«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БОЛАШАҚТЫ АЙҚЫНДАҒАН МІНДЕТТЕР

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Нұрлы жол – болашаққа бастар жол” Жолдауында “Экономиканы дамытуда жаңа сыртқы тәуекелдерді есепке ала отырып, бізге іскерлік белсенділік пен жұмыспен қамтуды ынталандыру үшін жаңа бастамалар қажет. Жаңа экономикалық саясаттың тұғыры мен бүгінгі жарияланған инфрақұрылымдық дамудың жоспары болады”, – деп атап көрсеткенді. Өңіріміздің дамуының алғышарттарының бірі – ауылдардың дамуы мен гүлденуі.

Еліміз үшін киелі саналатын мереке – Тәуелсіздік күнін биыл жиырма бесінші рет тойлағалы отырмыз. Еліміз бен өңіріміздің көркеюін, тұтастығын мақсат еткен азаматтар осы айтулы мерекені асыға күтіп, шат-шадыман күйде қарсы алады. Аңсап келген егемендік, азаттық бағалай білгеннің ғана басына тұрақтайды емес пе?! Тәуелсіздігімен бірге есейіп, өсіп-өнген өңіріміздің Ғабит Мүсірепов атындағы ауданына қарасты Пески ауылындағы “АЗКО” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі елді мекеннің көркеюіне сүбелі үлес қосуда.

Мен ақыл тоқтатқан кезіме дейін кеңестік кеңістік кезінде ғұмыр кешіп, еліммен бірге кемелдендім. Өз туған өлкемнің дамуына, ауыл шаруашылығы саласын өркендетуге қосқан үлесім үшін Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің “Ауыл шаруашылығы саласының үздігі” төсбелгісімен марапатталдым. Бұл Тәуелсіздік тойы қарсаңындағы мен үшін тартымды әрі үлкен мәртебелі сыйлық деп білемін.

Тәуелсіздік алған еліміздің аяққа нық басып, құрылғанын өз көзімізбен көрген буын өкілі бола отыра, егемендіктің қандай жолмен келгенін жақсы білемін. Қазақстан үшін, қазақ халқы үшін тәуелсіздік аспаннан түскен сый емес еді. Халқымыз бостандықты аңсап, тәуелсіздікке зарығып жетті. Тәуелсіздік жолында еліміз аз қиыншылық көрген жоқ. Ол кезде азаттық, егемендік туралы арман түсімізге де кірмеген еді. Азаттығымызға қол жеткізген 1991 жылы мен Көкшетау қаласындағы ауыл шаруашылығы колледжін агроном мамандығы бойынша тамамдаған едім. Әрине, бар қазақ халқының қуанышы қойнына сыймады. Дегенмен, тәуелсіздікке қол жеткізген, енді ғана сәби секілді алғаш қадам басып жатқан мемлекет үшін әлеуметтік, экономикалық жағдай мәз болған жоқ. Кеңес Одағы ыдырап, егемендігімізді алған тұста бұрынғы Көкшетау облысының Рузаев ауданындағы Шұқыркөл ауылында агроном болып қызмет атқардым.

1998 жылы қазіргі Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда “АЗКО” ЖШС-і құрылды. Тәуелсіздік алған тұста кәсіпкерлік саласы жаңа дами бастаған еді. Мен 2001 жылы осы серіктестікке басшы болып келдім. Жоғарыда айтып өткенімдей, халықтың әл-ауқаты әлі түзеле қоймаған кез. Мекемелердің барлығы дерлік қаржылық қиындыққа байланысты шығындарын жаба алмай, қызметкерлерінің айлық жалақыларын төлей алмай жүрді. Сол кезеңде халық қысқартудың құрбанына айналып кетпеуді көздейтін. Десек те, жұмыстан қысқартуға ұшырағандардың қарасы аз болған жоқ. Ауылды гүлдендіру, өз ісімді дөңгелету үшін ауыл шаруашылығы саласын өмірімнің бір арнасына тоғыстырып, “АЗКО” серіктестігінің директоры ретінде жерлестерімнің сенімінен шығуға тырыстым.

Мамандығыма сай еңбек етіп, тынымсыз атқарған жұмыстарымның арқасында ісіміз оңға басты. Сол уақытқа дейін көрген-білгенім мен іс-тәжірибеме сүйендім.

Серіктестігіміз тәуелсіздікпен бірге өсіп-өркендеп келе жатыр. Осы ретте, “біз Тәуелсіздікке не бердік?” деген сұраққа жауап іздеп көрейікші.

