“Нұр Отан” партиясының кезекті ХVI съезінде Елбасымыз Президент сайлауына қатысатынын мәлімдеді. Осы жағымды хабарды барлық ел тұрғындары сияқты солтүстікқазақстандықтар да зор қуанышпен, қанағаттанарлық сезіммен қарсы алды. Себебі, бүкіл әлемді жайлаған қазіргі дағдарыс кезеңінде еліміздің алға қойған биік мақсаттары мен жоспарларын әрі қарай іске асыру үшін білікті де білімді, кемеңгер көшбасшы керек.
Президентіміз қандай форумда сөйлесе де, әрдайым бізге керегі тек тыныштық пен келісім, сонда ғана біз алға қойған үлкен жоспарларымызды іске асыра аламыз, ауызбірлік керек, деп еліміз егемендік алғаннан бері айтып келеді. Бұл тектен-тек айтылған сөз емес, бұл – өмірлік қағида. Келісім жоқ жерде не болып жатқанын алыс-жақын елдердің мысалдарынан көріп отырмыз. Ондайдан Құдай бетін аулақ қылсын! “Төртеу түгел болса төбедегі келеді, алтау ала болса, ауыздағы кетеді” деп қазақ тегін айтпаған ғой. Сондықтан елімізде осындай тыныштық пен берекенің болуы Елбасымыздың қажырлы еңбегі деп білеміз.
“Нұр Отан” партиясының ХVI съезінде сөйлеген сөзінде Елбасы алдымызға бес негізгі міндет жүктеді. Олардың ішіндегі негізгілері – барлық мемлекеттік қызметшілер, әкімдер, министрлер өз жұмысын қарапайым халықтың мүддесін шешуге жұмсауы керек деген орынды сөз. Сондай-ақ, ішкі істер қызметкерлеріне өз жұмыстарын ашық та жариялы түрде жүргізуді тапсырды. Әр мәселені шешкенде бәрі айнадағыдай айқын көрініп тұруы қажет екені ескертілді.
Тағы бір маңызды мәселе сот жүйесін жаңа арнаға салып, сот корпусына судьялар тағайындағанда олардың біліміне, тәжірибесіне, біліктілігіне айрықша көңіл аудару қажеттілігінің көрсетілуі болды. Сол сияқты әкімдер мен министрлер ауысқанда шұбыртып “өз” кісілерін ертіп жүруіне тыйым салуға шақырғаны да жөн іс деп санаймыз. Ауыл шаруашылығын нақты көтеруге қатысты айтқан ойлары да көңілге қуаныш ұялатады. Әйтпесе, ауыл тауар өндірушілеріне жыл сайын қомақты қаржы бөлініп, демеуқаржы беріледі, бірақ одан күткендегідей нәтиже болмай отыр. Енді мұндай тәжірибеге шек қойып, әрбір бөлінген тиынға бақылау жасап, тиімді пайдалану қажеттігін Президент қатаң талап етіп отыр. Сондай-ақ, тек астық, ет, сүт қана өндіріп қоймай, ауыл шаруашылығы өнімдерін тереңдете өңдеп, олардан қосымша құн алатындай дәрежеге жеткізу керектігін еске салды. Бұл – үстеме табыс көзі ғана емес, бәсекеге қабілеттілігімізді де арттырады деген сөз. Сонда ғана ауылымыз көркейе алады.
Ғалымбек ҒАЙСИН,
зейнеткер.