Ата-бабаларымыздың ғасырлар бойғы арманы жүзеге асып, тәуелсіз мемлекет атандық. Ұлттық-мәдени құндылықтарымыз, тіліміз бен діліміз оралып, тарихи шындықтармен табыстық. Барша қазақстандықтардың мақтанышына айналған жаңа елордамыз – Астана бой көтерді. Тәуелсіздіктің арқасында Қазақстанды әлем таныды. Тәуелсіздікке жету жолы қаншалықты ауыр болса, оның баяндылығы да соншалықты жауапты екені анық. Мен өзім елімнің бір бөлшегі болғандықтан, тәуелсіздіктің нәтижесінде қол жеткізген барлық жетістіктерімізді мақтан етемін.
Еліміз тәуелсіздігін алғаннан бері білім саласында ауыз толтырып айтарлықтай жаңалықтар көп. Жаңадан білім беру нысандары салынды. Мектептер мен балабақшалар көбейді. Әсіресе, қазақ мектептерінің саны артты. Солардың бірі – Петропавл қаласында 1996 жылы ашылған №6 орта мектеп. Ол егемендік жылдары қазақ тілінде ашылған тұңғыш білім ошағы болды. Мектебімізге 2002 жылы жерлесіміз, ақын, қолбасшы Қожаберген жыраудың есімі берілгенінің өзі еліміздің тәуелсіздік алғандығының жемісі емес пе?!
Өзім сол мектеп құрылған сәттен бастап ұстаздық етіп келе жатқандықтан, білім ошағының кешегісі мен бүгіні көз алдымда. Бірінші жылы 300 бала қабылданған алтын ұя мектептен содан бері қаншама түлек қанат қағып, еліміздің түкпір-түкпірінде әртүрлі салаларда еңбек етіп жүр. Бүгінгі күні мектепте 610 оқушы білім алуда. Шәкірттеріміз – түрлі деңгейлердегі байқаулардың жеңімпаздары. Оған дәлел, өткен оқу жылында 407 оқушы әртүрлі байқауға қатысып, 223 жүлделі орынға ие болды.
“Ұстазына қарап шәкіртін таны” демей ме? Жас ұрпаққа қазіргі заман талабына сай жан-жақты білім беру үшін ұстаздың біліктілігі де жоғары болуы міндет. Мектептегі ұстаздардың барлығы жоғары білімді, оның 20-сы – жоғары, 17-сі – бірінші, 7-еуі – екінші санатты, 3-еуі – жас мамандар. Мұғалімдер де түрлі сайыстарға, зияткерлік іс-шараларға қатысып, өздерінің шеберліктерін шыңдап отырады.
Балаға сапалы білім беру үшін мектептің материалдық-техникалық жабдықтармен өз деңгейінде қамтылуы да маңызды. Бүгінде мектепте 18 оқу кабинеті (физика, биология кабинеттері жаңа үлгіде және 2 мультимедиалық кабинет) жұмыс істейді. Мәжіліс, дене шынықтыру залдары, асхана, кітапхана, екі шеберхана бар. Электронды оқыту жүйесі енгізілген. Оқу кабинеттері жиһаздармен, компьютер және моноблокпен жабдықталған. Сонымен қатар, WIFI ғаламтор нүктелері, интерактивті тақталар және мәжіліс залында жаңа үлгідегі подиум орнатылған. Осының барлығы тәуелсіздігіміздің арқасында жүзеге асырылып жатқан игі істер деп білемін.
Айымхан ТӘШЕТОВА,
Қожаберген жырау атындағы
№6 орта мектеп директорының
оқу ісі жөніндегі орынбасары.
								
								