«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БОЛАШАҚ ФЕЛЬДШЕРЛЕРГЕ – ЕСІРТКІНІҢ ЗИЯНЫ ТУРАЛЫ

Облыстық полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі, полиция подполковнигі Жанар Байғазинаның Солтүстік Қазақстан жоғары медициналық колледжінің студенттерімен кездесуі барысында синтетикалық есірткі қолданудың салдары, есірткі қылмыстары үшін қарастырылған жауапкершілік пен адамның иммун тапшылығы вирусының таралуының алдын алу туралы сөз болды. Болашақ фельдшерлер «Тұздар мен спайстар. Құрдымға апарар жол» деректі фильмінен терең әсер алды. 2018 жылдың жазында солтүстікқазақстандық полицейлердің тапсырысы бойынша түсірілген бұл фильмді YouTube желісінде жарты миллионнан астам адам қараған. СПИД-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі облыстық орталығының әлеуметтанушысы Оксана Симухинаның хабарламасы иммундық тапшылық вирусының алдын алу тақырыбына арналды. Кездесу соңында қан құрамында ВИЧ-инфекцияның белгілерін анықтау үшін студенттерге экспресс-сынақтан өту ұсынылды.

Сонымен қатар студенттер Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне енгізілген өзгерістерден хабардар етілді. Интернет желісі арқылы синтетикалық препараттарды таратқандарға қатаң жауапкершілік қарастырылған. Үстіміздегі жылдың екі айы ішінде облыста есірткі заттарының заңсыз айналымына қатысты 39 қылмыс тіркелген. Бір килограмға жуық түрлі есірткі заңсыз айналымнан алынған. Соның ішінде 289 грамы – героин, 81 грамы – синтетикалық есірткі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp