Азаттық туын желбіретіп, Тәуелсіз мемлекет атанғанымызға биыл – 25 жыл. Небәрі ширек ғасырда Қазақстан көптеген сынақтарға төтеп беріп, биік белестерді бағындырды. Мұның барлығы – Елбасының сындарлы саясатының арқасында қол жеткізген жетістіктер.
Қашанда халықтың жағдайын ойлап, әл-ауқатын жақсартуды мақсат еткен Мемлекет басшысының қабылдаған әр шешімі, түйінді ойы жүрекке жылылық сыйлап, ертеңгі күнге деген сенімді бекіте түседі.
Жас мемлекетіміз бүгінде қарышты қадаммен алға басып, дамып келеді. Әрине, жаһандық дағдарыстар ықпалынан ешкім де тыс қала алмайды. Жаңа толқынның қайткенде де келіп соғатынын талай рет айтқан Елбасымыз бұл жолы дағдарысқа қарсы алдын алу стратегиясын жариялады.Ұлт жоспары – әрбір қазақстандық үшін құнды құжат. Жоспардың орындалуына атсалыссақ, белді бекем буып, бұл кезеңнен де абыроймен өтеміз.
Бүгінде мемлекет тарапынан еңбек етуге ұмтылған адамдар үшін барлық жағдай жасалуда. Халықты әлеуметтік жағынан қолдау үшін 2016 жылдан бастап бірнеше сала қызметкерлерімен қатар ұстаздардың да еңбекақыларының көтерілгені жағымды жаңалықтардың бірі болды. Биылғы жылы зейнетақы өсіп, мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері ұлғайды. Осылай санай берсек, қоржынымыздағы жағымды жаңалықтар ауыз толтырып айтарлықтай. Мұндай берекелі істердің барлығы – ел игілігі үшін істеліп отырған шаралар. Елбасының халқына деген қамқорлығын, қолдауын осындай нақты қадамдардан көріп, көңілің толғанда қалайша қуанбайсың?!
Жақында ел өмірінде тағы бір маңызды оқиға орын алғаны көпке мәлім. Елбасы бесінші шақырылымдағы Парламент Мәжілісінің өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы Жарлыққа қол қойып, кезектен тыс сайлау өткізуді 2016 жылдың 20 наурызына белгіледі. Бұл – уақыттың талабынан, халықтың қолдауынан туындаған оңтайлы шешім. Әрине, Мәжілістің бұрынғы құрамы өз міндеттерін абыроймен атқарды. Яғни, бүгінде қоғамда үлкен маңызға ие болып отырған Бес институттық реформаға қажетті алғышарттарды жүзеге асырды. Енді бұл жоспарлы істі жалғастыру керек. Осындай тарихи кезеңде елді тығырықтан алып шығуға сүбелі үлес қосатын, білімді, білікті жаңа мақсаттағы мәжілісмендер қажет. Елбасы: “Біздің мақсатымыз – елі бақытты, жері гүлденген қасиетті Отанымыз – Қазақстанды “Мәңгілік Ел” ету! Әлемдегі ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылып, бай да қуатты елдермен иық түйістіру. Біз бұл мақсатымызға міндетті түрде жетеміз”, – деп Жолдауда атап көрсетті. Сәт сайын құбылған мына заманда жұмылып жұмыс істесек, алға қойған межелерге қол жеткізіп, жоспарларды орындауға барлық мүмкіндік бар. Тек, ынта мен жігер керек. Отанымыздың жарқын болашағы үшін барлығымыз бір адамдай жауаптымыз. “Қамданған қапы қалмайды” деп дуалы ауыз тегін айтпаған. Дағдарысты ойдағыдай еңсеру үшін толағай тапсырмаларды тиянақты жүзеге асыратын тың толқын керек. Ал оларды таңдау – халық еншісінде. Олай болса, елдігімізді, бірлігімізді танытып, сайлауға белсене қатыссақ, нұр үстіне нұр болады.
Айнагүл ҒАБДУЛЛИНА,
Ақсуат орта мектебінің ұстазы.
Тимирязев ауданы.