Облыс әкімі Ерік Сұлтанов Мамлютка қаласындағы мектептің құрылысына зер салды.
Аудан орталығының Жұмысшы кентінде мектеп жасындағы 400-ге жуық бала тұрады. Ал мұндағы екі жүз орындық мектеп апаттық жағдайда. Сол себепті 300 орынға шақталған білім беру нысанын салу өткір қажеттіліктен туындап отыр.
Мердігер ұйым – “Пилон” құрылыс компаниясы” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Оксана Грибанованың айтуынша, құрылыс материалдары мен жұмысшылар тапшы емес. Бүгінде нысанның басында жүзге тарта адам мектеп қабырғаларын қалау, еденді құю, сылақ жұмыстарын атқаруда.
Құрылыс жұмыстарымен таныса келе, жаңа оқу жылын жайлы мектепте бастау керектігін айтқан өңір басшысы жұмыс қарқынын үдетуді тапсырды.
Бірінші қыркүйекте Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Буденное ауылында да жаңа мектеп пайдалануға берілмек. Сонымен қатар, биылғы жылы “Нұрлы жол” бағдарламасы аясында өңірімізде Ғабит Мүсірепов атындағы және Тайынша аудандарының орталықтарында мектептердің құрылысы басталды.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.