1991 жылдан бері халыққа қызмет көрсетіп келе жатырмын деп айта аламын. Ауданымның гүлденіп, көркеюіне, ауылішілік жолдар мен тұрғын үйлер салуда, су жүйесін тартуда да өзіндік қолтаңбамыз бар. Серіктестігіміздің алға басуы, өңіріміздің ауыл шаруашылығы саласындағы алдыңғы қатарлы болуы – біздің еліміздің азаттығының арқасында жүзеге асып отырған дүниелер. Кеңес заманында жеке кәсіпкерлік ашып, осындай ірілі-ұсақты істі дөңгелетіп әкету деген ой мүлде болған жоқ. Тәуелсіздіктің арқасында ғана алға мақсат қойып, соны іске асыру жолдарын қарастыра алып отырмыз. Халыққа жасаған әрбір қызметімді менің ел тәуелсіздігіне қосқан үлесім деп санаймын. Біздің серіктестікте 120-ға тарта адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Бір айта кетерлігі, жұмысқа орналасқан мамандар өзге қызметтерге ауыспай, табан аудармай жұмыс істеуде. Ол дегеніміз қызметкерлерге жасалған жағдайдың дұрыстығы деп білемін. Ширек ғасыр ішінде солтүстікқазақстандықтар ел экономикасының маңызды саласы – ауыл шаруашылығын дамытуға сүбелі үлес қосуда. 8500 гектар алқапты алып жатқан серіктестігіміз биыл әр гектардан 20 центнерден өнім алды.

“Тәуелсіздік – тәуекел еткеннің ғана тағдырына бұйыратын бақыт” деген еді Елбасы. Мен де үлкен істі қолға алып, қазіргі таңда өңіріміздің ілгерілеуіне сүбелі үлес қосып, биік нәтижелерге қол жеткіземін деп сенемін.

Бүгінде кәсіпкерлікті қолға алам деуші жастарға алға нақты мақсат қоя білу және оған жету жолында табандылық таныту қасиеті болуы шарт деп ойлаймын. Ойға алған ісін жарты жолдан тастап кету – кәсіпкер болуды көздейтіндердің қашық жүруі тиіс амалы. Сондай-ақ, бірден мол олжаға кенелемін деген ойдан да алыс болған жөн. “Теңіздің тамшыдан құралатынын” басты назарға алған дұрыс. Сондай-ақ, уақытпен санаспау да керек. Өйткені, кез келген сәтте бірқатар шаруаларды тындыруға тура келеді.

Елбасымыз әрқашанда жастарға үлкен сенім артып отыр. Өйткені, бүгінгі жас ертеңгі еліміздің беткеұстары, әлемдік деңгейдегі мәртебемізді жоғарылататын да солар. Бүгінгі ақпараттық технологияның дамыған заманында тәуелсіз ел жастарының мүмкіндіктері зор. Шетелдерге де шығып білім көкжиектерін кеңейте алады. Кеңес Одағының тұсында мұндай мүмкіндіктердің бірі де болған жоқ. Ауданымыздағы беткеұстар шаруашылықтың бірі болғандықтан, ауылдардың дамуына, өсіп-өркендеуіне тамшыдай болса да өз үлесімізді қосып жүрмін. Серіктестік тарапынан өңір дамуына қосқан үлесіміз салмақты. Егемендік алған жылдары бәсекелестік болған жоқ. Ал қазір кез келген кәсіпкер бәсекелестікке төтеп бере алады. Бұл басында айтып өткендей, әр саланың, әр аймақтың дамуына алып келетіні сөзсіз. Ал біздің тәуелсіз еліміздің бүгінде жеткен жетістіктерін саралай келе, оның барлығы – халқымыздың айрандай ұйыған достығының жемісі дер едім.

Бүгіндері серіктестігіміз жалпыұлттық “Ұлы Дала елі – Тәуелсіздіктің 25 негізі” атты акцияға бір кісідей атсалысуда. Еліміз егемендік алу жолындағы өткеннен сабақ алып, жарқын келешегінің қамын бүгіннен бастап жасауда. Республикамызда халықтың игілігі үшін атқарылған іс-шаралар көп болса, болашақтағы айқындап алған міндетте­ріміз одан да ауқымды.

Айдар ЖАНҰЗАҚОВ,

“АЗКО” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры.

Ғабит Мүсірепов атындағы аудан.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp