Қазақстан Республикасы үшін жаңа кезең 1991 жылдың желтоқсанынан басталды. Кеңес Одағынан еншісін алып, батыл бастамаларды қолға алды. Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін мемлекет алдында жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға көшу, Астананы Алатаудан Арқаға ауыстыру, жаңа астананы салу, еліміздің ұлттық қорын жасақтау және “Қазақстан – 2030” Стратегиясын құру, дамыған 50 елдің қатарына кіру мақсаттарын алға қойды.
Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігін, ең алдымен, онымен түбі бір туысқан Түркия бірден қуана құптап, қолын созды. Одан соң басқа елдер бірінен соң бірі Қазақстанды, тәуелсіз мемлекет ретінде танып, ішкі және сыртқы саясат арасында қарым-қатынастар орнату қажет екендігін түсінді. Географиялық, аумақтық жағынан алғанда жер көлемі жөнінен Қазақстан дүниежүзінде тоғызыншы орын алатындығы көптеген елдерді таңдандырды. Қос құрлықты, яғни Еуропа мен Азияны алып жатқан біздің Отанымыз өзінің табиғи байлығымен ғана емес, сондай-ақ, түрлі ұлттар мен ұлыстар, тілдер мен діндер өкілдері ешқандай қақтығыссыз, тату-тәтті өмір сүріп жатқандығына көздері жетті.
Қазақстан үшін өз тәуелсіздігін алар тұстағы халықаралық аренадағы алғашқы елеулі оқиға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Семей ядролық полигонын жабу және ядролық қару-жарақтан бас тарту болды. Қазіргі уақытта Қазақстан беделді халықаралық ұйымдардың қатысушысы ғана емес, осы уақытқа дейін ЕурАзЭҚ, ШЫҰ, ТМД секілді ұйымдардың төрағалығын сәтті атқара білді. Атқарылған істердің нәтижесінде Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалық етті, әлемдік саясатқа өз ықпалын тигізді.
Қазақстанның жаңа Конституциясының (1995 жылы) қабылдануы тәуелсіздігіміздің аса биік саяси белесі болды. Онда билік құрудың жаңа қағидалары бекітілді, азаматтардың негізгі құқықтарын қорғау қолға алынды. Ата Заң деген атқа ие болған Конституциямыз – біздің негізгі Заңымыз. Қазақстан Республикасы Конституциясының қабылдануы мемлекеттіліктің заңды түрде рәсімделгенін айғақтап, елдегі тың өзгерістерге жол ашты. Парламент заң шығару функциясын жүзеге асыратын еліміздің жоғары өкілді органы болды. Сөйтіп, біздің елімізде тұрақты негiзде жұмыс iстейтiн, екi палатадан: Сенаттан және Мәжiлiстен тұратын Парламент өмірге келді.
Тәуелсіздік алғаннан кейін елімізде жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға көшу үрдісі басталды. Алдымен экономикалық реформалар жүргізілді. Тәуелсіз Қазақстандағы экономикалық реформалармен қатар жүргізілген саяси реформалар да мемлекетіміздің халықаралық аренадағы беделін жоғарылатты.
Қазіргі кезде “Қазақстан – 2030” Стратегиясын мерзімінен бұрын орындап, жаңа Стратегия, яғни “Қазақстан – 2050” Стратегиясын қабылдады. “Қазақстан – 2030” Стратегиясы даму жолында өзінің өзектілігін дәлелдеді және осы бағдарлама аясында мемлекетіміз жоғары нәтижеге қол жеткізді.
“Қазақстан – 2050” Стратегиясынан бастау алатын “100 нақты қадам” – бұл жаһандық және ішкі сын-қатерлерге жауап және сонымен бір мезгілде, жаңа тарихи жағдайларда ұлттың дамыған мемлекеттердің отыздығына кіруі жөніндегі жоспары. “100 нақты қадам” елімізге “2050” Стратегиясын жүзеге асыру мен мемлекеттілігін нығайтуға, күрделі кезеңнен сенімді өтуге жағдай туғызады.
Аталған жоспардың негізгі мақсаты елімізді қоғам мен мемлекетті түбегейлі қайта өзгертудің негізін қалауға бағытталған.
Мемлекетіміздің дамуы, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жүргізіп отырған саясатының дұрыстығын көрсетті. Елбасымыз ұлтының үмітін ақтап, іргелі мемлекет құрды.
Сонымен бірге, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың биылғы Жолдауы алдыңғы жылдардағы Жолдаулардың заңды жалғасы болып табылғанымен, дамудың жаңа кезеңдеріне байланысты өзінің айтары айрықша, халыққа берер жақсылығы да бөлек Жолдау болды. Жолдаудың басты мақсаты ел экономикасын дамудың жаңа жолына шығаруға және әлеуметтік саясатқа бағытталды.
Уәлихан МҮСІРӘЛИЕВ,
облыстық прокуратураның прокуроры.