Қазақстан Республикасы Президентінің “Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму” Жолдауында қазақстандықтардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтеруге ерекше басымдық берілді. Ал бұл Қазақстанның болашақта серпінді дамуына жағдай жасайды.
Елбасы өз Жолдауында мәселелерді рет-ретімен шешу арқылы ғана жақсы жетістіктерге қол жеткізе алатынымызды атап көрсетті. Біздің алдымызда тұрған басты міндет – Қазақстанды әлемдегі дамыған отыз елдің қатарына қосу.
Ерекше тоқтала кететін жайт – Жолдауда білім беру саласына көп көңіл бөлінді. Қазіргі таңда елімізде аталмыш саланың дамуына айтарлықтай басымдық берілуде. Оқу оқып, білім аламын деген адамға біздің елде ешқандай шектеу жоқ. Елбасының сарабдал саясатының арқасында шетелдерде оқып, білікті маман ретінде еліміздің дамуына өз үлесін қосып отырған жас мамандар да баршылық. Олар – біздің мақтанышымыз. Жалпы, қандай саланы алып қарасақ та, барлығына қолдау бар. Бүгінде экономикалық дағдарысқа қарамастан, халықты әлеуметтік қолдау шаралары жалғасын табуда. Биыл білім беру қызметкерлерінің жалақысы 29 пайызға өсті. Сонымен қатар, Елбасымыз 2016 жылдан бастап шәкіртақыны 25 пайызға жоғарылатуды Үкіметке тапсырған болатын. Мемлекет тарапынан көрсетілетін осындай қолдаулар студенттердің білім алуға ынтасын арттырып қоймай, олардың білікті маман болып қалыптасуларына да оң әсер ететіні сөзсіз.
Мемлекет басшысы жүктеген тапсырмалардың орындалуына біз де өз үлесімізді қосуға тиіспіз. Барша қазақ елінің мүддесі үшін барымыз бен жанымызды сала жұмыс істеуіміз керек. Осы орайда біздің ауданда да бірқатар ауқымды шаралар атқарылып жатқанын тілге тиек еткім келеді. Аудан орталығында үш ауысымда оқытуды жою мақсатында 300 орындық мектеп құрылысы жүргізілуде. Ал 2017 жылдан бастап “Баршаға арналған тегін кәсіби-техникалық білім” бағдарламасы жүзеге асырылатын болады. Осы жоба арқылы жұмыссыздық мәселесі шешіледі деген сенімдеміз.
Жолдау Қазақстанның дамыған елдермен иық түйістіруіне жол ашатын маңызды стратегиялық құжат болып саналады. Ал бұл құжатта білім беру саласы ерекше рөл атқарады. Өйткені, білікті мамандарсыз мемлекеттің жоғары деңгейде дамуы мүмкін емес.
Алда бізді жаңа саяси науқан күтіп тұр. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің кезектен тыс және барлық деңгейдегі мәслихаттардың сайлауында өз таңдауымызды жасап, еліміздің ертеңі үшін дауыс береміз. Қазақстан тәуелсіздік алған жылдар аралығында көптеген жетістіктерге қол жеткізіп, өзгелерге үлгі болды. Сондықтан әрбір қазақстандық мемлекеттің дамуына қатысып, өзінің жарқын болашағына сеніммен қарауы тиіс.
Еркін ОРАЗОВ,
Тайынша аудандық білім бөлімінің басшысы.