«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БОЛАШАҚҚА БАҒДАРЛАНҒАН ИГІ ІСТЕР

М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті республика бойынша он үздік жоғары оқу орнының қатарында. Оның өңірдегі білім, ғылым мен мәдениеттің орталығы ретінде қызмет етіп келе жатқанына 79 жыл. Осы уақыт аралығында 40 мыңнан астам жоғары білікті маман даярлады. Оларды даярлау жұмысы үш сатылы “бакалавриат – магистратура – РhD докторантура” жүйесі бойынша, Қазақстан Республикасының “Білім туралы” Заңына, Болон декларациясы және осы саладағы өзге де тиісті құжаттар негізінде жүзеге асады. Университет бакалавриаттың – 47, магистратураның – 23 және РhD докторантураның 4 мамандығы бойынша маман даярлайды.

Білім ордасының оқу үдерісінде заманауи технологияларды қолдану, тәжірибеден өткізу, әдістемелік нұсқаулар, оқу құралдары, тест тапсырмалары, оқулықтардың электронды жобалары тиімді пайдаланылады. Нәтижесінде дәстүрлі білім мен қашықтықтан оқытудың жаңа түрлері үйлесім тапқан университет моделі қалыптасуда. Оқу үдерісін ұйымдастыру мен бақылау білім порталы мен электронды ректоратты тиімді пайдалану арқылы жетілдіріліп, NKZU.Net корпоративті жүйесі негізінде қамтамасыз етіледі. NKR.Net аймақтық ақпараттық-білім жүйесі жобаланып, іске қосылды.

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев “Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам” бағдарламалық мақаласында еліміздегі әлеуметтік-экономикалық жаңғыртудың шешуші міндеттерін көрсетіп, Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы идеясын ұсынды. Елбасының осы идеяларын негізге ала отырып, бүгінгі уақыттағы “Мәңгілік Ел жастары – индустрияға!” мемлекеттік бағдарламасы өрендерге барынша қолдау көрсетуде. Бағдарламаның мақсаты – тұрғындары жиірек қоныстанған оңтүстік жастарын еліміздің солтүстік, батыс, шығыс өңірлерінде оқытып, болашақта жұмыс орындарымен қамтамасыз ету, бәсекеге қабілетті мықты мамандар даярлау, ауылдағы жастарға қолжетімді сапалы білім беру.

Аталмыш бағдарлама былтырғы жылы педагогикалық мамандықтар арасында жүргізілсе, биыл оның шеңбері инженерлік-техникалық, ауылшаруашылық және ветеринария бағыттары бойынша кеңейтілді. “Серпін – 2050” әлеуметтік жобасын жүзеге асыру үшін университетке 2014-2015 оқу жылында 10 педагогикалық мамандық бойынша 138 талапкерге грант бөлінсе, келесі оқу жылында 1 курсқа 11 педагогикалық және 6 техникалық мамандық бойынша 282 студент қабылданған болатын. 2016-2017 оқу жылында аталмыш бағдарлама негізінде 12 педагогикалық, 9 техникалық, 2 ауылшаруашылық мамандығы бойынша 214 студент білім алуда. Бүгінгі таңда біздің университетте Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Қызылорда, Алматы, Жамбыл облыстарынан барлығы – 614 студент оқиды.

Студенттердің қоғамдық өмірге белсене қатысуын қамтамасыз ету мақсатында серпіндіктер арасында “Көшбасшы – сардар-көшбасшы” сайлауы жүргізіліп, “Аламан” облыстық шығармашылық фестивалі ұйымдастырылды. Университет туралы жинақталған мәлімет “Серпін – 2050” ақпараттық сайтына енгізілді. Қазіргі таңда жастар арасында техникалық мамандықтарға сұраныс көп болғандықтан, қоғам техниканы жетілдіруді, сапасын арттыруды талап етеді. Қазақстанның “ЕХРО – 2017” дүниежүзілік көрмесін өткізу құқығына ие болуы елімізді әлем елдеріне танытудың жаңа кезеңі ғана емес, инновациялық дамудағы қуатты серпінге негіз болмақ.

Оқу орнының жоспарына сәйкес кәсіптік бағдар жұмыстары барлық мамандықтар бойынша талапкерлерге арналған www.nкzu.еdu (“Талапкерге” бөлімінде) ресми сайтында орналастырылған. Сол сияқты, қала және облыстың мектеп түлектерінің сынақ тестілеуден өтулеріне де бар мүмкіндік жасалған. Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізудің технологиясын түсіндіруде бұқаралық ақпарат құралдарын тарту жұмысы қабылдау комиссиясы тарапынан белсенді түрде жүзеге асты. Облыс көлемінде қазақ және орыс тілдерінде берілетін университеттің “Парасат” телевизиялық бағдарламасында оқу орны жайлы фильм, жарнамалық бейнероликтер түсіріліп, мамандықтар туралы ақпарат беретін парақшалар таратылды. Қызылорда, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстық білім беру басқармаларына университет өкілдерінің аталмыш өңірлердегі орта мектеп түлектерімен кездесулер өткізуіне жағдайлар жасалды.

2016 жылы бакалавриат бағдарламасының күндізгі оқу бөліміне қабылданған 1712 адамның білім беру гранты бойынша – 350-і, ақылы оқуға 1362-сі түсті. Соңғы үш жылда студенттер саны артып келеді. Биылғы жылы “Алтын белгі” иегерлерінің көбейгені көңілге қуаныш ұялатады. Үстіміздегі оқу жылында университетте 11 “Алтын белгі” иегері білім алуда. Олардың М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін таңдауларының өзі – білім ордасының сапалы жұмысына берілген баға. Еліміздің білім және ғылым министрлігінің 2016 жылдың 22 шілдедегі №467 бұйрығына сәйкес М. Қозыбаев атындағы СҚМУ-ға магистратураның білім беру бағдарламасы бойынша – 48 орын, докторантура мамандықтары бойынша 6 орын бөлінді.

Жалпы магистранттарды қабылдау 23 мамандық түрінен ғылыми, педагогикалық және салалық дайындық, докторанттарды қабылдау 4 мамандық түрінен ғылыми және педагогикалық дайындық бойынша жүзеге асты. Барлығы 117 адам қабылданды. Оның ішінде 111-і магистратураға (мемлекеттік тапсырыс бойынша – 47 адам (1-еуі – жолдама арқылы), ақылы түрде – 64 адам), докторантураға 6 адам (барлығы да мемлекеттік тапсырыс бойынша) қабылданды. Бұнда да өткен жылға қарағанда өсім байқалады.

Мемлекеттің шетел қазақтары диаспорасының өкілдерін қолдау бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында университетте екінші жыл қатарынан басқа елдерден келген тыңдаушылар үшін дайындық бөлімі жұмыс істейді. Осыған орай еліміздің азаматтары мен Қазақстан Республикасының азаматтығы жоқ қазақ ұлты өкілдерін, шетел азаматтарын оқыту үшін даярлық бөлімдері және тілдік дайындықтың деңгейін көтеру мақсатында “Foundation” факультеті қызметін бастады. Ағымдағы оқу жылында “Foundation” факультетінде білім беру гранты бойынша 40 орын тілдік дайындықтар және 100 орын шетелдік қазақ диаспорасының өкілдері үшін бөлінген.

Бүгінгі таңда жоғары оқу орындарының алдына көп тілді меңгерген білікті мамандарды даярлау міндеті қойылып отыр. Осыған орай көптілділік білім беруді дамытуды 2015-2020 жылдарға арналған “Тілдердің үштұғырлылығы” мәдени жобасы шеңберінде полимәдениетті ортаны қалыптастыру, тілдік курстар ұйымдастырып өткізу арқылы жүзеге асыру көзделіп отыр. Жоғары оқу орнында білім алушыларды үш тілде оқытудағы дайындық жұмыстары бакалавриаттың 7 мамандығы, соның ішінде “Білім” бағыты бойынша “Физика”, “Информатика”, “Химия”, “Биология” мамандықтары негізінде жүргізіледі. Көптілділік білім беру сапасын қамтамасыз ету мақсатында ішкі нормативті құжаттар құрастырылған.

2019 жылы республика мектептерінде білім беру үдерісіне үш тұғырлы саясатты енгізуді сәтті жүзеге асыру мақсатында болашақ мамандарды осы талапқа сай даярлау жұмыстарын университет ұжымы қарқынды атқаруда. Жыл сайын университетте профессорлық-оқытушылар құрамы мен студенттерге қосымша түрде қазақ және ағылшын тілдерін игерту мақсатында ақысыз курстар ұйымдастырылады. Қазақстан Республикасы экономикасының дамуы үшін университет ұжымы өз жұмысында білімі мен кәсіби шеберлігі жоғары білікті мамандарды даярлауды мақсат еткен. Ол жұмыс әлемдік білім беру кеңістігіне біріктірілуге себептес болатын әлеуметтік-бағдарланған ортаның бірыңғай инновациялық, ақпараттық-аналитикалық дамуына бағытталған. Сондай-ақ, 2014 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасы ашылды. Ол көпконфессиялы келісім мәселелерін және университеттегі оқу, ғылыми-зерттеу және тәрбие үдерісі қызметін әдістемелік тұрғыдан қамтамасыз етуді бақылайды.

Оқу үдерісінде студенттердің теориялық және тәжірибелік даярлығы маңызды рөл атқарады. Тәжірибелік-бағдарлық көзқарасты жүзеге асыру аясында университетте дуалды оқыту ұстанымдары іске асырылуда. Мамандықтардың оқу жоспарларында кәсіби бағытта берілген тәжірибелер мен пәндер саны көбейтілді. Дуалды білім беру жүйесі барысында студент нақты кәсіпорында тәжірибеден өтеді. Білім берудің аталмыш түрін жүзеге асыру мақсатында студенттерге сабақты тікелей мектепте жүргізуге мүмкіндік беретін 4 кафедра бөлімі бар. Мәселен, “Дарын” мектеп-лицейінде “Бастауыш білім берудің педагогикасы мен әдістемесі” мамандығы бойынша “Мектепке дейінгі білім берудің теориясы мен әдістемесі” кафедрасының бөлімі қызмет етеді. Үстіміздегі жылы осындай 18, соның ішінде “Білім беру” бағытындағы мамандықтар бойынша 11 кафедра бөлімін ашу жоспарлануда.

Техникалық мамандықтар бойынша дуалды білім беруді жүзеге асыру мақсатында М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті, облыстық кәсіпкерлер палатасы және “СЕВКАЗЭНЕРГО” АҚ арасында үш жақты келісімшарт жасалды. Ол өндірістік тәжірибеден өткен студенттерге берілетін төлемақыны, жазғы демалыс кезінде және одан әрі жұмыспен қамтуды қарастырады.

Бүгінгі таңда әлемдік стандартқа сай білім беруді жүзеге асырудың негізгі бағыттарының бірі – оқытудың кредиттік технологиясы университетіміздің оқу үдерісіне түпкілікті енгізілді. Ол өзінің жемісін беріп, әлемдік 500 үздік жоғары оқу орнының қатарынан танылдық. Бұл – профессорлық-оқытушылар құрамының талмай ізденуінің, қажырлы еңбегінің нәтижесі. Оқу ордасындағы білім беру қызметінің сапасы ұлттық және халықаралық рейтинг нәтижелері негізінде айқындалуда. Өткен жылдың соңында университет мемлекеттік аттестаттаудан сәтті өтті. Студенттер 95,84 пайыз білім деңгейін көрсетті. Сондай-ақ, оқу орны “ASIIN” неміс агенттігінде 8 білім беру бағдарламасы бойынша халықаралық аккредиттеуден өтті. Аккредиттеу “EUR-ACE®”, “Euro-Inf” сапа белгілерін иеленуге мүмкіндік береді. Бұл белгілер бағдарламалардың жалпы еуропалық талаптарға сәйкестігін растайды. Жалпы аккредиттеу мен рейтінгілеудің тәуелсіз агенттігінің шешімі бойынша университет 2019 жылға дейін институционалды аккредиттеуге ие болды.

1-курсқа қабылданған талапкерлерге оқу ақысы бойынша жеңілдіктер ұсынылады. 2015-2016 оқу жылында университеттің үш студенті “Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің қоры” ҚҚ-ның студенттік шәкіртақысына ие болды. 1 қаңтардан бастап аталмыш шәкіртақыны 10 студент алады. Оқуға ынталандыру мақсатында 2016-2017 оқу жылында білім алушыларға университет тарапынан 9 грант ұсынылды. Олардың үшеуі – академик Манаш Қозыбаев атындағы және алтауы М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті ректорының гранты. 2015-2016 оқу жылындағы қысқы сессияның қорытындысы бойынша ақылы негізде білім алушыларға Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігінің бұйрығы бойынша 15 грант берілді, ал жазғы сессияда оған 56 студент ие болды.

Жоғары оқу орнының ғылыми әлеуеті күшейіп, профессорлық-оқытушылар құрамы нығайып, материалдық-техникалық базасының қорлануы – болашақ мамандардың сапалы білім алуының кепілі. Тәуелсіз еліміз өркениетке бет бұрып, болашаққа нық қадам басып келе жатқан шақта мамандарды талапқа сай оқытып-тәрбиелеу – міндетіміз. Біз түлектің жауапкершілігі жоғары мәдени тұлғасын қалыптастыруда ортақ мүдде-мақсаттарымызды нық сеніммен жүзеге асыратын боламыз.

Айнагүл МҰХАМЕДЖАНОВА,

М.Қозыбаев атындағы

Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің проректоры.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp