
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамаларының арасында “Болашақ” халықаралық стипендиясының орны ерекше. 1993 жылдан бері 14 мыңға жуық қазақстандық шетелдердің үздік деген жоғары оқу орындарында білім алу мүмкіндігін иеленді. 10 мың түлек бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде қызмет етуде. “Болашақ” түлектерінің алды Елбасының ізін жалғап, елімізді дамыту жолында аянбай еңбек етіп жүр. Тұңғыш Президент берген мүмкіндікті қалт жібермегендердің бірі – облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығметовтен бірегей жобаның жемісі жайлы сұрап білдік.
– Ғани Сақтағанұлы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 1993 жылы “Болашақ” халықаралық шәкіртақысын тағайындауы жастар үшін қаншалықта маңызды болды?
– Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары өте қиын болғаны баршамызға мәлім. Зауыттар тоқтаған, экономика тұралаған, зейнетақы төлейтін ақша болмаған кезде Елбасы ел жастарын шетелге оқуға жіберу туралы шешім қабылдады. Көбі бұған сын көзбен қарады, бұл шешімді ақша шашу деп білді. Соған қарамастан, Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша жыл сайын 30 адамға шетелде оқып келу мүмкіндігі беріліп отырды. Бірақ сол аздаған түлектің өздері заман ағымына сай білім алып, елге оралып, Нұрсұлтан Назарбаевтың реформаларын жүзеге асыруға, іске жаратуға күштерін салды. Әсіресе, нарықтық экономиканы қолға алу, жекешелендіру сияқты жаңа экономикалық формацияны іске асыруға сол алғашқы түлектер белсене атсалысты. Сондықтан мемлекет басшысының бұл байламы дұрыс болғаны анық. Тәуелсіздігін енді ғана қолға алған еліміздің әрі қарай мемлекет болып қалыптасуында аталған қадам маңызды рөл атқарды. Бұған көзіміз жетуде.
– Басқа мемлекеттерде дәл осындай бағдарламалар бар ма?
– Сингапурлық бағдарламаны айтуға болады. Премьер-министрі Ли Куан Ю де мемлекет құрылған алғашқы күннен Ұлыбритания мен АҚШ-тың озық университеттеріне үздік деген жастарын жіберіп оқытты. Сингапурды мықты мемлекет қылған солар. Ал Орталық Азияда мұндай бағдарламаны бірінші болып қабылдаған Нұр-сұлтан Назарбаев еді. “British Council” деген ұйым әлемдегі 20 шақты мемлекетте жүзеге асырылған халықаралық білім беру бағдарламаларын зерттей келе, ішінен “Болашақ” бағдарламасын ерекше атап өтеді. Өйткені, біріншіден, бұл бағдарлама жастарға шетелдің үздік ЖОО-да толығымен тегін білім алуына мүмкіндік береді. Студенттер өз қаражатын жұмсамайды. Екіншіден, қайтып келіп, Отанымызға қызмет етеді. Мәселен, Сауд Арабиясы жыл сайын шетелдерге ең көп студент жіберетін ел болса да, 30 мың адамның көпшілігі сол мемлекеттерде қалып қойып жатыр. Оның үстіне келетіндеріне айтарлықтай талаптар қойылмайды. Сондықтан олардың өз мемлекеттеріне тигізіп жатқан пайдалары да аз.
– “Болашақ” бағдарламасы ел жастарына қандай мүмкіндіктер беруде?
– Әрине, бастапқыда бағдарламаға ілігіп кету, шетелге барып оқу санаулы жандарға ғана бұйырды. Ал 2000 жылдардан бастап “Болашақ” бағдарламасы аясындағы квота 3000 орынға дейін артты. Жастардың алдында сол уақыттарда керемет мүмкіншіліктер ашылды. Оқығысы келген, талапты қазақстандықтардың барлығы бағдарлама бойынша білім алды. Өзім “Халықаралық бағдарламалар” орталығында еңбек еткен жылдары, әсіресе, ауылдардан келген балалардың оқуға түскеніне куә болдым. Қазір де “Болашақ” шәкіртақысы қаражаты болмаса да, талпынысы бар жастарға берілетін бірегей мүмкіндік болып қалып отыр. Соны жастар мейлінше қолданғаны жөн.
– Өзіңіз бағдарлама аясында қайда білім алдыңыз?
– Еуразия ұлттық университетінде оқып жүрген кезімде-ақ “Болашақ” бағдарламасына түсуді армандайтынмын. Ол кезде интернеттің жоқтығынан шетелдік университеттердің сайттарына кітапханалардағы интернет орталықтарынан кіріп, олардың талаптарымен танысатынбыз. Сол уақыттан TOEFL-ді оқи бастадым. 2005 жылы Калифорния штатындағы Монтерей халықаралық қатынастар институтына оқуға қабылдандым да, шақыру қағазын алып, “Болашақ” бағдарламасымен мемлекет есебінен оқуға аттандым. Бұл менің бірінші рет шетелге шығуым еді. Небәрі 700 шақты студентті оқытатынына қарамастан, бұл білім ордасының деңгейі жоғары. Тілді үйрету жағынан да, халықаралық саясат жөнінен де, экономика бағыты бойынша да көш ілгері. Мемлекеттік басқару мамандығы бойынша екі жылда магистратураны оқып қана қоймай, БҰҰ-ның Нью-Йорк қаласындағы штаб пәтерінде алты айлық тағылымдамадан өттім. Бұл тәжірибенің маған бергені мол болды. Жоғары деңгейдегі шаралардың куәгері болдым. Осылайша, “Болашақ” өмірімді түбегейлі өзгертті.
– Шетелде алған біліміңізді туған жерде толыққанды іске жарата алдыңыз ба?
– Шетелден келген соң екі айдай жұмыс табу оңай болған жоқ. Президент әкімшілігінде қызмет еткім келгенімен, мемлекеттік қызметте екі жылдық тәжірибем болған жоқ. Бірақ сәті түсіп, Үкіметтің жанындағы “Сараптамалық орталыққа” қызметке орналастым. Кейін тағы бірқатар мемлекеттік мекемелерде, “Халықаралық бағдарламалар” орталығында да, өзім армандаған Президент әкімшілігінде де жұмыс істедім. Қазір қызметімді осы өлкеде жалғастырып жүрмін. Әлі де білімім мен білігімді барынша іске жаратып, еңбек еткім келеді.
Жастарға елімізге қайтып оралғанда барлық жағдай жасалады деп күтпеуге кеңес берер едім. Әрі қарай өздері жолдарын тауып, әрекет етулері тиіс. Тағы бір айтарым, бір оқу орнымен тоқтап қалуға болмайды. Өйткені, білімнің үш жыл сайын ескіріп отыратыны бар. Өзім осы уақытқа дейін 5 мәрте оқыппым. Екі магистратурадан бөлек, Гарвардта қысқамерзімдік курсты тамамдадым. Ол бәсекеге төтеп беру үшін қажет. Қазіргі басшылар өз қызметкерлерінен жаңа ойларды, жаңаша тәсілдерді талап етеді. Сұранысқа сәйкес келу үшін, өзгерістерге ілесіп жүру үшін үнемі озық білім керек.
– Өзіңіз сияқты шет мемлекеттерде білім алып келген жастардың көбі қазір қайда қызмет етіп жүр? Өңірлерге баратындар көп пе?
– “Болашақ” бағдарламасы бойынша оқыған солтүстікқазақстандықтар аз емес екенін білемін. Дегенмен, біразы қызмет жолын Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында жалғастыруда. Қазір облыстық, аудандық әкімдікте болашақтың бірнеше түлегі еңбек етіп жүр. Президенттің кадрлық резервіне алынған жастар да бар. Мұндай мамандардың көбірек болғаны дұрыс-ақ. Өйткені, олардың өзгеріске, жаңашылдыққа деген талпыныстары ерекше. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов та тың идеяларды құптап отырады. Жастар да, өз кезегінде, мемлекеттік қызмет жүйесін жаңартуға үлес қосып, мойындарына жауапкершілік алулары қажет.
– “Болашақтың” болашағы қандай болады деп ойлайсыз?
– Адами капиталға салынған қаржы – ең құнды инвестиция. Тұңғыш Президенттің бастамасын алдағы уақытта да жалғастыра беруіміз керек. Бірақ тиімділігін арттырған абзал. Талаптарын күшейтіп, шет мемлекеттерге тек оқығысы келетін, алдына мақсат қоя алатын жандарды жіберу қажет. Өзім орталықты басқарған 2013-2016 жылдардың аралығында 3000 шақты отандасымызды шетелдік оқуға жібердік. Түлектерді кездестіріп қалғанда, мемлекетімізге, Елбасына ризашылықтарын білдіріп, жылы лебіздерін айтып жатады. Олардың елімізге оралып, қандай да бір саланы алға ілгерілетуге үлес қосып жатқандары керемет емес пе? Болашақ түлектерінің алды – 500 шақтысы қазір тікелей билік басында отыр, еліміздің әрі қарай дамып, өркендеуі жолында еңбектенуде.
Сонымен қатар “Болашақ” біздің мемлекетіміздің шетелдегі халықаралық брендіне айналды деп айтар едім. Ол да Елбасының көрегендігін айқындайды.
“Болашақ” бағдарламасы – Елбасымыздан төл перзенті іспеттес. Нұрсұлтан Назарбаев “Болашақтың” негізін қалап қана қоймай, өзінің ізбасарларын даярлады. Аға буын өкілдерінің орнына алда осы болашақтықтар келеді. Жаңа буын қалыптасқан жүйені эволюциялық жолмен жаңартып, өзгертетін болады. Осы үшін тұңғыш Президентке алғысым шексіз.
– Сұхбатыңызға рақмет. Мерекеңіз құтты болсын!
Сұхбаттасқан
Гүлмира ШОҚТЫБАЕВА,
“Soltústik Qazaqstan”.