Өткен аптаның аяғында Орталық коммуникациялар қызметінде Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ерік Сұлтанов брифинг өткізді. Ол Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол” Жолдауында жүктелген міндеттердің орындалуы мен мемлекеттік және салалық бағдарламалардың жүзеге асырылу барысы туралы әңгімеледі.
Мемлекет басшысының “Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол” атты Жолдауында берілген тапсырмаларды орындау бойынша Солтүстік Қазақстанда ауқымды жұмыстар жоспарланғанын айтқан аймақ басшысы облыстың түрлі салада қол жеткізген табыстарына тоқталып, сан алуан өнім өндірудегі көрсеткіштерін жіпке тізді. Сөйтіп, үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламаның келесі бесжылдығында жүзеге асырылатын жобаларға тоқталды. “Екінші бесжылдыққа біз ауқымды мақсаттарды алға қойып отырмыз. Индустрияландыру картасына 100 млрд. теңгеден астам қаржыға 70-тен артық жобаны енгізбекпіз. Бұл бірінші бесжылдыққа қарағанда 2,5 есеге, ал инвестиция көлемі жөнінен 3 есеге артық. Бүгінге дейін 35 жоба мақұлданған. Бұйыртса, олардың үштен бір бөлігі алдағы жылы іске қосылады. Бірінші бесжылдық Индустрияландыру картасына 31 жоба енген еді. Қазір олардың 29-ы жүзеге асырылып болды”, – деді Ерік Сұлтанов.
Облыс әкімі ауыл шаруашылығындағы жетістіктері жөнінде де айтып өтті. “Бүгінде мал шаруашылығын дамыту бойынша нақты міндеттерді алдымызға қойып отырмыз. Нақты айтқанда, осы салада жұмыс істейтін тұрғындарды жыл бойы жұмыспен қамтуға, сондай-ақ, өңіріміздің экспорттық әлеуетін өсіруге мүмкіндік бар. Президенттің тапсырмасын орындау мақсатында биылғы жылы шаруашылықтар 18 мыңнан аса қара малдың аналығын сатып алды. Нәтижесінде, мал басының саны 4,6 пайызға артты. Сондай-ақ, биыл 2,8 мың басқа 5 бордақылау алаңы құрылды. Мұнымен бірге, өңірде ұсақ мал басының саны – 14, жылқы – 7, құс 9 пайызға көбейді. Мал шаруашылығы саласында, тек шикізат өндірісінде ғана емес, қайта өңдеуде де үлкен перспективалар бар. Алдын ала болжамға қарасақ, жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 280 млрд. теңгені құрайды.
Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев биылғы жылы облысымызға жасаған сапарында өңдеу өндірісінің көлемін арттыру міндетін қойды. Бүгінгі таңда ет пен сүтті қайта өңдейтін кәсіпорындар өнімдерімен облысымызды толықтай қамтамасыз етіп қана қоймай, оның біраз бөлігін республикамыздың басқа да аймақтарына және көрші Ресей Федерациясына да жөнелтіп жатырмыз”, – деді өңір басшысы.
Соңғы уақыттағы түрлі қиындықтарға қарамай, облыс импортты төмендетіп, экспортты ұлғайтып келеді екен. “Биылғы 9 айда сыртқы сауда айналымы 549,9 млн. АҚШ долларын құрады. Экспорт деңгейі артты. Сонымен бірге, импорт 50 пайызға азайды. Осы кезде әлемнің 70-тен астам елімен сауда байланыстарын нығайттық. Әйтсе де, өңірдің негізгі сауда әріптесі Кеден одағы елдері екені белгілі. Нақты көрсетер болсақ, сауда айналымының ең үлкен үлесі, яғни 60 пайызы Ресейге тиесілі. Біз онда дәстүрлі түрде азық-түлік өнімдерін, астық пен ұнды, сондай-ақ, металл бұйымдарын, электрді ажырататын жабдықтарды және құрылыс материалдарын экспорттаймыз”, – деді облыс әкімі.
Брифинг барысында аймаққа тартылған инвестиция көлемі де әңгіме арқауына айналды. Жылдың өткен 10 айында облыстың негізгі капиталына 88,8 млрд. теңге инвестиция салыныпты. Бүгінде 12 елден 18 делегациямен келіссөздер жүргізілген. Осы орайда ресми өкілдермен және жеке компаниялармен тиісті меморандумдарға қол қойылған. Өткен айда Петропавл қаласында болған Халықаралық инвестициялық форум барысында өңірге инвесторлардың жоғары қызығушылығы байқалған. 15 елден келген 300-ге тарта делегат шақыруды қабыл алған екен. Олардың қатарында Австралия, Испания, Финляндия, Қытай, Ауғанстан, Польша, Германия, Бельгия, Израиль, Румыния, Сингапур, Ресей, Украина, Иордания және Жапония елдері бар. “Форум барысында жалпы сомасы 50 млрд. теңгеге 70-тен астам келісімдер мен меморандумдарға қол қойылды. Осы келіссөздердің нақты нәтижесін алдағы жылы көреміз деген сенімдемін”, – деді Ерік Хамзаұлы.
