жаттықтырады.

Айдана КАИРОВА,

Ғ. Малдыбаев атындағы

Жаңажол орта мектебінің психологі.

Шал ақын ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp