«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БОЛАШАҒЫ ЖОҚ ДЕГЕН БОС СӨЗ

Ауыл – руханиятымыздың темірқазығы, ұлттық құндылықтарымыздың алтын бесігі. Ауыл – бүтін бір елдің асыраушысы, қайнаған еңбектің және ұлттық руханияттың қайнар көзі. Ал оның өзекті мәселесі осы күні көзі қарақты жанның бәрін де толғандырары сөзсіз.

Қазақ даласы жеке адамның өктемзорлығымен емес, табиғи жолмен дамып келе жатқан жылдары Қызылжар өңірінде шағын ауылдар көп болатын. Қалың орманның қойнауында орналасатын, 20-30 шақты үйден тұратын бұл елді мекендер мал бағуға ыңғайлы еді. Ал тың көтеру жылдарында қазақ даласының өз ерекшелігі ескерілмеді. Қазақстан мен Сібірде 43 млн. гектардан артық жер жыртылды. Дегенмен, тың игеру жылдарында КСРО-ның бюджетінен ауыл шаруашылығына бөлінген қаражаттың 20 пайызы Қазақстанға құйылды. Шаруашылықтарға қажетті техникалар мен құрылыс материалдары жеткізіліп, жолдар мен ғимараттар салынды. Бірақ келтірген зияны одан да зор болды. Келімсектердің кесірінен қазақтың ана тілі тығырыққа тіреліп, құрып кетудің аз-ақ алдында қалғанын білеміз. Шағын деген сылтаулармен барлық қазақ мектептері жабылып, ауыл тұрғындары балаларын оқыту үшін ұжымшарлар мен кеңшарларға көшуге мәжбүр болды. Ал ол жердегі білім ошақтары тек орыс тілінде білім беретін-ді.
Сырттан қоныс аударғандар қазақтың мал жайылымдарын құртып, жыртып тастағанымен қоймай мыңдаған кеңшарлар мен ұжымшарларды көбейтіп, аумақтарын ұлғайта берді. Ауыл мен қаланың айырмасын жою мақсатында қалалықтарға ғана тән қора-қопсысыз үйлер салынды. Тіпті, көпқабатты үйлер тұрғызған жағдайлар да болды. Әрине, әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан алғанда ауылда мектептің, балабақшаның, аурухананың және тағы басқа әлеуметтік нысандардың болғаны бір жағынан жақсы. Бірақ ауылдың ерекшелігі, негізінен мал шаруашылығына бағытталуы, ал оған жайылым мен жемазық керек екендігі ескерілмеді. Тиімді экономика құру емес, жалпы саясатқа негізделген дәстүрлі емес шаруа – астық өсіруді алға шығарып, мал өнімдерін арттыру екінші кезекке қалды. Барлық шаруашылық құрылымдары осы бағытта жұмысын жүргізді.
Тәуелсіздік жылдарында өкіметтің қолдауымен ғана қалт-құлт етіп күн кешіп отырған кеңшарлар түгелге жуық құрып, арасында қазіргі заманға икемделген талантты менеджерлер кейбір шаруашылықтарды ғана аман сақтап қалды. Соның өзінде олар ауыл тұрғындарының санын арттыру арқылы емес, жұмысқа икемді адамдарды ғана тартудың есебінен жақсы нәтижелер көрсетуде. Мәселен, Аққайың ауданындағы “Дайындық-Агро”, Мағжан Жұмабаев ауданындағы “Ноғайбай” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері – облысқа ғана емес, бүкіл республикаға танымал шаруашылықтар. Алайда, олардағы түтін саны көп емес. Алғашқысында алпыс, ал екіншісінде отыздан артық қана үй бар. Сондықтан баяғы кеңестік “ауыл тұрғындарының санын арттыру, үй санын көбейту” деген сияқты тәжірибеден бас тарту керек деп ойлаймын. Керісінше, өзін-өзін асырауға шамасы келіп отырған ауылдарға жол тартып, қолдау білдірген жөн. Мемлекеттің ауылға жасайтын бар пайдасы осыған негізделсе, құба-құп болар еді.
Өкінішке қарай, біздің елімізде адам саны азайған ауылдарды “болашағы жоқ” деп жою қолға алынды. Осының өзі ауылдың негізгі қызметінің мақсаты мен міндетін жете түсіне алмай отырғанымызды көрсетеді. Тек Кеңес одағынан қалған кеміс тәжірибені тұтыну, гигантоманияға байланып қалу сол кездің әдісі еді ғой. Тұрғындары көп ауылдарды ғана қолдау керек деп ойлайды. Осыдан бес-алты жыл бұрын мен Ауыл шаруашылығы министрлігінің жергілікті жерлерді дамыту басқармасының басшысы болған біздің жерлесіміз Михаил Трошихиннің қабылдауында болып, туған ауылым – Тауағашқа жол салу мәселесін айттым. Сонда ол: “Адам саны аз ондай ауылдарға жол салынбайды”, – деген болатын. Міне, біздің барлық шенеуніктерімізде осындай пікір қалыптасқан. Ал жер көлемі үлкен, халқының саны аз, алайда, ауыл шаруашылығы жақсы дамыған Австралия мен Малайзия сияқты елдер шағын елді мекендердің түкпір-түкпірде отырғанын қалап, оларға жол салып берген. Соның арқасында олар өздері де ұдайы дамып, ауыл шаруашылығы өнімдерін де жақсы өндіріп отыр.
Табиғи жолмен дамитын шағын ауылдар адамға да, шаруаға да пайдалы. Ал баласын аудан орталығынан немесе қаладан оқыту, ауруханаға жету, үлкен сауда орталықтарына бару, өз өнімдерін өткізу үшін ауылдықтарға тек жол керек. Әсіресе, қазіргі әр аулада бір-бір көліктен бар екенін ескерсек, бүгінгі таңда бұл елді мекендерге жолдан басқа ештеңе керек емес.

Жақсыбай САМРАТ. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp