Биыл еліміздің егемендігінің ширек ғасырлық тойы және облысымыздың 80 жылдығы аталып өтілетін мерейлі жыл. Осыған орай облысымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына өңірдің ең шалғай ауданында жатсақ та өзіндік қосқан азды-көпті үлесіміз жайлы айтуды жөн санадым.
Уәлиханов ауданындағы ауыл шаруашылығы колледжінің іргетасы 1959 жылы 16 желтоқсанда “Степное” кеңшарында селолық кәсіптік-техникалық училище болып құрылған. Кейінірек заман ағымына сай бірнеше рет атауы мен мәртебесі ауысты. Ол 2012 жылдың тамыз айынан Уәлиханов ауыл шаруашылығы колледжі ретінде жұмыс істеп тұр.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Қазақстан – 2050” Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты” атты Жолдауында: “Кәсіби-техникалық және жоғары білім ең бірінші кезекте ұлттық экономиканың мамандарға деген қазіргі және келешектегі сұранысын барынша өтеуге бағдар ұстауы керек. Көп жағынан бұл халықты еңбекпен қамту мәселесін шешіп береді”, – деген болатын. Осы орайда біздің колледж ауыл шаруашылығының барлық саласын қамтитын фермерлік шаруашылық, аспаз, тракторшы-машинист, көлік жүргізуші, дәнекерлеуші, электр-газбен дәнекерлеуші, ветеринария, ветеринар-санитар мамандар даярлайды.
Жыл сайын түлектеріміздің 75-80 пайызы жұмысқа орналасады. Кәсіби дайындық сапасын арттыру мақсатында “Қызылту-Нан”, “Қызылту-Транс”, “Дем”, “Ар” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерімен, “Узбай” шаруа қожалығымен келісім жасалған. Әсіресе, “Қызылту-Нан” кәсіпорнымен тығыз байланыстамыз. Студенттеріміз осы агрофирма базасында өндірістік тәжірибеден өтеді. Аталмыш кәсіпорын оқушылардың кәсіби даярлық деңгейін бағалауға қатысады.
Кәсіптік-техникалық білім беру саласын дамытуда дуалдық оқыту технологияларын енгізу ерекше маңызға ие. Дуалдық жүйе – маман даярлауда өндіріс, білім алушы және мемлекеттің мүдделерін біріктіруге бағытталған кәсіптік білім берудің түрі. Бұл өндіріс орны үшін экономикалық жағынан тиімді. Маманды қайта даярлауға, жұмыс орнына бейімдеуге уақыт кетпейді. Білім алушы жастар үшін өмірде өз орнын ерте табуға мүмкіндік туады. Колледжде “Дәнекерлеу ісі” мамандығы бойынша дуалдық оқыту жүйесі енгізілген. Осы бағытта ауданымыздағы беделді ірі кәсіпорындар “Агрофирма Қызылту-Нан”, “Қызылту-Транс” ЖШС-лері әлеуметтік серіктестіктер ретінде бірігіп жұмыс жасауда. Кәсіпкерлер палатасы, “Агрофирма Қызылту-Нан” ЖШС және колледж арасында үш жақты келісімшарт жасалған.
Кәсіптік дағдыларын бекіту, жекелей технологиялық әдістерді орындау мақсатында кәсіпорын өндірістік тәжірибенің бекітілген жоспары мен бағдарламасына сәйкес жұмыс орындарымен қамтамасыз етті. Студенттердің толық жұмыс істеуіне мүмкіндік жасалды. Әлеуметтік серіктестер кәсіпорында дуалдық оқыту жүйесіне арналған арнайы оқу кабинеттерін жабдықтап, шеберхана әзірледі, студенттерге тәлімгерлер бекітті.
Дуалдық оқыту жүйесін енгізу жоспарына сәйкес кәсіпкерлер палатасы бизнес саласының өкілдерімен “дөңгелек үстелдер”, кездесулер өткізіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп тұрады.
Бүгінгі таңда мемлекеттің ең маңызды саласы ретінде ауыл шаруашылығын дамыту ерекше назарда. Осыған орай ауылдық жерлерде көптеген өзгерістер байқалады. Экономикаға жаңашыл мамандар қажет. 2016 жылдың қаңтар айында “Ветеринария – ветеринарлық санитар” мамандығы бойынша білім беру қызметіне лицензия алынуы соның дәлелі. Жаңа оқу жылында осы мамандық бойынша да дуалдық оқыту жүйесі енгізілмек.
Колледжімізде қайта жаңартылған асхана, спорт залы, күрес залы, жатақхана орналасқан. Сондай-ақ, аудандық кәсіби бағдар беру кабинеті де бар. Аудан оқушыларын техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіне тарту үшін аудандық білім бөлімі әртүрлі кездесулер, “Ашық есік күндерін”, семинарлар өткізеді.
Болашақтың тірегі – жастардың толыққанды білім алуына қазіргі күні барлық жағдай жасалып отыр. Колледжіміздің материалдық-техникалық базасын нығайтуға 2013 жылы республикалық бюджеттен 25 млн. теңге қаражат бөлінді. Оған “Енисей” комбайны, “Беларусь” тракторы, мультимедиалық кабинет, автожаттығу құрылғысы, дәнекерлеу ісінің оқыту құрылғысы және тағы басқа да қажетті жабдықтар алынды. 2014-2015 оқу жылында тағы да 50 млн. теңгеге жеңіл, жүк, ассенизатор автомобильдері, “Соболь” шағын автобусы, асханаға қажет құрал-жабдықтар, дәнекерлеу агрегаттары, физика, химия, алғашқы әскери дайындық кабинеттері, оқу кабинеттеріне жиһаздар, арнайы пәндер, жолда жүру ережесі кабинеттеріне құрал-жабдықтар, сондай-ақ, автокөліктердің пластикалық макеттері, ауылшаруашылық машиналарының оқу-жаттығу көрнекі құралдары алынды.
Сонымен қатар, колледждің оқытушылары облыстық, республикалық деңгейдегі семинарлар, конференцияларда өздерінің іс-тәжірибелерімен әрдайым бөлісіп отырады. Колледж директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Қ.Сыздықова “ХХІ ғасырдың білікті бәсекеге қабілетті адами капиталы” тақырыбында өткен республикалық ғылыми-тәжірибелік интернет конференцияға қатысып, сертификатқа ие болды. 2016 жылдың 9 маусымында директордың оқу-өндірістік жұмысы жөніндегі орынбасары Г.Маштиева Оңтүстік Қазақстан облысының Шымкент қаласында өткен республикалық ғылыми тәжірибелік конференцияда “Ауыл шаруашылығы саласында маман даярлау мүмкіндігін жетілдіру” тақырыбында тәжірибе бөлісті.
Колледжде кәсіби мамандарды даярлайтын 30 білікті педагог қызмет атқаруда, оның 8-і өндірістік оқыту шебері. Педагогтердің жиырма төрті жоғары білімді болса, қалғанының арнаулы орта білімі бар. Олардың барлығы – жоғары, бірінші және екінші санаттары бар оқытушылар. Педагогтердің ішінде білікті де білімді және барлық ғұмырын кәсіптік білім беруді дамытуға арнаған мамандар аз емес. Атап айтсақ, оқу-өндірістік шебері Евгений Тарасенко – еңбек жолын осы білім ордасында бастап, 37 жыл ұстаздық етіп, биыл зейнетке шықты. Сол секілді арнайы пән оқытушылары, ерлі-зайыпты Мереке мен Жәмила Сұлтанбековтер және оқу-өндіріс шебері Жұмажан Мұханов та – еңбек жолдарын кәсіптік білім беруге арнаған ұстаздар. Олардың еңбек жолы кейінгі ізбасарлары мен студенттерге үлгі.
Еліміздің егемендігі мен бейбітшілігін сақтауда жастардың бойында белсенді азаматтық ұстанымды, әлеуметтік жауапкершілікті, отансүйгіштік сезімді, жоғары адамгершілік және көшбасшылық қасиеттерді қалыптастырудың маңызы зор. Осы орайда, Уәлиханов ауыл шаруашылығы колледжінің оқытушылары өз саласында басты мақсатқа жеткізетін шаралар мен әдіс-тәсілдердің озығын барынша пайдаланып, тәжірибеге енгізуде.
Колледждегі студенттер мен жатақхана кеңестері жастар арасындағы тәрбие жұмыстарын ұйымдастыруда ерекше белсенді. Олар колледжішілік, аудандық, облыстық, республикалық іс-шараларға белсене араласып, өз жетістіктерін көрсетуде. “Қызылту құрамасы” жастар арасындағы жайдарман ойынында облыста ІІ орын иеленді. Командаға колледждің арнайы пәндер оқытушысы, жас маман Берхаир Каркошев жетекшілік етіп, қарамағындағы мүшелері сәтті өнер көрсетті. Нәтижесінде олар Астанадағы “Маусымашар – 2016″ жайдарман фестивалінде республикалық орталық лига ойындарына жолдама алды. Қазір біздің студенттер орталық лигадағы Тараз, Өскемен, Қостанай, Орал қалаларында өтетін жайдарман ойындарына қатыса алады.
“Тәрбие дәрменсіз болмауы үшін ол халықтық болуы тиіс”, дегендей, әрбір ұлттың өзіндік дәстүрін, салтын сақтап, сол рухта тәрбиелеуге баса назар аудару қажет. Сондықтан да жас ұрпақты Отанын сүюге, ол үшін аянбай қызмет етуге, елжандылық пен ерлікке тәрбиелеу – біздің басты міндетіміз болмақ.
“Өткен тарихымызға тағзым да, бүгінгі бақытымызға мақтаныш та, гүлденген келешекке сенім де “Мәңгілік Ел” деген құдіретті ұғымға сыйып тұр. Отанды сүю – бабалардан мирас болған ұлы мұраны қадірлеу, оны көздің қарашығындай сақтау, өз үлесіңді қосып, дамыту және кейінгі ұрпаққа аманат етіп, табыстау деген сөз. Барша қазақстандықтардың жұмысының түпкі мәні – осы!” – деп Елбасы айтып кеткендей, “Мәңгілік Ел” ұрпақтарын өз елінің патриоты, кәсіби маманы етіп шығару мақсатында аянбай еңбек етудеміз.
Медет САЙТКЕН,
Уәлиханов ауыл шаруашылығы
колледжі директорының
оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.