Аймақ басшысы өңірдегі күрделі мәселенің бірі ретінде коммуналдық шаруашылықты айтты. “Облысымыздағы түйткілді мәселелердің бірі – коммуналдық желілердің қатты тозуы болып тұр. Тозығы жеткен жылу желілерінің көрсеткіші тым жоғары. Мәселен, қазіргі уақытта мынадай деректерді алға тартуға болады. Петропавл қаласындағы 90 шақырым магистральдық желілердің 88 пайызы тозған. Бұған, әрине, жол беруге болмайды. Бұл саладағы компаниялар жылу желілерін жаңғыртуда. Үстіміздегі жылы қаланың 15 шақырым жылу желісі қайта жөндеуден өткізілді. Атап айтқанда, Еуропалық қайта құру және даму банкінен қаржы тарту арқылы “ЦЭГ” компаниясы Петропавлдың жылу желілерін жөндеу үшін 2,4 млрд. теңгенің келісіміне қол жеткізді”, – деді облыс әкімі.
Биыл өңірде 81 мың шаршы метрден астам тұрғын үй тапсырылыпты. “Тұрғын үй мәселесі Президентіміздің жаңа Жолдауында ерекше орын алған. 180 млрд. теңге осы салаға қосымша бөлінуі халық үшін үлкен қолдау болады. Облысымызда үстіміздегі жылы 81 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін 5 көпқабатты үйді тапсырамыз. Десем де, қазіргі кезде баспана салу барысы кезекте тұрған халықты қамтамасыз ету үшін аздық етеді. Сондықтан біз баспана салу жоспарын қайта қарастыратын боламыз”, – деп сөзін жалғаған өңір басшысы облыстағы жол шаруашылығына ойысты. Биыл автокөлік жолдарына 6 млрд. теңге жұмсалып, жергілікті маңызы бар 290 шақырым жол жөнделген. Мұнымен бірге, “Астана-Петропавл”, “Жезқазған-Петропавл” республикалық маңызы бар жолдардың қиылысында жаңа жолайрық салынған. “Өкініштісі, бүгінде облыстағы жолдардың жартысынан астамы қанағаттанарлық жағдайда емес. Мәселені шешу үшін алдағы жылы бюджет есебінен қаржыландыруды айтарлықтай арттырып, 700 шақырымға жуық жолға жөндеу жүргізуді жоспарлап отырмыз. Бес жылдың ішінде проблемалық жолдар бойынша мәселелер толық шешімін табады. Ал облыс орталығы жөнінде айтар болсам, Петропавлда 47 шақырым жол жоқ. Бұлар – қала маңындағы, бірқабатты құрылыстар ауданындағы жолдар. Осы жағдай үлкен мәселелер туындатуда. Ол жолдарда жаңбырдан кейін аяқ алып жүру мүмкін емес. Биылғы жылы 10 шақырым жолды қалпына келтірдік. Қалған 37 шақырымды келесі жол жөндеу маусымында қолға аламыз. Қала ішіндегі жолдарға қатысты айтар болсам, олардың барлығы да жөндеу жұмыстарын қажетсінеді. Көпшілігіңіз естігендей, 2016 жылы Қазақстан-Ресей өңіраралық форумы бізде өтеді деп жоспарлануда. Осы форум аясында барлық жолдарды жөндейміз. Петропавл қаласындағы барлық жолдардың сапасы Астана жолдарынан кем болмайды”, – деді облыс әкімі.
Қазіргі кезеңде елімізде білім беру мен кадрлардың біліктілігін арттыру ісіне көп мән беріліп отыр. Себебі, жаңа ашылып жатқан өндіріс орындарындағы заманауи техника мен технологияны жетік меңгеру ләзім. Аймақта бұл тұрғыда да игі жұмыстар атқарылу үстінде. “Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын табысты жүзеге асыру үшін білікті кадрлар керек екенін түсінеміз. Сондықтан да өңірде дуалды білім беру жүйесін дамытуға айрықша екпін беріп отырмыз. Осы кезде 44 кәсіпорын колледж студенттерін тәжірибеден өткізу мен оларды бұдан әрі қарай жұмысқа орналастыру үшін өздерінің базаларын ұсынуда. Дәл қазір 2200 студент осы бағдарламаға қатысып жатыр. Бұл көрсеткіш өткен жылға қарағанда екі есеге артық. Ал келесі жылдың соңына қарай апатты мектептер мәселесін толық шешуді жоспарлап отырмыз. Ол үшін 90 және 300 орынға арналған екі орта мектептің құрылысы жүріп жатыр. Сол сияқты, балабақшаға қатысты да түйткілді мәселелер бар. Облыс орталығында балабақшаға деген қажеттілік жоғары деңгейде. Биыл тағы 400 орынды қамтимыз. Алдағы жылы бюджет қаржысы есебінен 320 орындық балабақшаның құрылысы жоспарланған. Тағы 1000 орын мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында тапсырылмақ. Бұған қосарым, 2017 жылға қарай 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі біліммен 100 пайыз қамтуды жоспарлап отырмыз”, – деп қорытындылады сөзін Ерік Сұлтанов.
Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ,
журналист.
