Дана халқымыз “Жаздың қамын қыс ойла” деп бекер айтпаса керек. Ұлағатты ұғымның астарына терең бойлап, ертеңіне ұмтылыспен қарайтын жандар алдағы мақсатын айқындап, оған жетудің тиімді жолдарын қарастырады. Көздеген ойға жету бірінші кезекте қаржыны талап етеді. Қаржы көзі қолдағыны қажеттілікке үнемдеп жұмсаудан, байыппен жинаудан басталатыны анық.
Бүгінде елімізде келешекте жоғары білім алу үшін ақшаны үйдегі сандыққа немесе банктегі депозитке салып қана қоймай, оны арнаулы депозитте сақтап, көбейтуге бірегей мүмкіндік бар. Мұндай салымдар банктің сыйақысымен қоса мемлекет сыйақысымен көтермеленіп тұрады.
2013 жылдың маусым айында елімізде білім алудың қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатындағы тұрғындарға қолдау көрсетудің жаңа бағдарламасы – мемлекеттік білім беруді жинақтау жүйесі іске қосылды. Аталмыш жүйе елімізде ғана емес, сондай-ақ, шетелде білім алу үшін қаражат жинақтауға мүмкіндік береді.
Жүйе іске қосылған бірінші жылдың қорытындысы жастардың үлкен қызығушылығы барын көрсетті. Осылай деуімізге бүгінде 11 мыңға жуық салымшылардың саны негіз бола алады. Олардың қатарында солтүстікқазақстандық өрендер де аз емес. Өмірдің бір саласын меңгеріп, мамандық алуда мүмкіндігі болмай, содан кейін еліміздегі жұмыссыз жастардың қатарын көбейтіп жүрген өрендер болашақтың бүгіннен басталатынын сезінсе, игі.
Шариман РИАД,
“Қаржы орталығы” акционерлік қоғамының вице-президенті.
Астана қаласы.