Бокстан облыстық олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің алаңында КСРО-ның халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Камиль Сафинге ескерткіш ашылды.
Мәдениет және спорт министрлігі дене шынықтыру және спорт комитетінің төрағасы Серік Жарасбаев сөз алып, 2005 жылы осы мектепте әдіскер болып еңбек жолын бастағанын айтып, Камиль Масғұтұлының спорт әлемінде қол жеткізген жетістіктерін тілге тиек етті.
Облыс әкімінің орынбасары Мадияр Қожахмет Еуропа чемпионатының күміс жүлдегері, әлемнің үздік былғары қолғап шебері Камиль Сафиннің өмір жолына тоқталып өтті.
– Камиль Сафин – отандық спорттың тарихында өшпес із қалдырған жерлестеріміздің бірі. 1996 жылдан бастап 2012 жылға дейін Петропавл қаласында жастар арасында оның жүлдесіне республикалық чемпионат өткізілген болатын. 2013 жылдан бері Камиль Масғұтұлына еске алуға арналған турнир өтуде.
Саналы ғұмырын спортқа арнаған солтүстікқазақстандық майталманның жеңісті жолын оның ізбасарлары жалғастыруда. Бүгінгі күннен бастап бокстан олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне әйгілі спорт шеберінің аты берілді, – деді Мадияр Дүйсенбайұлы.
Бокстан КСРО-ның құрметті спорт шебері, Еуропа чемпионы, әлем кубогы және “Дружба” халықаралық турнирінің күміс жүлдегері Камиль Сафиннің досы Серік Нұрқазов және басқалары облысымыздың мерейін үстем еткен спортшы жайындағы естеліктерімен бөлісті.
Камиль Масғұтұлы мүсінінің авторы Светлана Брютова екенін айта кету қажет.
Дулат ҚОЖАХМЕТОВ, “Soltústіk Qazaqstan”.